Accessibility links

"11,5 млн долларлық сый". Жүз шақты кәсіпкердің жері президент Мирзияевтың күйеубаласына тарту етілді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев отбасымен бірге. арғы жақта ортада тұрған - президенттің үлкен күйеу баласы Ойбек Тұрсынов.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев отбасымен бірге. арғы жақта ортада тұрған - президенттің үлкен күйеу баласы Ойбек Тұрсынов.

Ташкент әкімінің жүзден аса кәсіпкердің дүкендері орналасқан жерді өзге бір кәсіпкерге тегін беру туралы шешімі дауға айналып, іс сотқа жетті. Жоғары биліктің ауызша тапсырмасымен берілген жерге президенттің күйеубаласының қатысы бар деп жазады Азаттықтың Өзбек қызметі.

Ташкенттің Юнусабад ауданындағы ауыл шаруашылық базары мен Мегапланет супермаркеті арасындағы аумақта ондаған жылдар бойы сауда-саттық және қызмет көрсетумен айналысып келген жүзге жуық кәсіпкер Өзбекстан астанасының әкімі Жахангир Артықхожаевтың шешіміне келіспей, сотқа жүгінді. Олар соттан қала әкімнің 2019 жылғы 31 желтоқсанда Янги шахар, Әмір Темір және Ахмад Дониш көшелері қиылысындағы 6 гектар жерді "жеке инвесторға" беру туралы шығарған шешімінің күшін жоюды сұрайды. Кәсіпкерлер бұған дейін Монополияға қарсы агенттік пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке де арызданғанымен, олардан қайыр болмаған. Енді Чиланзар аудандық әкімшілік соты Ташкенттің ең қымбат аудандарының бірі саналатын Юнусабадтың орталығындағы 6 гектар жерді URBAN DEVELOPERS жауапкершілігі шектеулі қоғамына берудің заңдылығын қарамақ.

Осыншама үлкен аумақта "көпсалалы сауда және ойын-сауық кешенін" салуды жоспарлап отырған URBAN DEVELOPERS компаниясы осы шешім шығардан небәрі бір ай бұрын ғана құрылған, ал дауға ілік болған жер телімі оған "президент пен премьер-министрдің" ауызша тапсырмасы бойынша берілген деп жазады зерттеу мақаласында Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).

Озодлик редакциясына түскен арыздың көшірмесінде юнусабадтық кәсіпкерлер дүкендері орналасқан жерді қала билігі "жеке инвесторға" беріп жіберіп, қолданыстағы заңды бұзғанын, осылайша өздеріне бизнесінен айрылып, табыссыз қалу қаупі төнгенін айтады.

Озодлик жүргізген журналистік зерттеу барысында 2020 жылдың қарсаңында Ташкент әкімі Жахонгир Артықхожаев құны кемінде 11,5 миллион доллар тұратын жер телімін тегін сыйлаған URBAN DEVELOPERS компаниясының президент Шавкат Мирзияевтың үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсыновқа қатысы бары анықталған.

ӘКІМНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚЫМБАТ СЫЙЫ

Өзбекстан халқы 2020 жылды қарсы алуға дайындалып жатқан 31 желтоқсанда Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Артықхожаев №1879 шешімін шығарған. Құжат "URBAN DEVELOPERS жауапкершілігі шектеулі қоғамы түріндегі бірлескен кәсіпорынға жер телімін беру туралы" деп аталады.

Ташкент әкімінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы шешімі.
Ташкент әкімінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы шешімі.

Шешімді қабылдауға негіз ретінде аталған кәсіпорынның үндеуі, президент пен премьер-министрдің ауызша тапсырмасы, үкімет жетекшісінің орынбасарлары Раматов пен Қочқаровтың қорытындылары, сонымен бірге бұған дейін Артықхожаевтың өзі шығарған шешімі келтірілген.

Бірақ құжатта жүзге жуық кәсіпкер жұмыс істеп жатқан жер телімін URBAN DEVELOPERS кәсіпорнына беру туралы шешім қабылдауға ешбір себеп көрсетілмеген.

Ташкент қаласындағы ең арзан жер бағасы туралы әкім Артықхожаев бекіткен құжатта Юнусабад ең қымбат аудандардың тізіміне енгізілген, мұндағы ең арзан жердің бір гектары 18 млрд 102 млн 214 мың 700 сум деп белгіленген.

Ең арзан бағамен есептеген күннің өзінде Юнусабад ауданындағы 6 гектар жердің құны 108 млрд 613 млн 288 мың 200 сум немесе 11 млн 432 мың 977 АҚШ доллары (2019 жылғы 31 желтоқсандағы бағам бойынша) тұрады. Бірақ биліктің шешіміне қарағанда, бұл жер телімі URBAN DEVELOPERS компаниясына тегін берілген деп жазады Озодлик.

URBAN DEVELOPERS КІМНІҢ КОМПАНИЯСЫ?

Азаттықтың Өзбек қызметі журналистерінің қолына түскен құжаттарға қарағанда, URBAN DEVELOPERS жауапкершілігі шектеулі қоғамы 2019 жылғы 18 қарашада тіркелген. Ал арада бір ай өткенде компанияға Юнусабад ауданынан қымбат жер телімі сыйға тартылған. Президент пен премьер-министрдің 6 гектар жерге "көпсалалы сауда – ойын-сауық кешенін" салу туралы ауызша берген тапсырмасына дейін URBAN DEVELOPERS компаниясы ешбір жобамен айналыспаған.

Urban Developers жауапкершілігі шектеулі қоғамның тіркеу құжатының көшірмесі.
Urban Developers жауапкершілігі шектеулі қоғамның тіркеу құжатының көшірмесі.

Тіркеу құжаттарына қарағанда, URBAN DEVELOPERS компаниясы акцияларының 3 пайызы Шерзод Шавкатұлы Халимов деген азаматқа тиесілі, қалған 97 пайызына ODORATUS BUSINESS LLP деп аталатын "шетелдік компания" иелік етеді.

Құжатта URBAN DEVELOPERS жауапкершілігі шектеулі қоғамының жалғыз қызметкері – Ансор Фаррухұлы Набераев дейтін басшысының ғана аты-жөні бар. Компанияның 2020 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша тапсырған салық құжаттарында "жалпы айналым көлемі – 0.0 сум" деп көрсетілген.

Urban Developers компаниясы туралы ресми мәлімет.
Urban Developers компаниясы туралы ресми мәлімет.

URBAN DEVELOPERS ЖШҚ "бірлескен компаниясының" өзбекстандық құрылтайшысы деп көрсетілген Шерзод Халимов дейтін азаматтың Ташкент қаласының әкімі Жахонгир Артықхожаевтың шешімімен қымбат жер телімін тегін алуы алғаш рет емес деп жазады Озодлик.

Ташкенттегі Ғафур Ғұлам атындағы саябақты 49 жылға жалға алған сингапурлық BMP Smart Decision Private Limited компаниясының тіркеу құжаттарында оның иесі – "шетелдік инвестор" Шерзод Халимов деп жазылған. Ал енді Юнусабад ауданындағы даулы 6 гектар жерді тегін алған "бірлескен компанияда" бұл адам "жергілікті құрылтайшы" болып жүр.

URBAN DEVELOPERS КОМПАНИЯСЫНЫҢ "ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЫ"

URBAN DEVELOPERS ЖШҚ-ның ресми тіркеу және салық құжаттары бойынша, оның акцияларының 97 пайызы ODORATUS BUSINESS LLP (Limited liability partnerships) деп аталатын шетелдік компанияның иелігінде екені айтылған.

Ұлыбританияда тіркелген ODORATUS BUSINESS LLP компаниясының шынайы иесі кім екені жұмбақ.
Ұлыбританияда тіркелген ODORATUS BUSINESS LLP компаниясының шынайы иесі кім екені жұмбақ.

2015 жылғы 12 қарашада Ұлыбританияда тіркелген бұл компанияның шын иесі кім екені ашық айтылмайды. Оның басқарушысы ретінде Белизде – "салықтан жалтарып, күмәнді қаржыны заңдастыру операцияларын жасауға нағыз жұмақ" саналатын мемлекетте орын тепкен B2B CONSULTANTS LIMITED компаниясы екені көрсетілген.

Ташкенттің дәл ортасынан кемінде 11,5 млн доллар тұратын 6 гектар қымбат жерді су тегін сыйға алған компанияның жарғы капиталы 100 фунт стерлингке немесе 130 АҚШ долларына тең.

Озодликтің қолына түскен құжаттардан Өзбекстанда бизнес жүргізетін бірқатар басқа компаниялардың, соның ішінде East-West Invest LLC компаниясының да акциялары ODORATUS BUSINESS LLP компаниясына тиесілі екеніне көз жеткізуге болады.

Юнусабад ауданында миллиондаған қаржыға сауда орталығын салатын "шетелдік инвестор" делінетін Oderatus Business LLP компаниясының мекен-жайы ретінде осы ғимарат көрсетілген.
Юнусабад ауданында миллиондаған қаржыға сауда орталығын салатын "шетелдік инвестор" делінетін Oderatus Business LLP компаниясының мекен-жайы ретінде осы ғимарат көрсетілген.

БЕЛГІСІЗ "БРИТАН ИНВЕСТОРЫ" КІМ?

Озодлик редакциясы Ташкент билігі ешқандай міндеттеме я кепілдік сұрамастан, қаладағы ең қымбат ауданның жерін тегін бере салған URBAN DEVELOPERS ЖШҚ-ның "шетелдік инвесторы" кім екенін анықтауға тырысып көрді.

Озодлик журналисі 26 қарашада сөйлескен осы компанияның жетекшісі Ансор Набераев URBAN DEVELOPERS акцияларының 97 пайызына иелік ететін ODORATUS BUSINESS LLP компаниясының "британдық инвесторының" аты-жөнін атағысы келмеді.

Озодлик редакциясы ашық дерек көздерінен алған құжаттар Ташкент әкімі Жахонгир Артықхожаев жаңа жылдық керемет сыйлық тарту еткен URBAN DEVELOPERS ЖШҚ компаниясының Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсыновпен байланысы барын аңғартады.

Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсыновпен байланысы бар кейбір компаниялар.
Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсыновпен байланысы бар кейбір компаниялар.

Құжаттарға сәйкес, PROMADIK INVEST компаниясы акцияларының 95 пайызы президенттің үлкен қызы Саида Мирзияеваның күйеуі Ойбек Батырұлы Тұрсыновтың меншігінде, ал бұл компанияға PRO MILK TECHNOLOGY компаниясы акцияларының 95.11 пайызы тиесілі.

Бұға қоса PRO MILK TECHNOLOGY компаниясы MILK HOUSE деп аталатын тағы бір компанияның акцияларының 39.87 пайызына иелік етеді. Осы MILK HOUSE акцияларының қалған 60.13 пайызы ODORATUS BUSINESS LLP компаниясының еншісінде.

Ал ODORATUS BUSINESS LLP компаниясына Юнусабад ауданындағы кәсіпкерлерге тиесілі 6 гектар жерді иемденіп шыға келген URBAN DEVELOPERS ЖШҚ акцияларының 97 пайызы тиесілі, яғни шынайы қожайыны.

Озодлик журналисінің "Өзіңіз басқаратын компанияның Ойбек Тұрсыновқа қатысы барын растайсыз ба, әлде жоққа шығарасыз ба?" деген сұрағына Ансор Набераев

– Мен ешкімді танымаймын. Отабек Тұрсыновтың (шындығында оның есімі Ойбек – ред.) атын бірінші рет естіп тұрмын. Мұндай ақпаратты қайдан алып жүргеніңізді білмеймін, – деп күле жауап берді.

ОЙБЕК ТҰРСЫНОВҚА ҚАТЫСЫ БАР БИЗНЕС-ҚҰРЫЛЫМДАР

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен күйеу баласы Ойбек Тұрсыновтың қайынатасы билік басына келген соң қандай қызметпен айналысып жүргені туралы ашық дерек көздерінде ресми ақпарат жоқтың қасы.

Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов (сол жақта) пен Ресейдің Шешенстан аймағының басшысы Рамзан Қадыров. Рамзан Қадыров Instagram-парақшасында жариялаған фото.
Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов (сол жақта) пен Ресейдің Шешенстан аймағының басшысы Рамзан Қадыров. Рамзан Қадыров Instagram-парақшасында жариялаған фото.

Бейресми ақпарат көздері оның біраз уақыт президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып істеген деп хабарлаған. Бірақ ресми орындар бұл ақпаратты растаған да жоқ, теріске де шығармады.

Өзбекстанда мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелерінің табысы туралы ақпарат жұртқа жария етілмейтіндіктен, мемлекет басшысының отбасы мүшелерінің қандай бизнесі бары көпшілікке жұмбақ.

Биыл мамыр айында жергілікті баспасөзде "Жалпы республикалық бірыңғай процессинг орталығы" (Uzcard бренді) компаниясының жарғы қорының 75 пайызы Ойбек Тұрсыновтың меншігінде деп хабарлаған.

Ал 2019 жылы тамыз айында акцияларының 95 пайызы Ойбек Тұрсыновқа тиесілі PROMADIK INVEST компаниясы "Капиталбанк" акцияларының 36 пайызын иеленген еді.

Бұдан бөлек, Ойбек Тұрсыновтың аты-жөні Өзбекстандағы ең танымал "Илхом" театры орналасқан "Шодлик Палас" мейманханасына байланысты дау-жанжалда аталған.

Asiaterra.info сайтының бас редакторы Алексей Волосевичтің Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов туралы мақаласынан скриншот.
Asiaterra.info сайтының бас редакторы Алексей Волосевичтің Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов туралы мақаласынан скриншот.

Ташкенттік тәуелсіз журналист, Asiaterra.info сайтының бас редакторы Алексей Волосевич өз дерек көздеріне сілтеп, ғимаратты әлдебір жұмбақ жолмен иеленген Ofelos Plaza ЖШҚ-ның шынайы иесі Ойбек Тұрсынов деп жазды. Тұрсыновтан редакцияға бұл ақпаратты жоққа шығару туралы талап түспеген.

Президенттің күйеу баласының миллиондаған акция мен бизнес құрылымдарын қандай кіріске сатып алғаны туралы сұрақтарға әлі жауап жоқ.

Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін Ойбек Тұрсыновтың әкесі Батыр Тұрсынов Өзбекстан ұлттық гвардиясы қолбасшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Қазір Батыр Тұрсынов мемлекеттік қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Оның тағы бір ұлы, Ойбектің ағасы Ұлықбек Тұрсынов Өзбекстан ішкі істер министрлігінің заңсыз ескірткі айналымымен күрес басқармасы бастығының орынбасары болып істейді.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ

Президенттің күйеу баласының мүддесіне бола дүкендері сүрілетін жүзге жуық кәсіпкер түрлі мемлекеттік билік органдарына арызданды. Монополияға қарсы агенттіктен бастап Өзбекстан президентіне дейін жолданған арыз-шағымға 84 фирманың жетекшілері қол қойған деп хабарлайды Озодлик.

Редакцияға жолданған арыздың көшірмесінде кәсіпкерлер өздерінің дүкендері орналасқан жер телімі заңға қайшы жолмен URBAN DEVELOPERS компаниясына берілгенін айтады.

Арыз иелерінің жазуынша, жүзге тарта кәсіпкердің дүкендері орналасқан жер "абаттандырылады" деген желеумен Ташкент қаласы әкімдігінің баласына алынғаннан кейін, заң бойынша, электронды аукцион арқылы саудаға шығарылуы тиіс еді. Бірақ арызда ешқандай аукцион өтпегені айтылған. "Мемлекет және қоғам қажетіне" деген уәжбен жүзге жуық кәсіпкерден алынған жер телімі құқықтық мәртебесі бойынша олардан еш айырмашылығы жоқ басқа бір жеке меншік кәсіпкерге – URBAN DEVELOPERS ЖШҚ компаниясына берілген.

Юнусабад ауданындағы кәсіпкерлердің Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке жазған үндеуі.
Юнусабад ауданындағы кәсіпкерлердің Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке жазған үндеуі.

– Бұл компанияның меншік иесі кім екенін білмейміз. Бізге белгілісі бір-ақ нәрсе – үкімет пен қала билігі заңды пысқырмай, ашық түрде рейдерлік жасап, тартып алды. Біз бұл бассыздыққа тек президент қана тоқтау салар деген үмітпен Мирзияевке жүгіндік. Әзірге жауап алған жоқпыз. Артықхожаевтың шешімінің салдарынан ең қатты зардап шегетін бірнеше кәсіпкер №1879 шешімнің күшін жоюды сұрап сотқа арызданды. Бірақ, білуімізше, сотқа әу бастан қысым жасалып жатыр. Заңда қорғауға жауапты орындардың не істейтінін жақында көреміз, – деді Озодлик әңгімелескен юнусабадтық кәсіпкерлердің бірі.

Чиланзар аудандық әкімшілік соты кәсіпкерлердің арызын 2 желтоқсанда қарамақшы.

Азаттықтың Өзбек қызметі мен британдық Ulster университетінің криминология профессоры Кристиан Ласслеттің бірге дайындаған материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG