Accessibility links

"Маған 11780 дауыс керек". Трамп қоңырауы, конгресс жиыны және сенат сайлауы. АҚШ-та не болып жатыр?


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

Washington Post басылымы 3 қаңтар күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергермен телефон әңгімесін жариялады. Онда Трамптың штат хатшысынан президент сайлауындағы дауысты қайта санауды талап еткені естіледі. Бұл жайт осы күндері болғалы отырған бірқатар оқиғаға ықпал етуі мүмкін. Азаттық осы оқиғаларды рет-ретімен түсіндіріп береді.

ТРАМПТЫҢ АТЫШУЛЫ ҚОҢЫРАУЫ

АҚШ президенті Дональд Трамп Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергермен 2 қаңтар күні сөйлескен. Заң бойынша, сайлау мәселесімен штат хатшысы айналысады. Телефон арқылы болған әңгімеге бірнеше адам қатысқан. Олардың қатарында Трамптың заңгерлері мен президент әкімшілігінің жетекшісі де бар.

Әңгіме барысында Трамп Джорджия штатының хатшысынан дауысты қайта санап, сайлау нәтижесін өзгертуді талап еткен. Бұл – Трамп үшін 3 қарашадағы президент сайлауының нәтижесін теріске шығарудың соңғы амалдардың бірі. 6 қаңтар күні АҚШ конгресі сайлаудың нәтижесін куәландыруы тиіс. Осыдан кейін ешнәрсе өзгеруге жатпайды.

Ресми нәтиже бойынша, электорлардың дауысы бойынша Дональд Трамп қарсыласы Джо Байденге 232-302 есебімен жеңіліп қалған. Бірақ қазіргі президент сайлау бұрмаланды деп бірнеше штатта сотқа жүгінген, тіпті екі рет Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Оның барлығы Ақ үйдің қазіргі басшылығы үшін сәтсіз аяқталды. Штаттардың бәрі сайлау нәтижесі дұрыс деп қаулы шығарды.

2 қаңтардағы әңгімеде Трамп Раффенспергерге "Қарашы, мен бір ғана нәрсені сұрап тұрмын. Маған бар болғаны 11 780 дауыс керек. Бұл біздегі бар саннан бір ғана дауысқа артық. Біз штатты жеңдік. Дауысты қайта санадық деуде тұрған ешнәрсе жоқ" дейді.

Джорджия штатын жеңген адам 16 электордың дауысына ие болады. Сол себепті ол шешуші штаттардың бірі саналады. Қорытынды нәтиже бойынша Байден Трамптан 11 779 дауысқа көбірек алған.

Трамп сөйлескен Брэд Раффенспергердің өзі де республикашыл. Бір сағаттан асқан телефон әңгімесінде Трамп оған "Сен әділ сайлауды қалауың керек. Сен республикашылсың" дейді. Раффенспергер болса, оған "Біз әділ сайлау өткіздік деп сенеміз" деп жауап береді.

Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергер.
Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергер.

Кейінірек Раффенспергер президент қоңырауын қабылдауға мәжбүр болғанын, бұлай күштеудің дұрыс емесін айтты.

"Қоңырауда қабылдадық, әңгімелестік. Негізінен ол сөйлейді, біз болсақ тыңдаумен болдық" деді Раффенспергер.

Әңгіме барысында Трамп бірнеше рет жалған мәлімдеме жасады. Ол Джорджия штатында жеңіске жеткенін, Раффенспергердің расталған нәтижені өзгерте алатынын айтқан. Бірақ дауыс бірнеше рет саналған, ресми нәтижені күдік келтіретіндей ауытқу байқалмаған.

Трамп сондай-ақ Раффенспергерді заңмен қорқытпақ болады.

"Олардың не істегенін білесің және ол туралы шағым жасамадың. Бұл заңға қайшы. Бұл – қылмыс. Сен бұған жол бере алмайсың. Бұл сен үшін және сенің адвокатың Райан үшін үлкен тәуекел" дейді Трамп.

Раффенспергер Трамптың айтқандарын жоққа шығарып, оның мәліметі шындыққа жанаспайтынын айтқан.

Бұл – Трамптың Раффенспергерге алғаш шүйлігуі емес. Желтоқсанның басында ол Джорджия штатындағы сайлауды бұрмалауға жол берді Раффенспергерді "халық жауы" деп атаған.

РЕСПУБЛИКАШЫЛДАР ТРАМП ӘРЕКЕТІ ШЕКТЕН ШЫҚТЫ ДЕЙДІ, ДЕМОКРАТТЫ ТЕРГЕУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Бірқатар республикашыл Трампты қатаң сынға алып, оның штат хатшысына айтқан сөздері демократиялық нормаларға қайшы деді. Пеннсильваниядан сайланған республикашыл сенатор Пэт Туми 4 қаңтар күні Трамптың телефон әңгімесін "жаңа бір шекті бұзып өту" деп атады.

"Мен президент пен оның командасы тарапынан тоқтаусыз қысымға, жалған ақпаратқа және шабуылға екі ай бой төтеп беріп, қызметін адал атқарған сайлауға жауапты республикашылдарды мақтағым келеді" деді Туми.

Конгрестің төменгі палатасы – Өкілдер палатасына Иллинойс штатынан сайланған республикашыл Адам Кинзингер телефон әңгімесін "өте қорқынышты" деп бағалады.

"Конгрестің сайлау нәтижесіне қарсылық білдіргелі отырған әрбір мүшесіне айтарым, мына жайттан кейін сіздер ойлағандарыңызды абыроймен істей алмайсыздар" деп жазды ол Twitter-де.

АҚШ конституциясы бойынша, президент инаугурациясына дейін Конгрестің қос палатасы жиналып, сайлау нәтижесін растауы қажет. Бұл – қалыпты рәсім. Бірақ биыл бірқатар республикашыл сенатор мен өкілдер палатасының мүшесі сайлау нәтижесіне мойындамауға бекініп отыр.

Демократтар болса, Трамптың заңды бұзғанына сенімді.

Өкілдер палатасынана Калифорния штатынан сайланған демократ Тед Лью мен Нью-Йорк штатынан сайланған Кэтлин Райс Федералды тергеу бюросының директоры Кристофер Рэйден телефон әңгімесін талдауды, мұның Трамп тарапынан сайлауды бұрмалау әрекеті екенін айтты.

"Біз Дональд Трамп сайлауға қатысты бірқатар қылмыс жасауға шақырды не арандатты деп сенеміз. Біз сізден президенттің үстінен қылмыстық іс қозғауды сұраймыз" делінген Лью мен Райстың 4 қаңтар күнгі ортақ мәлімдемесінде.

ТРАМПТЫҢ ҚОҢЫРАУЫ ДЖОРДЖИЯДАҒЫ СЕНАТ САЙЛАУЫНА ӘСЕР ЕТУІ ЫҚТИМАЛ

Джорджия штатының хатшысы, республикашыл Брэд Раффенспергер 4 қаңтар күні Трамптың негізсіз мәлімдемелері демократия негіздерін бұзып қана қоймай, штаттағы сенат сайлауының 5 қаңтарға белгіленген екінші кезеңінде республикашыл үміткерлердің жағдайын қиындатуы мүмкін деді.

Оның сөзінше, президенттің жалған мәлімдемелері партияға деген сенімсіздік тудырады.

Джорджия штатының заңы бойынша, егер ешбір үміткер 50 пайыздан артық дауыс ала алмаса, ең көп дауыс жиған екі кандидат келесі кезеңге өтеді. 3 қарашадағы сайлауда екі мандат сынға салынған, екеуінде де кандидаттардың ешқайсысы 50 пайызға жете алмаған.

Джорджия штатындағы сенат сайлауының екінші кезеңі. Дауыс берушілер сайлау учаскесінде. 5 қаңтар 2021 жыл.
Джорджия штатындағы сенат сайлауының екінші кезеңі. Дауыс берушілер сайлау учаскесінде. 5 қаңтар 2021 жыл.

Дәл қазір сенаттағы 100 мандаттың 46-сы демократтарға, 50-і республикашылдарға тиесілі. Екі сенатор ешқандай партияға байланбаған, бірақ әдетте демократтарды жақтап дауыс береді. Сенаттағы көпшілік атану үшін республикалықтарға бір ғана орын жеткілікті. Егер Джорджия штатының екі мандатын да демократтар жеңіп алса, олар көпшілікке айналмауы мүмкін, бірақ бұл оларға басымдық береді. АҚШ конституциясы бойынша, егер дауыс беру нәтижесі 50-50 болса, дауыс беруге вице-президент қатысады. Қарашадағы президент сайлауында жеңіске жеткен демократ Джо Байденнің вице-президенттікке ұсынған серігі Камала Харристің дауысы осылайша шешуші рөл атқаруы ықтимал.

АҚШ саяси жүйесінде сенаттың рөлі жоғары. Конгрестің жоғары палатасы ретінде сенат Жоғарғы соттың судьяларын, үкімет құрамын және өзге де тағайындауларды мақұлдайды. Сенаттың келісімінсіз президентті импичментпен отставкаға кетіруге болмайды.

2014 жылдан бері сенат республикашылдардың бақылауында. Егер республикашылдар сенатты өз бақылауында ұстап қалса, Джо Байденге өз реформаларын жүзеге асыру қиындай түседі.

Сенаторлар алты жылға сайланады. Қарашадағы сайлауға сайлауға дейін республикашылдар мен демократтар қатынасы 53-45 болған, қалған екеуі – тәуелсіз сенатор. 3 қарашадағы сайлауға республикашылдардың 23 мандаты мен демократтардың 12 мандаты шығарылды. Республикашылдар бір демократты мандатынан айырса, демократтар екі республикашылды мандатынан айырды. Джорджия штатының мандаттары енді анықталмақ. Осылайша әзірше арақатынас 50-46 болып тұр.

Reuters, Associated Press, BBC, NPR, Politico ақпараты негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG