Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оның мәлімдемесін Facebook-та "Регион ТВ" телеарнасының басшысы Откурбек Рахманов жариялады.
«Бұл қылмыстық істе өзімді толық қорғауға мүмкіндігім бар және Құдай қаласа, барлық айыптаулар бойынша ақталып шығамын. Кінәлілер жазаланады, ал кінәсіздер ақталады. Себебі, мемлекет басшымыз елімізде әділ сот жүйесін құруға күш салды. Мысалы, өздерін «кемпірабадтықтар» деп атаған 25 адамнан тұратын топ та ақталды. Сондықтан баршаңыздан заңды бұзбауды өтінемін. Ешкімнің ешқандай жария немесе жеке іс-қимыл жасауының қажеті жоқ деп санаймын» деп жазылған мәлімдемеде.
Бұған дейін ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев, Жогорку кеңештің бұрынғы спикері Нұрлан Тұрғынбекұлы және парламенттің экс-депутаты, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев ішкі істер министрлігінде бірнеше сағат тергелгені хабарланған еді.
Бірқатар басылымдардың жазуынша, оларды нақты қандай іс бойынша тергегені белгісіз, алайда оны биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастама көтерген 75 адамның мәлімдемесімен байланыстырады.
Нұрлан Тұрғынбекұлының інісі Жырғалбек Шакиев Азаттықтың Қырғыз қызметіне бауырын тергеуге шақырғанын растады. Алайда нақты қандай іс бойынша шақырғанын білмейтінін жеткізді.
28 сәуірде адвокат Шердор Әбдіғапаров Facebook желісінде тергеу туралы видео жариялап, жоғарыда аталған үш саясаткер тергеліп қана қоймай, "билікті басып алу талпынысы" бойынша айыпталғанын да хабарлаған еді. Бірақ адвокат кейін видеосын өшіріп тастады.
27 сәуірде Kaktus.media басылымына берген сұхбатында президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевтің "75-тің хатына" қатысы бар-жоғын тергеу мен сот шешеді деп айтқан.
9 ақпанда 75 адамнан құралған топ – бұрынғы премьер-министрлер, парламенттің бұрынғы депутаттары, саясаткерлер мен қоғам белсенділері президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламенттің спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлына қайырылып, жақын арада президент сайлауын өткізуді ұсынған. Кейінірек кейбірі хаттың мазмұнымен таныспай жатып оған қол қойып жібергенін мәлімдеді.
ІІМ хатқа қол қойғандардың кейбірі ұсталды: арасында қоғам белсендісі Бекболат Талғарбеков, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмилбек Ұзакбаев, экс-депутат Құрманбек Диқанбаев бар.
10 ақпанда Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Кейінірек ол «75-тің хатын» алға тартып, парламентте жікшілдік пайда болғанын айтты. Осыдан кейін Нұрланбек Тұрғынбекұлы спикер қызметінен кетіп, хатқа қатысы жоқ екенін айтып, мандатын тапсырды.