Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Бірақ нақты қандай күдікке ілінгенін айтпады.
“Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр” деп жазылған ҰҚК-ның Informburo сайтына берген ресми жауабында.
Сайттың жазуынша, бұған дейін бұрынғы әкімнің “Адам ұрлау” күдігіне ілінгені жөнінде ақпарат шыққан.
Дереккөздерге сүйенген журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасының жазуынша, жуырда Ақтауда Қайнарбаев таныстарының бірімен ілінісіп, бұрынғы әкімнің адамдары таныс адамды көлікте күштеп ұстаған. Ізінше жәбірленушіні қаланың сыртына қарай алып кетпек болған кезде жолда оларды жергілікті ҰҚК қызметкерлері ұстаған. Сол кезде Қайнарбаев та ұсталған деп айтылады. Әзірге, ақпарат ресми түрде расталмады.
Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылдың ақпаны мен 2026 жылдың қыркүйегі аралығында Жаңаөзен қаласына әкім болды. Одан кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалған.
Жаңаөзен — Маңғыстау облысындағы мұнай-газ өндірісіне тәуелді моноқала. 2025 жылғы қарашадағы ресми дерекке сәйкес, мұнда 154,8 мың адам тұрады. Қала экономикасында «Өзенмұнайгаз» негізгі орын алады, сондықтан мұнай өндіру көлемі, жұмыс орындары мен мұнай сервисі қызметкерлерінің еңбек жағдайы тұрғындар үшін маңызды мәселе.