Accessibility links

Ушаков: Путин және Уиткофф Ресей мен Украинаның тіке келіссөзін талқылады


Ресей президенті Владимира Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың кездесуі кезінде Мәскеу мен Киев арасында тіке келіссөзді қалпына келтіру мәселесі сөз болды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге осылай деп мәлімдеді.

Ушаковтың сөзінше, Кремльдегі кездесу шамамен үш сағатқа созылған және келіссөз АҚШ пен Ресейді "тек Украина ғана емес", сонымен бірге "өзге де халықаралық мәселе бойынша ұстанымдарын жақындатуға мүмкіндік берген".

Ушаковтың сөзінше, Мәскеу мен Вашингтон арасындағы диалог одан әрі қарай түрлі деңгейде жалғасын таппақ.

Америка жағы Путин мен Уиткофф келіссөзіне түсініктеме бермеді.

Соңғы 2.5 ай ішінде Уиткофф Ресейге осымен төртінші рет барып отыр. Ол Мәскеуге екі рет - 11 ақпан және 13 наурызда барған, 11 сәуірде Санкт-Петербургте болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін оның әкімшілігі атысты тезірек аяқтап, Мәскеу мен Киевпен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында Мәскеу келісімге дайын деп мәлімдеген, бірақ кейбір пунктілер "нақты реттеуді" талап етеді деп айтқан, бірақ жай-жапсарын айтпаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Украинаға Қырым мен аннексияланған төрт аймақтан бас тарту және НАТО-ға мүшеліктен қол үзу сияқты талап қойған Ресей қазіргі майдан сызығында соғысты тоқтатуға келісуі мүмкін.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада Лондондағы кездесуден кейін соғысты аяқтау бойынша жаңа құжат әзірленіп, ол Трампқа берілгендігін айтты. Зеленскийдің сөзінше, бейбіт келісім әсіресе территориялық тұтастық мәселесінде Украина Конституциясына қайшы болмауы керек.

Бұған дейін Трамп Қырымды Ресей жері деп танудан үзілді-кесілді бас тартқан Зеленскийді бейбітшілік келіссөзіне кедергі келтірді деп айыптаған. АҚШ соғысты реттеу бойынша жоспарының жай-жапсарын айтқан жоқ, алайда CNN мәліметінше, Еуроодақ өкілдері Украинаны территориясының біраз бөлігін Ресейге беруге мәжбүрлеуі мүмкін екендігіне алаңдап отыр.

XS
SM
MD
LG