Accessibility links

Барак Обама президент ретінде елімен қоштасты


АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың ел басшысы ретінде қоштасу сөзін сөйлеп жатқан сәті. Чикаго. 10 қаңтар, 2017 жыл.
АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың ел басшысы ретінде қоштасу сөзін сөйлеп жатқан сәті. Чикаго. 10 қаңтар, 2017 жыл.

Билік мерзімі аяқталатын АҚШ басшысы Барак Обама Чикагода президент ретіндегі соңғы сөзін сөйледі.

АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама екінші президенттік мерзімінің аяқталуына, өзінің биліктен кетуіне байланысты Чикаго қаласында қоштасу сөзін айтты.

Барак Обама президенттік қызметі басталатын кезде өзекті болып тұрған тақырыптарға оралып, оның ішінде америкалықтарды біріктіретін идеялар жайында айтты. Обама "бұрынғыдан мықтырақ халықпен қоштасып тұрмын, бірақ америкалықтар өз араларындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін, Америка мақсаты мен билігінің тұтастығы үшін жұмыс істей берулері керек" деді.

55 жастағы Обама сонымен қатар өзінің басты жетістіктерін - денсаулық сақтау саласына жасалған реформаларды, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі халықаралық келісімді, Кубамен қарым-қатынасты жақсартқанын айтты. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті, республикашыл Дональд Трамп Обама әкімшілігінің ішкі және сыртқы саясатындағы осы тұстарын сынап келген.

Обама "Біз бастаған кезге қарағанда Америка барлық жағынан күштірек, мықтырақ бола түсті. Біз әлі де ең бай, ең қуатты, ең сыйлы халықпыз" деді.

"Америка халқы мен президенті шешуі тиіс қауіптердің бар екенін" ескерткен ол "Біздің жастарымыз, алуан түрлілігіміз, ашықтығымыз, тәуекелге бел байлайтын әдетіміз бізді жарқын болашаққа жетелейді. Бірақ бұл күшіміз демократия жұмыс істеп тұрған кезде ғана пайда береді" деді.

АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама ел басшысы ретінде сөйлеген қоштасу сөзінде көзіне жас алды. Чикаго. 10 қаңтар, 2017 жыл.
АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама ел басшысы ретінде сөйлеген қоштасу сөзінде көзіне жас алды. Чикаго. 10 қаңтар, 2017 жыл.

Ол "елге келіп жатқан иммигранттарға қатер деп қараудың қате екенін" айтып, Американың әу бастан иммигранттар елі екенін, көшіп келіп жатқан адамдарды АҚШ-тың экономикалық, мәдени қуаты қызықтырғанын, әртүрлі нәсілдер мен ұлттардың біріккен қуатын дұрыс пайдалана білу керек екенін мәлімдеді.

Обама "америкалық мұсылмандарды алалауды айыптаймын, олардың патриоттығы бізден кем емес" деп, ақ нәсілді америкалықтарға "бұл қараторы балалар Американың негізгі еңбеккерлері болады, олармен табысуымыз керек" деген үндеу тастады.

Барак Обама сыртқы саясатқа қатысты да пікірлерін айтты. Ол "Біз көрші отырған шағын елдерге әлімжеттік көрсетіп, бұзақылық жасамайтын жолымыздан тайқымасақ, бәсекелестерімізден тайсақтамасақ, Ресей, Қытай сияқты елдер АҚШ ықпалымен жарыса алмайды" деді.

Обама биліктен 55 пайыз рейтингпен кетіп бара жатыр. Оның президенттік мандаты қаңтардың 20-сы аяқталады. Бұл күні Дональд Трамп Вашингтонда ант қабылдайды.

ВИДЕО: Барак Обаманың АҚШ президенті ретіндегі қоштасу сөзі (орыс тіліндегі ілеспе аудармасымен)

XS
SM
MD
LG