Accessibility links

Тәжаяқовтың әкесі: Ұлымды «мейірімді, адал бол» деп тәрбиеледім


Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.

Бостон түрмесінде қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов келесі сот тыңдауын күтіп отыр. Әкесі Әмір Исмағұлов «ұлымның жазықсыз екенін дәлелдеу үшін ештеңеден аянбаймын» дейді.

Тамыздың 13-і күні АҚШ-тың Бостон федералдық сотында Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовтың сот тыңдауы өтті. Олар айыпты мойындамайтындарын мәлімдеді.

Оларға «2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон марафонында жасалған, үш адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған терактіге қатысты тергеу жұмыстарына кедергі келтіру мақсатымен сөз байласып әрекет жасады» деген айып тағылып отыр. Қадырбаев пен Тәжаяқов Бостон жарылысын жасады деген күдікпен қамалған Джохар Царнаевпен колледжде бірге оқып, дос болған.

Оңнан солға қарай: Азамат Тәжаяқов пен Диас Кадырбаев достарымен бірге тұр. Фото "Фейсбук"әлеуметтік желісінен алынды.
Оңнан солға қарай: Азамат Тәжаяқов пен Диас Кадырбаев достарымен бірге тұр. Фото "Фейсбук"әлеуметтік желісінен алынды.
АҚШ-тың Үлкен алқасы таққан айып бойынша, Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов Джохар Царнаевтың жатаханадағы бөлмесінен жарылысқа қатысы болуы мүмкін кейбір заттарды алып шығып, қоқыс контейнеріне тастаған.

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов ұлы қамауға алынған күннен бері Бостонда жүр. Атырауда тұратын Исмағұлов – бизнесмен, қалалық мәслихаттың депутаты. Ол іс аяқталғанша АҚШ-та болмақ. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Әмір Исмағұлов бұл істің құпия қырлары мен соңғы үш айда ұлына жасалған қысым туралы айтып берді.

Азаттық: Азамат пен Диасқа айып тағылған сот тыңдауы өтті. Олар айыпты мойындамады. Адвокаттар мен Сіз енді қандай қадам жасайсыздар?

Әмір Исмағұлов: Ештеңені ашып айта алмағандықтан, біз бұл істі құпия жүргізбеу туралы петиция бергенбіз. Бұл істі тергеу кезінде прокуратура мен ФБР тарапынан болған барлық заң бұзушылықтар жайында айтқымыз келеді. Сондықтан, соттың істі құпия жүргізуін заң арқылы тоқтатуға тырысып жатырмыз. Тергеу тарапынан заңға қайшы әрекеттер көп. Алғашқы сот тыңдауында жалпылама айыптар тағылды. Ал екеуінің әрқайсысының нақты не істегені, прокурорлардың не істегені айтылмай қалды, сондықтан бұл іс құпия түрде қаралмауы керек. Ашық жүруі тиіс. Енді сот отырысын Массачусетс штаты емес, басқа бір штатта өткізу туралы петиция бермекпіз.

Азаттық: Тыңдау өтетін күн бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?

Әмір Исмағұлов: Иә, үш айға созылып кетті. Адвокатт ауыстырып, сот тыңдауына дайын болмағандықтан, бірінші біз шегердік. Осы үш ай бойы прокурорлар «бес жылға келісіңдер» деп бізді қыспаққа алды. Азамат пен Диас жазықсыз болғандықтан, алғашқы күннен олардың мұнысына келіспедік. Оларға «айыпты алып тастаңдар» дедік. Ешқандай мәмілеге бармадық, сондықтан олар Үлкен алқаға жүгінуге мәжбүр болды.

Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов федералдық судья Марианна Боулердің алдында тұр. Жабық сот отырысынан салынған сурет. АҚШ, 1 мамыр 2013 жыл.
Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов федералдық судья Марианна Боулердің алдында тұр. Жабық сот отырысынан салынған сурет. АҚШ, 1 мамыр 2013 жыл.
Азаттық: Басында айыптарын мойындаған жағдайда екеуіне бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін деп хабарланды. Ал Үлкен алқаның айыптарынан кейін 20 жылға соттауы мүмкін деген сөз шықты. Бұл неге байланысты? Әлде жаңа дәлелдер табылды ма?

Әмір Исмағұлов: Айып тағылған осы үш ай ішінде бірде-бір жаңа айғақ табылмады. Біз бес жылға келіспеген соң олар 20 жылға бір-ақ шығарды. Бұл тартыс енді алқабилер сотына дейін барып, ұзаққа созылатын болды. Жалпы, Американың заңдары бойынша, сөмкені қоқысқа тастау қылмыс болып саналмайды. Бұл әрекетті қастандық, астыртын әрекет деп бағалау үшін Джохар Царнаев екеуіне «айғақ заттарды жойыңдаршы» деп өтініш айтуы керек. Ал «алып кет» пен «көзін жой» сөздерінің арасы жер мен көктей.

Айыптау қорытындысында «Сөмкені Диас алған, Диас тастаған» деп жазылған. Ол Царнаевқа осылай көмектескісі келген-мыс. Бірақ ол сөмкені ғана емес, ноутбук пен Царнаевтың қазір бүкіл әлем таныған ақ кепкасын да алған. Бірақ кепканы тастамаған. Көмектескісі келсе, тастамас па еді. Ал Азаматтың қатысы қанша? Ол тіпті сөмкеге қолын да тигізбеген. Олар «Азамат басын шұлғып немесе басқалай келісім берген, яғни бұл - қастандық немесе конспирация» дейді. Ұлымнан «Келісім бердің бе?» деп сұрасам, «Берген жоқпын» дейді. Айыптаушыларға «келісімді қалай бергенін көрсетіңдерші» десек, ештеңе түсіндіре алмайды.

Азаттық: Ұлыңыздың студент екеніне қатысты әртүрлі деректер тарады. Азамат АҚШ-қа соңғы келген кезінде оқудан шығып кеткен екен, АҚШ аумағына кірмеуге тиіс болған екен деген сөздер шықты. Одан бөлек, виза жөнінде ешқандай проблемасы болмаған, оқудан ресми түрде мамырдың 3-і күні шығарылған деген де ақпарат бар. Шындығы қайсы?

Әмір Исмағұлов: Екеуін тұтқындап, «визалары жоқ» деген сылтаумен иммиграциялық сотта ұстады. Бірақ визалары болған. Менің балам университетте оқып жүрген, оны оқудан қылмыстық іс қозғалған соң ғана, мамырдың 3-і күні шығарды. Оның визасы қандай негізде тоқтатылғанын білгім келеді. Университет басшылығы "ішкі ережеге сәйкес, егер студентке қатысты қылмыстық іс қозғалса, оның визасы тоқтатылады" деп түсіндірді. Визасы тоқтатылмағанда, біз оны кепіл ақша төлеп, абақтыдан шығарып алар едік.

Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.
Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.
Азаттық: Азамат түрмеге түскелі өзгерді ме?

Әмір Исмағұлов: Түк өзгермеген. Бұрын қандай мейірімді болса, сол қалпынан өзгермепті.

Азаттық: Азаматпен жиі жолығасыздар ма?

Әмір Исмағұлов: Әр жұма жүздесеміз. Екі ересек адаммен, балалармен жолығуға рұқсат береді. Түнде бір сағат телефон арқылы сөйлесуге құқығымыз бар. Бұл оған - үлкен демеу.

Азаттық: Азамат пен Диастың атын қазір мұқым жұрт біледі. Біреулер сөгеді, біреулер жазықсыз деп санайды. Сізге де пікірлерін айтатын шығар?

Әмір Исмағұлов: Азаматқа да, оның бірге оқыған достарына да қазір өте қиын. Достарына Американың визасын бермей жатыр. Бір досы Франкфурттан ұшып келе жатыр еді, АҚШ-қа кіргізбей, жолдан қайтарып жіберді. Тағы бір досына АҚШ-та бір ай ғана болуға рұқсат етті. Азаматқа 15 штаттан қолдау хаттар келіп, сол үлкен демеу болды. Олардың бәрі «Азамат, саған сенеміз, жасыма, мойыма» деп жазған. Париж, Германия, Босния мен Герцеговина, Хельсинки, Австралиядан хаттар келіп жатыр. Канадада қолдаушылар тобы құрылды. Оны жасөспірімдер емес, АҚШ президенті Барак Обамаға бұларды босатуды өтініп хат жазған ересектер құрған.

Азаттық: Болған іс жайында өзіңіз не ойлайсыз?

Әмір Исмағұлов: Мұндай жағдай кез-келген адамның басында болуы мүмкін. Ұлым «Әке, мен ол жерге барып, өзімнің құлаққабымды алдым. Бар кінәм - сол» дейді. Ұлымды жастайынан мейірімділік пен адалдыққа, ешкімге жамандық жасамауға тәрбиеледім. Азамат - өте биязы, тірі жанға қиянаты жоқ бала. Ал ақпарат құралдары құдды бір ол Царнаевтан да асырып бірдеңе істегендей, бәрін көпіртіп жіберді.

Азаттық: Сұхбат бергеніңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG