Accessibility links

Оралда "күшті әсер ететін улы зат табылуына" байланысты төтенше жағдай жарияланбақ


Оралдағы парк. Көрнекі сурет
Оралдағы парк. Көрнекі сурет

Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында "күшті әсер ететін улы зат табылуына байланысты" техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілуі мұмкін. Бұл жөніндегі құжат жобасы 10 маусымда әзірленіп, электрондық үкімет сайтында жарияланған. Онда құжат жобасының "ашық талқылауға" шығарылғаны айтылған.

11 сәуірде чаттар мен парақшаларда қаладағы төтенше оқиға туралы хабар тарай бастады. Ел ішінде әңгіме көбейген соң облыстық төтенше жағдай департаменті жедел брифинг өткізді, бұл жиын Instagram-да тікелей эфирден көрсетілді. Орал қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы Амангелді Ешмұханов "улы зат" қалалық зират маңында бұдан біраз бұрын, 2 маусымда табылғанын айтты.

Оның айтуынша, бұл улы заттан халық денсаулығына қауіп жоқ.

Ешмұхановтың сөзіне сенсек, әу баста табылған зат сынап деген болжам болған, бірақ әлі күнге дейін оның нақты қандай зат екені анықталмаған. Кейін брифингтің тікелей эфирі үзіліп, оның жазбасы өшірілді. Бұған қоса, қолданушылар жазып алған брифингтің аудиожазбасы да жойылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мұндай жағдайда төтенше жағдай жариялау – "қалыпты процедура" екенін айтты. Мекемедегілер бұдан өзге комментарий беруден бас тартты.

Табылған "улы зат" туралы түсінік берген Орал қалалық әкімдігі "төтенше жағдай режимі әлі ресми түрде енгізілмегенін" хабарлады.

- Астанада бұл шешімге әлі қол қойылған жоқ, шамамен дүйсенбі-сейсенбіде (14-15 маусымда - Ред.) нақтыланады, - деді Орал қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан Азаттыққа.

Әкімдік таратқан пресс-релизге сенсек, қалалық зират аумағында "аса улы сынап болуы мүмкін" деген әлдебір заттың көмілгені анықталған. Ауаны тексеру кезінде адамның "өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ" деген тұжырым жасалған.

Әкімдік мәліметі бойынша, зиратта "резеңке контейнердегі салмағы 1 келідей болатын иесіз зат" көмілгені 2 маусымда анықталған. Болжам бойынша, контейнердегі зат аса улы металл – сынап болуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаменті зат табылған жерде химиялық тазалау жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары ауадағы сынап көлемін есептеген. "Зат табылған маңайдағы ауада [улы заттың] көлемі нормадан аспайды, демек азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ" делінген Орал қалалық әкімдігінің хабарламасында.

Уақытша сақтап, артынша жою мақсатында улы зат бар контейнер экология департаментіне тапсырылған.

Сынап – ауада, суда, топырақта кездеетін табиғи элемент. Оның аз ғана мөлшері денсаулыққа көп зиян тигізуі мүмкін, әсіресе ол құрсақтағы сәбиге, кішкене балаға өте қауіпті. Сынап жүйке, ас қорыту, иммун жүйелеріне, өкпе, бауыр, тері мен көзге зиян.

Қазақстан заңдары бойынша, техногендік сипаттағы төтенше жағдай – өнеркәсіптегі, транспорттағы және басқа да апат, өрт (жарылыс), улы заттардың, радиоактивті және биологиялық қауіпті заттардың таралуынан (таралу қаупінен) болған апат, ғимараттар мен құрылыстардың құлауы, бөгеттің бұзылуы, тіршілікті қамтамасыз ететін электр энергиясы және коммуникация жүйелеріндегі, тазалау құрылғыларындағы апат кесірінен болған оқыс оқиға.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG