Accessibility links

АҚШ БҰҰ Адам құқықтары кеңесінен шығады


АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли (сол жақта) мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығатыны туралы жариялап тұр. 19 маусым 2018 жыл.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли (сол жақта) мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығатыны туралы жариялап тұр. 19 маусым 2018 жыл.

АҚШ билігі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығуды ұйғарды. Бұл туралы маусымның 19-ы күні АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мәлімдеді.

ВАШИНГТОННЫҢ ШЕШІМІ

АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығатыны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Вашингтонның шешімін маусымның 19-ы күні АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жариялады.

"АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан ресми түрде шығады. Әйткенмен бұл қадам адам құқығы саласындағы [АҚШ-тың] міндеттемелерінен бас тартуды білдірмейтінін айтқым келеді", - деген Хейли.

​Хейлидің сөзінше, Вашингтон мұндай шешімді өткен жыл ішінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне реформа жүргізуге шақырған талпыныстары "елеусіз қалып, еш нәтиже бермеген соң" қабылдаған.

"Біз мұндай қадамға [адам құқықтарын сақтауға] бейілдігіміз өзге мүдделер үшін адам құқықтарын мазаққа айналдырған екіжүзді ұйымның құрамында қалуға төзбейтіндіктен барып отырмыз", - деп мәлімдеген ол.

Хейли әлемде адам құқықтарының жағдайы нашар күйде қалып отырған елдердің бірі Конгоның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына қабылданғанын мысалға келтірген. Бұған қоса АҚШ өкілі Венесуэла, Куба мен Қытай тәрізді адам құқықтарын сақтамайтын елдер де кеңеске мүше екенін айтқан. Сонымен бірге, Хейлидің сөзінше, егер Адам құқықтары жөніндегі кеңеске қажетті реформалар жүргізіліп, өзгерістер жасалатын болса, онда АҚШ болашақта осы кеңес құрамына қайтадан енуі мүмкін. Өткен аптада Reuters агенттігі аталған ұйымға реформа жүргізу туралы келіссөздер нәтижесіз аяқталғаны туралы хабарлаған.

ҚОЛДАУ ЖӘНЕ СЫНАУ

Америкалық адам құқықтарының өкілдері АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл шешіміне қатысты қынжылыс білдірген. 12 топтың атынан жасалған мәлімдемеде Адам құқығы жөніндегі кеңес құрамында АҚШ-тың жоқтығы "әлемде адам құқығын орнықтыру және зардап шеккендерге көмектесуді бұрынғыдан қиындата түсетіні" айтылған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың шешімін "ерлік" деп атап, қолдау білдірген. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жоғарғы комиссары Зейд Раад әл-Хусейн Вашингтонның "еш күтпеген, түңілдіретін" қадамға барғанын айтқан.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш сейсенбі күні "Адам құқығы жөніндегі кеңес құрамында АҚШ-тың қалғанын қалайтыны" туралы мәлімдеген.

Нью-Йоркте орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот АҚШ билігі адам құқығы саласында "бірөлшемді" саясат ұстанып отыр деп, Вашингтонның шешімін сынаған.

АҚШ бұл шешімін БҰҰ Вашингтонда ел аумағында ұсталған заңсыз мигранттардың отбасы мүшелерін бір-бірінен ажырату саясатын тоқтатуға шақырған тұста жариялады. БҰҰ дерегінше, соңғы бірнеше аптада АҚШ-та екі мыңға жуық баланы ата-анасынан ажыратқан.


Өткен жылы Хейли БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесін Израильге қарсы "біржақты көзқарас" ұстанады деп сынап, Вашингтонның бұл кеңестің құрамынан шығу туралы мәселені қарастырып жатқаны туралы мәлімдеген болатын. АҚШ ресмилері Израиль мен палестиналықтарға қатысты мәселені талқылауда Израильге негізсіз шүйлігу басым деп бұрыннан бері мәлімдеп келеді.

Женевада орналасқан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылы құрылған. АҚШ бұл кеңестің құрамына 2009 жылы, президент Барак Обаманың тұсында енген.

Кеңес құрамына қазір Африка, Азия-Тынық мұхит аймағы, Батыс және Шығыс Еуропа мен Америка құрлығынан - барлығы 47 ел мүше. Кеңес мүшелері үш жыл мерзімге сайланады, АҚШ-тың кеңеске мүшелігі 2019 жылғы желтоқсанның 31-інде аяқталуы тиіс болатын.

Бұған дейін кеңес құрамындағы кей елдер адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін сақтамай отырғаны туралы бұған дейін бірнеше мәрте сын айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG