Accessibility links

БАҚ: АҚШ толық вакцина салдырғандарды ғана елге кіргізетін ереже әзірлеп жатыр


АҚШ үкіметі коронавирусқа қарсы вакцинаны толық салғызған шетелдіктерді ғана елге кіргізетін ереже қабылдамақ. Бұл жөнінде Reuters, Associated Press және басқа ақпарат құралдары хабарлады.

Президент Джо Байден әкімшілігі әуе компанияларына көмектесіп, туризмге серпін беру үшін барыс-келіске қайта жол ашқысы келеді. Дегенмен олар Covid жұқтырғандар қайта көбейіп, коронавирустың дельта варианты қатты екпіндеп тұрған тұста шектеудің бәрін алып тастаудан сескенеді.

Жоспар бойынша, кейбір категорияларды қоспағанда, сырттан келетін шетел азаматтарынан коронавирусқа қарсы толық вакцина алу талап етіледі. Екпе салмаса да АҚШ-қа кіруге рұқсат берілетін адамдардың категориясы әлі анықталған жоқ. Карантинді жұмсарту кезең-кезеңімен жүреді, бірақ оның да мерзімі әлі анық емес.

Қазір АҚШ-қа келетін жолаушылардан коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін ПТР тест нәтижесі немесе Covid жұқтырғаны туралы анықтама талап етіледі.

Мұның алдында Еуропа одағы елдері де коронавирус бойынша жасыл цифрлық сертификат енгізуге уағдаласқан. Ол сертификат коронавирусқа қарсы вакцина салғызғандарға, Covid-пен ауырып, жазылғандарға және ПТР тест тапсырғандарға беріледі. Бұл құжат Еуроодаққа мүше 27 елде және оған кірмегенмен, Шенген аймағында жатқан Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцарияда жарамды. Шетелдіктер де Еуроодақ аумағына кірген соң осындай сертификатқа өтініш бере алады.

Еуропа одағы өкілдерінің айтуынша, бұл сертификат жолаушы сапарын біраз жеңілдеткенімен, еркін жүріп-тұруына кепіл болмауы мүмкін. Барлығы әр елдің не аймақтың ішкі ережелеріне байланысты болмақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай комитеті биыл қаңтарда мемлекеттерді шетелден келетіндерден вакцина куәлігін талап етпеуге шақырған. Бұған себеп – инфекцияның таралуын тоқтатудағы вакцинаның рөлі әлі анықталған жоқ және оған қолжетімділік барлық елде бірдей емес.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та 35 млн адам коронавирус жұқтырып, 615 мыңдай адам осы дерттен көз жұмған. Коронавирус дерегі ең көп тіркелген елдер тізімін АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Франция бастап тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG