Accessibility links

Трамп НАТО-ны қолдау мен қорғанысқа қыруар қаржы бөлуді айтты


Конгресте сөйлеп тұрған АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте алғаш рет сөйледі. Оның сөзінен АҚШ саясатының НАТО-ны барынша қолдауға бет алғанын аңғаруға болады. Одан бөлек, Трамп АҚШ әскерін күшейтуге қыруар қаражат бөлу туралы айтып, «Америка рухын жаңартуға» уәде берді.

Ақпанның 28-і күні АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Конргестің біріккен отырысында алғаш рет сөйледі. Ол сөзінің негізгі бөлігін сайлау науқаны кезінде берген уәделеріне – АҚШ қалаларының проблемалары мен америкалық жұмысшылардың тұрмыстық мәселелері елеусіз қалып бара жатқанына, емделудің тым қымбаттап кеткеніне, АҚШ-тағы инфрақұрылымның ескіргеніне, иммигранттар жасайтын қылмыстардың көбейгеніне арнады.

Осы проблемаларды айтқаннан кейін Трамп «радикалдық ислам терроризмін» түбірімен жою туралы үндеу тастады. Трамп «Ислам мемлекеті» (ИМ – ДАИШ, Қазақстанда тыйым салынған террорлық ұйым – ред.) содырларын жер бетінен жою жоспарын жасауға бұрық бергенін айтты.

«Мен қорғаныс министрлігіне ИМ террорлық ұйымын, мұсылмандар мен христиандарды, барлық дін өкілдерін, ол ер ме, әйел ме, бала ма - ештеңеге қарамастан қырған осы бір жабайы қаныпезерлерді жою жоспарын жасауға бұйрық бердім. Біз құбыжық жауды жер бетінен жою үшін одақтастарымызбен, мұсылман әлеміндегі достарымызбен бірігеміз» деп мәлімдеді.

Трамптың Конгрестегі сөзінен "Америка дауысы" жасаған репортаж:

Сайлау науқаны кезінде Трамп НАТО келісімінің «одақтың бір мүшесіне жасалған шабуыл НАТО елдерінің бәріне жасалған шабуыл болып саналады» деген негізгі шартының дұрыстығына күмән келтірген еді.

Оның бұл әрекеті НАТО-ға мүше елдерді алаңдатқан болатын. Алайда Трамп Конгрестегі сөзінде осы алаңдаушылықты сейілтуге тырысты. Ол НАТО-ға мүше елдерді бұл одаққа керекті қаражатты көбірек бөлуге шақырды.

Трамп «Біз екі дүниежүзілік соғыстың сабағынан құрылған, фашизмді қайта бас көтертпеген, қырғиқабақ соғыс кезінде коммунизмді жеңген НАТО-ны бұрынғыдан қатты қолдаймыз» деп мәлімдеді.

Трамп «Біз серіктес елдерден, ол НАТО-дағы одақтастарымыз болсын, Таяу Шығыстағы немесе Тынық мұхитындағы әріптестеріміз болсын, екі әскери стратегиялық операцияларда да маңызды рөл атқарады, өздерінің әділ үлестерін қосады деп сенеміз» деді.

Трамп НАТО мен ИМ террорлық ұйымы туралы баса айтқанымен, нақты ұсыныстар мен сыртқы саясаттағы нақты проблемаларды сипаттамады. Трамп Ресей жөнінде, Украинадағы дағдарыс жайында, Сириядағы соғыс, Қытаймен арадағы Оңтүстік Қытай теңізіне бола басталып келе жатқан араздық, басқа да нақты мәселелер туралы бір ауыз сөз айтпады.

Брукинг институтының аға ғылыми қызметкері Джон Лудак "Дәл қазіргі әлемдегі жағдайды ескере отырып, Иран туралы, Ресей туралы, Қытай жайында, Солтүстік Корея жөнінде айтпау АҚШ президентіне жараспайды, ол бұл мәселелерді елемейтін сияқты, АҚШ президенті бұл мәселелерді де ойлауы керек" дейді.

Конгресте сөйлеп тұрған АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2017 жыл.
Конгресте сөйлеп тұрған АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2017 жыл.


Лудак "Трамп сыртқы саясаттың кейбір мәселелерін таңдап-таңдап қана айтты, ол өз әкімшілігінің қорғаныс саясатының тұтастай қалай өзгеретінін айтып бере алмады. Сыртқы саясаттың түсініксіз болуы проблемалар тудырады" дейді.

Трамп сөзін көтеріңкі көңіл-күймен бастады, бұл оның сайлау науқаны кезіндегі қалпына ұқсамайды. Өйткені, ол кезде Трамп «Американың ішіндегі араздық» туралы көп айтып, елдің қорқынышты келешегін болжаған еді.

Дегенмен Трамп жақында еврей қауымына жасалған шабуыл мен Канзастағы атысты айтып өтті. Канзастағы атысты Үндістаннан келген екі иммигрант еркек жасаған еді. Ол атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің туыстарына көңіл айтты.

Трамп Йемендегі «Әл-Қаида» содырлары жасырынған жерге өткен айда рейд жасауға барып, сол жерде қаза тапқан әскери теңіз күштерінің солдатын еске алды. Солдаттың жесірі Конгресте депутаттармен бірге отырғанын айтқанда залдағы жұрт жаппай қол соқты.

Америка президенті «Біз АҚШ-тың қауіпсіздігін күшейту үшін жігіттер мен қыздардың қолына соғыстың бетін қайтаратын мықты қару-жарақ беруіміз қажет, олар тек жеңіп шығатын болуы керек» деді.

«Мен Конгреске әскерді қайта күшейтетін бюджетті ұсынамын, қорғанысмақсаттары үшін бюджет ашық тұрауы керек, бұл АҚШ тарихындағы қорғанысқа бөлінген ең қомақты қаражаттардың бірі болады» деді Трамп.

Ирактың Мосул қаласында ИМ содырларымен соғысып жатқан АҚШ әскері. 22 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Ирактың Мосул қаласында ИМ содырларымен соғысып жатқан АҚШ әскері. 22 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ-тың жаңа президентінің әскери бюджетті көбейту туралы ұсынысы енді Конргесс қарайды, тыныш жылдардың өзінде бұл процесс Конгреспен келісімге келуді, ұзақ талқылауды қажет ететін. Федералдық бюджетке келгенде соңғы сөзді әрине Конгресс айтады.

Трамптың Республикалық партиясы депутаттары Конгрестің екі палатасында да көпшілік болып отыр. Бірақ заң шығарушылар өздерінің сүйікті бағдарламаларына қаржы бөлдіру үшін Ақ үйде кім отырса да бюджетті оңай өткізе салмайды.

Бюджетке қатысты Трамптың кейбір ұсыныстары, мәселен шетелдегі АҚШ дипломаттары санын 37 пайызға азайту жоспары депутаттардың сынына ұшырап жатыр. Республикашыл сенатор Марко Рубио "шетелдерге көмектесу АҚШ саясатының негізгі бағыты болып қала беруі керек" деп мәлімдеді.

Ирак пен Ауғанстандағы АҚШ әскерін басқарған ЦРУ-дің бұрынғы директоры Дэвид Петреус те Трамптың дипломаттарды қысқарту ұсынысын сынады. Ол "АҚШ қауіпсіздігін сақтауда дипломатия әрқашан маңызды рөл атқарып келеді" дейді.

Трамп Конргеске қызметіне кіріскеннен 40 күннен кейін келді. Бұл 40 күнді тыныш өтті деуге келмейді. Ақ үйдің беделіне Трамп көмекшісінің сайлау науқаны кезінде Ресей ресми тұлғаларымен сөйлескенінің белгілі болуы әжептәуір көлеңке түсірді.

Бұл АҚШ қауіпсіздігін күшейту туралы дауды күшейтті, одан бөлек Трамп жеті бірдей ислам мемлекеттері азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын жарлық шығарды. Ол жарлықтың күшін АҚШ соты жойды.

Трамп Конгрестегі сөзін "Менің жұмысым бүкіл әлем мәселелері емес, менің жұмысым - АҚШ-ты басқару. Бірақ мен қақтығыстарды азайту АҚШ үшін қажет екенін жақсы білемін" деп аяқтады.

XS
SM
MD
LG