Accessibility links

Тиллерсонның сөзі Ресейдегі біраз жұртты сабасына түсірді


АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметінен үміткер Рекс Тиллерсон. Вашингтон, 11 қаңтар 2017 жыл.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметінен үміткер Рекс Тиллерсонның сенаттағы сөзінен Ресей саясаткерлері мен сарапшылары түрлі ой түйді. Біреулері оптимистік танытса, екіншілері секем алғандарын жасырмады.

АҚШ мемлекеттік хатшылығына ұсынылған Рекс Тиллерсон қаңтардың 11-інде өз кандидатурасын бекіту үшін сенаттағы тыңдауға келгенде бұл процесті Мәскеудегі саясаткерлер мен сарапшылар жіті бақылап отырды. Себебі АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің Ресейге қатысты ұстанымы осы отырыстың өзінен-ақ белгілі бола бастайды.

Реакция әртүрлі болды: біреулер оптимистік прагматизм танытса, екіншілері Дональд Трамптың кабинетіне Ресейге көз аларта қарайтын жаңа бір «қаршығаның» кіретінін бұрыннан-ақ болжағанбыз деп жатты. Жалпы, Трамптың қарашадағы күтпеген жеңісінен соң шаттана масайрағандардың үні бәсеңсіп, жұрт мәселеге сергек қарай бастады.

Ресейдік мемлекеттік «Вести FM» радиосына сұхбат берген кремльшіл журналистердің бірі Владимир Соловьев Тиллерсонның Ресейге қатысты жаушыл ұстанымына таңқалған жұртты бір түйреп алды.

Ресейлік журналист Владимир Соловьев. Минск, 25 қараша 2016 жыл.
Ресейлік журналист Владимир Соловьев. Минск, 25 қараша 2016 жыл.

– Қадірменді тыңдаушыларға 156-рет (бірақ қазір 150-рет деген тіркес сәнге айналған) қайталап айтамын: Тиллерсон – майор Вихрь емес, ал Трамп – полковник Исаев не Штирлиц емес. Олардың екеуі де – АҚШ-тың патриоттары. Олардың бірі қызметіне бекітілген жағдайда мемлекеттік хатшы болады, ал екіншісі бірнеше күннен соң «сайланған президент» мәртебесін «АҚШ президенті» мәртебесіне өзгертеді. Олар Ресейге бермеген уәделерін орындауға мүлде тырысып та жүрген жоқ. Олар үшін ең бастысы – АҚШ пен ондағы саясат. Сондықтан да Тиллерсон «Ресей АҚШ-тың мүдделерін ескермеді» дейді, себебі ол үшін Ресейдің емес, АҚШ-тың мүддесі бірінші кезекте тұрады. Ешқандай иллюзияның қажеті жоқ. Сондықтан «Клинтон емес, Трамп сайланды» деп алақайлап қуанғандардікі тек талғам ерекшелігі ғана. Бұл торттың үстіндегі жазу әркелкі болғанымен, оның Ресейді қолдайтын саясат болмайтыны анық. Долылық аздап көбейіп, не азаюы мүмкін, лидерлердің арасы аздап жақсарып, аздап нашарлауы мүмкін, – деді Владимир Соловьев.

Ресей думасының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий «Интерфакс» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Тиллерсонның сөзінен «Вашингтон Мәскеумен Қырымға қатысты бір келісімге келуге құлықты» деген ойды байқағанынын айтты.

Украинаның қашықтықтан басқарылатын аймақ екенін, ал оның басқару пульті Вашингтонда екенін білеміз.
Ресей думасының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий.

– Өз басым санкциялар, кибершабуылдар сияқты онсыз да белгілі тақырыптарға емес, Қырым мәселесіне қатысты мәлімдемелерге ерекше назар салдым. Мәселен, Тиллерсон «Қырымдағы жағдай Украинаны қанағаттандырарлықтай етіп шешілгенде ғана АҚШ Қырымның Ресейге қосылуын заңды деп мойындауы мүмкін» деді. Украинаның қашықтықтан басқарылатын аймақ екенін, ал оның басқару пульті Вашингтонда екенін білеміз. Яғни бұл «Қырымды қайтар» деген бірбеткей ұстанымнан гөрі оны [Ресей құрамындағы мәртебесін] мойындауға байланысты шарттарды ұсыну процесінің басы деп қарастырылуы мүмкін бе? – деді Слуцкий.

Ресейлік депутат Алексей Пушков Twitter-де: «Тыңдау кезінде Тиллерсон Америкадағы саяси мейнстримнің ұстанымын айтты. Бұл Трампқа наразы топтардың байбаламының жасандылық болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді» деп жазды.

Ресейлік депутат Алексей Пушков.
Ресейлік депутат Алексей Пушков.

«Эхо Москвы» радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов Тиллерсонның «2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған кезде елдің шығысына сырттан жау келмеуі үшін Украинаға қару-жарақ пен АҚШ-тың барлау қызметінің көмегін ұсынар едім» деген пікірін дауыстап оқыды. Содан соң ол: «Бұл өзі кім? Бұл – Игорь Иванович Сечиннің және Владимир Владимирович Путиннің қолынан «Достық» орденін алған адам» деп күйінді.

– Кейбіреулер «республикалықтар прагматик болады» деп болжайды. Бірақ, меніңше, олардың прагматизмі – қаталдығында. Мұны қазір ғана Тиллерсоннан естідік, дәл соны Трамптан да естиміз. Яғни олар «Жігіттер, біз - ұлы супердержавамыз. Бізбен бірге боласыңдар не бізге қарсысыңдар» дегенді меңзеп тұр. Трамптың әңгімесі басталғалы мен осылай болатынын болжап келемін. Шынымен солай болды да, – деді Венедиктов.

«Эхо Москвы» радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов.
«Эхо Москвы» радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов.

Қаңтардың 12-сінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тиллерсонның Қырымға қатысты пікірін қаперге алғанын, бірақ онымен келіспейтінін айтты. «Біз бұл тұжырыммен келіспейміз және өз ұстанымымызды түсіндіреміз» деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы «Интерфаксқа» берген сұхбатында.

Песков Тиллерсонның «Ресей Шығыс Украинаға басып кірді, Киевті қару-жарақпен қамтамасыз ету керек» деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруден бас тартты. «Бұған ешқандай реакция білдірмеймін. Біз мемлекеттік хатшы Тиллерсонға тиісті мәселелер туындағанда оларды түсіндіреміз» деді Песков.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 23 желтоқсан 2016 жыл.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 23 желтоқсан 2016 жыл.

Кремльді қолдайтын «Взгляд» интернет сайты Тиллерсонның сенаттағы тыңдауын дәл сол күні Трамп өткізген алғашқы баспасөз мәслихатымен салыстырып, Тиллерсонның «жаушыл» ұстанымына ерекше тоқталды. «Мемлекеттік хатшылыққа кандидаттардың арасындағы ең ресейшіл тұлға деп саналған Тиллерсонның пікірі [Трамптыкіне қарағанда] анағұрлым жаушыл болды» деп жазды басылым.

«ТАСС» ақпарат агенттігіне пікір білдірген Ресей парламенті білім комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов Трамп пен Тиллерсонның пікірін орташа деп бағалады. «Не айтылуы мүмкін еді дегенмен салыстырып қарасақ, олардың пікірлері бірқалыпты шықты» деді ол. Оның сөзінше, Тиллерсон «басты мақсаты – сенатта мемлекеттік хатшы қызметіне бекітілу болғандықтан, бастан-аяқ аңдап сөйлеп отырды, бірақ ол сұрақтарға жауап бергенде барынша ресейшіл ұстанымда болды». Алайда Никонов Рекс Тиллерсонның АҚШ-тың Қырымды Ресей жері деп мойындауына қатысты қойған шартымен келіспеді. «Ресейге біреулердің Қырымды мойындағаны мүлде қажет емес. Ол – Ресейдің бір бөлігі, ал оның ешқандай бөлігі мойындауды қажет етпейді» дейді дума депутаты.

Том Бэлмфорттың материалы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG