13 ақпанда түнгі сағат 3-те Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев Бішкекке келгені хабарланды. Ол Манас халықаралық әуежайына ұшып келген.
Журналист Айбек Бибосынов Facebook-те жариялаған қысқа бейнежазбасында Ташиевті үш ер адам қарсы алғаны, жол талғамайтын көлікке мініп жатқаны көрінеді.
10 ақпанда президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті министрлер кабинеті төрағасының орынбасары және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметінен босатқан еді. Оның орынбасарлары да қызметінен кетті.
Германияның Мюнхен қаласында емделіп жатқан Ташиев 11 ақпанда Жапаровтың оны қызметтен босату туралы шешімі «күтпеген жайт» болғанын айтты.
Ташиевтің орнына Сырғақ Бердіқожоев тағайындалды.
Жапаровтың ұзақ уақыттан бергі саяси серіктесі болған Ташиевтің қызметтен босатылуы қоғамда қызу талқыланып, екі саясаткер арасындағы қарым-қатынастың салқындағаны жайлы әртүрлі пікір айтылды.
Осы аптаның басында президент сайлауының мерзіміне қатысты 75 адам қол қойған петиция таратылды.
57 жастағы Қамшыбек Ташиев 2020 жылдың қазан айындағы оқиғалардан кейін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды.