Accessibility links

Сарапшылар: «АҚШ-тың Иранға сыйлығы – көшірме»


Иранның мәдени мұра ұйымының басшысы Мұхаммед Әли Наджафи АҚШ сыйға тартқан грифті ұстап тұр.
Иранның мәдени мұра ұйымының басшысы Мұхаммед Әли Наджафи АҚШ сыйға тартқан грифті ұстап тұр.

Иран президенті Хассан Роухани өткен айда Нью-Йорк сапарынан «АҚШ-тың Иран халқына сыйлығын» ала келді. Бірақ сарапшылар «ежелгі парсы жәдігері деп берген тарту - көшірме» дейді.

Иран президенті Хассан Роухани өткен айда Нью-Йоркке барып, БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясына қатысқан. Сол сапардан қайтқанда ол Иранға АҚШ-тың «арнайы тартуын» ала келді. Ал Иран сарапшылары «2 мың 700 жыл бұрын жасалған парсы жәдігері» деп берген сыйлықты «көшірме» дейді.

Гриф кейпінде жасалған күміс құты Иранның батысындағы Калмаккара үңгірінен табылғаны, оның құны шамамен 1 миллион АҚШ доллары екені айтылған.

АҚШ-тың кеден қызметі құнды жәдігерді осы елге жасырын жолмен алып өтпек болған ирандық саудагерден 2003 жылы тәркілеген. Бұл жәдігердің Нью-Йорктегі қоймада жатқанына 10 жыл болды. БҰҰ жиынына Роухани келгенде осы тарихи затты тапсыруға мүмкіндік туды.

«ЕЖЕЛГІ ЗАМАННЫҢ ЖҰРНАҒЫ ДА ЖОҚ»

Иранның мәдени мұра ұйымының бұрынғы басшысы Хамид Бакаидің айтуынша, «президент алып келген бұл зат тарихи жәдігердің бүгінгі көшірмесі болып шықты».

АҚШ-тың Иранға сыйлығы.
АҚШ-тың Иранға сыйлығы.
- Ең алдымен жасалу әдісі және стилі оның көшірме екенін айғақтайды. Бұл заттың ежелгі Иран мәдениетіне қатысы жоқ. Екіншіден, жасалған материалы да оның түпнұсқа емес екенін дәлелдейді, - дейді Бакаи.

Нью-Йорк қаласындағы Өнер музейінің бұрынғы кураторы, археолог Оскар Уайт Маскарелла да бұл заттың нағыз тарихи мұра екеніне күмәнмен қарайды.

Оскар Уайт Маскарелла 2012 жылы SAFE (Saving Antiquities For Everyone) атты үкіметтік емес ұйымның журналына осы зат туралы мақала жазған. «Бұл – Иранның қазіргі заманда жасалған «жәдігері». Стильдік және техникалық тұрғыдан алып қарағанда, грифтің басы мелшиіп қатып қалған, көзі тесіліп қарап тұр, басы, қанаты, аяғы – бәрі ебедейсіз әрі мән-мағынасыз, аяғы осы замандағы қыстырғышпен бекітілген. Барлық бөліктерінде ежелгі концепцияның жұрнағы да жоқ, сондықтан бұл – көшірме» дейді ол.

1960 жылдары Ирандағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан Маскарелла бұл заттың жасы 14 жылдан аспайтынын айтады.

«АҚШ МҰНЫҢ КӨШІРМЕ ЕКЕНІН БІЛГЕН»

Бакаидің айтуынша, «қара базарда Иранның ежелгі жәдігерлері деп сатылып жатқан жалған көшірмелер өте көп, олардың кейбіреулері Батыстағы өнер коллекцияларына және музейлерге қойылып жатыр». Оның айтуынша, «АҚШ мұның жалған жәдігер екенін білген болуы керек».

Ал Иранда ежелгі мұраның қайта оралғанына көпшілік қуанды.

Иран президенті Хассан Роухани БҰҰ жиынында сөйлеп тұр. АҚШ, Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани БҰҰ жиынында сөйлеп тұр. АҚШ, Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2013 жыл.
Президент Роухани Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына қыркүйектің 28-інде берген сұхбатында «Америкалықтар бізге хабарласып, «Сіздерге берер сыйлығымыз бар» деді. Олар мұны Иран халқына арнайы тарту ретінде берді» деген еді.

Иран мәдени мұрасы ұйымының қазіргі басшысы Мұхаммед Әли Наджафи қыркүйектің 28-і күні Нью-Йорктен әкелінген сыйлықты ресми түрде қабылдап алды. Ол Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігіне «Бұл біздің өзге де жәдігерлерімізді қайтарудың басы деп үміттенеміз» деген еді.

АҚШ үкіметі қыркүйектің 25-і күні арнайы баспасөз хабарламасын таратып, ежелгі жәдігерді Иранға қайтарғандарын мәлімдеген. Ресми хабарламада «Бұл - ежелгі заманда жасалған ең көне гриф. Бұл - Иран халқының әлемге жасаған тартуы. Сондықтан АҚШ оны Иран халқына зор ілтипатпен қайтарады» деп жазылған.

Иран үкіметі сыйлықтың тұпнұсқа не көшірме екеніне қатысты жария мәлімдеме жасаған жоқ.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG