Accessibility links

АҚШ мемхатшысы 6 елдегі геноцид пен жауыздықты атап өтті. Құжатта Шыңжаң мәселесі де бар


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Эли Визель заңы аясында жасалған баяндама сөйлеп тұр. Вашингтон, 12 шілде 2021 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Эли Визель заңы аясында жасалған баяндама сөйлеп тұр. Вашингтон, 12 шілде 2021 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Конгреске арналған баяндамасында Қытай, Мьянма, Эфиопия, Ирак, Сирия және Оңтүстік Судан елдеріндегі геноцид және жауыздық әрекеттерін атап өтіп, АҚШ-тың оған қарсы қандай шара қабылдап жатқаны туралы есеп берді.

"Биылғы баяндамада алғаш рет Мьянма, Эфиопия, Қытай және Сирия секілді жекелеген елдердегі жауыздық әрекеттерінің егжей-тегжейлі мәліметі беріліп отыр" деді Блинкен.

Мемлекеттік хатшы Вашингтонның осы елдердегі жағдайға ерешек назар аударып отырғанын айтты.

"[Байден] әкімшілігі адам құқықтарын дүние жүзі бойынша қорғайды және жауыздықтың алдын алуды ұлттық қауіпсіздік мүддесінің, моралдық жауапкершілігінің негізі санайды" дейді АҚШ мемлекеттік департаменті.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢ МҰСЫЛМАНДАРЫ

Халықаралық қауымдастық Қытайды Шыңжаң өлкесінде тұратын 1 миллионнан астам мұсылманды (көбі ұйғырлар мен қазақтар) саяси лагерьге қамады деп айыптайды. Пекин тағылған айыпты мойындамай, лагерьлерді "қайта даярлау орталықтары" деп атады, бағдарламаның терроризммен күрес аясында жүргізіліп отырғанын айтады.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қытай билігі көрсетіп отырған қысымға себепсіз қамау, азаптау, мәжбүрлі ұрықсыздандыру және өзге де қудалау амалдары кіреді дейді.

Экс-президент Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың бұл саясатын "геноцид" деп атаған.

Қазіргі президент Джо Байденнің әкімшілігі осы ұстанымды қуаттап, Канада және Ұлыбритания елдерімен бірге ортақ мәлімдеме жасады, Пекинге бағытталған санкцияларды күшейтті.

12 шілде күнгі баяндамада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарына қарсы саясатын тағы да "геноцид" деп атады.

Өткен аптада Еуропа парламенті қарар қабылдап, Еуроодақ мүшелерін 2022 жылғы Пекин олимпиадасын бойкоттауға шақырды. Қарар Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына жауап ретінде қабылданған.

Блинкен бұл баяндаманы Эли Визель заңы аясында жасады. 2019 жылы қабылданған бұл заң Холокост азабын көрген еврей жазушысының құрметіне аталған.

Заң ресми Вашингтоннан геноцид пен жауыздық орнаған не орнауы мүмкін елдер жайлы, АҚШ үкіметінің оған қарсы қадамдары туралы ақпарат беріп отыруды талап етеді. Осы заң қабылданғалы үшінші баяндама жасалып отыр.

ЭРИТРЕЯ, ЭФИОПИЯ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК СУДАН ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Құжатта Байден әкімшілігінің Эритрея, Эфиопия, Мьянма және Оңтүстік Судан елдеріне этникалық топтарды қырғаны үшін санкция салуы мүмкін екені айтылады.

Осылардың ішінде Мьянманың санкцияға іліну ықтималдығы жоғары. Биыл ақпанда Мьянмада төңкеріс болып, билікті әскерилер басып алған. Төңкеріс артында тұрғандар арасында 2016-2017 жылдары рохинжа мұсылмандарын қырып-жоюға жауапты деп танылғандар да бар.

Төңкерістен кейін АҚШ өз аумағында жүрген мьянмалықтардың ерекше мәртебесін 18 айға ұзартып, Мьянма режимін билікті демократиялық жолмен сайланған үкіметке қайтаруға, наразыларды қудалауды тоқтатуға шақырды.

Құжатта сондай-ақ Эфиопияның батысындағы Тыграй ауданында болған этникалық қырғын да аталады. АҚШ үкіметі бұл қырғынның жауапкершілігін Эритрея мен Эфиопия биліктеріне жүктеп отыр.

Баяндамада Оңтүстік Судандағы жағдайға назар аударылған. АҚШ үкіметі Оңтүстік Судан үкіметі адамдарды ұлтына қарай сот-тергеусіз өлтірді, жыныстық зорлыққа жол берді, азық-түлікті соғыс қаруы ретінде пайдаланды деп санайды.

АҚШ үкіметі конгреске арналған құжатында ДАИШ террор тобының содырларын Ирак пен Сириядағы этникалық топтарға бағытталған жауыздығы үшін жауапқа тарту талпыныстарын қолдайтынын мәлімдеді. Құжатта ресми АҚШ-тың Сирия президенті Башар Асад пен оның үкіметін осы зорлық-зомбылыққа жауап деп санайтыны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG