Accessibility links

"Нөкісте халықты атуға бұйрық бергендер жазасыз қалды". Құқық қорғаушымен сұхбат


Құқық қорғаушы, Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы, Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов.

Өзбекстан құрамындағы автономды республика Қарақалпақстанда былтыр өңір тарихындағы ең қанды оқиғалардың бірі болды. Өзбекстан билігінің ресми дерегі бойынша, 1-2 шілдеде өткен жаппай наразылық кезінде 21 адам қаза тауып, 243 адам жараланған. Тәуелсіз зерттеушілердің бағалауынша, наразылықтың салдарынан 55-77 адам көз жұмған. Құқық қорғау органдары 500-ден астам адамды ұстап, кейін біразын босатып жіберді. Ондаған азамат түрмеге жабылды.

Нөкістегі қанды оқиғаға қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізген ұйымдар қатарында Freedom for Eurasia та бар. Бұл зерттеуге қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те қатысқан.

– Өзбекстан билігі Нөкістегі оқиғаларды жан-жақты зерттеді ме? Сот процесі әділ өтті ме?

Нөкісте болғанымызда, наразылық кезінде қаза тапқан 55 адамның аты-жөнін, жеке деректерін таптық. Бәрінің қайтыс болғаны туралы куәлігі мен басқа да құжаттары бар. Адамдардан сұрастырып, зираттарды аралап, халыққа оқ атылған орындарға барып, ақпарат жинадық. Тұрғындармен кездесіп, хабарласып, үйлеріне бардық. Өте қиын болды. Өйткені жергілікті SIM-карта пайдаланғаннан кейін бізді аңду басталды. Адамдармен аз кездесіп, әлеуметтік желіге көбірек мән бердік. Бәрі жабық жүйе бойынша жүрді.

Зерттеудің алғашқы кезеңінде жиналған ақпараттың өзі 55-57 адам қаза тапқанын көрсетіп отыр. Аты бар, бірақ тегі мен әкесінің аты көрсетілмеген адамдарды білеміз. Қолда бар деректерде олардың қалай қаза тапқаны, қалай оқ тиіп, өлгені толық сипатталған. Наразылықтың екінші күні жедел көмек көрсету ауруханасының өзі 77 адам қаза тапқанын хабарлаған. 77 адам өлтірілген, бұл дерек әлі де толығуы мүмкін. Құрбандар саны одан да көп, өйткені наразылық ауылды өңірлер мен аудан орталықтарында да болған.

Наразылық Нөкісте ғана болған жоқ, көп ауданда адамдар атылғаны туралы ақпарат бар. Бірақ қаза тапқан адамдардың жалпы санын анықтау мүмкін болмай отыр. Әзірге ақпарат жинап жатырмыз, мені Өзбекстанға кіргізбей қойды. Сондықтан Нөкіске барып, жұмысымды жалғастыра алмаймын.

Нөкістегі наразылық.
Нөкістегі наразылық.

– Сізге Өзбекстанға кіруге тыйым салынды. 22 мамырда Бішкек арқылы Ташкентке ұшарда сізді ұшаққа мінгізбей қойды. Бұл жағдай Қарақалпақстандағы оқиғаларды зерттеуге қалай әсер етті?

– Ташкентте өтетін Дәулетмұрат Тәжімұратовтың сотына қатысуым керек еді. Ол – Қарақалпақстан Республикасының көшбасшысы, митингіде ортаға шығып сөйлеген адам. Полиция Дәулетмұратты ұстап әкеткен соң, Нөкістегі алаңға өте көп адам жиналды. Халық белсендіні босатуды талап етті. Оның 2022 жылғы 1 шілдеде жасаған бейбіт митинг өткізу туралы үндеуі қызу қолдау тапты. Бірақ оның ұсталғаны, әрине... Бұл сотқа қатысуым керек еді. Сонда сотқа қатысты пікір айтып, баға бере алар едім. Билік мұны қаламаған сияқты. Олар мені тағы да Нөкіске барады деп қорыққан шығар. Нөкіске үшінші рет барып, ақпарат жинаймын деп жүргем.

– Оқырмандарға түсінікті болу үшін, Freedom for Eurasia ұйымы бастаған тәуелсіз зерттеуге қатысып жатқаныңызды айта кеткен жөн. Командаңызда тағы кімдер бар? Олардың арасында Өзбекстан азаматтары бар ма?

– Өзбекстаннан ешкім жоқ. Қырғызстаннан құқық қорғаушы Дмитрий Кабак бар. Ол Өзбекстанға еркін кіріп-шыға алады, менде ондай рұқсат қағаз жоқ.

Нөкіс оқиғаларына бір жыл толды. Өзбекстандағы ақпарат құралдары бұл оқиға туралы жеткілікті жазып жатыр ма?

– Өзбекстандағы ақпарат құралдары бастаған тақырыбын жалғастыруы керек еді. Gazeta.uz басылымы "екінші күні 77 адам қаза тапты" деп жазды. Журналистер зерттеуін жалғастырып, Нөкіске барып, қаза тапқан, жараланған адамдар туралы ақпарат жинап, оқиғаның хронологиясын жасаса дұрыс болар еді. Бірақ көпшілігі, бәрі... жоғарыдан бұйрық түсті ме, әлде басқа себебі бар ма, ешкім зерттеу жүргізбеді. Журналистік зерттеу жүргізген ақпарат құралын көрмедік. Мүмкін бар да шығар, біз естімеген болармыз. Демек олар біз естіп, мақалаларын тауып оқитындай деңгейде белсенді болмаған ғой. Өзбекстанда Нөкіс тақырыбын белсенді жазған үш басылым ғана бар. Блогерлердің қолдауы болған шығар. Әлеуметтік желіде, телеграм-арналарда белсенділік байқалады. Бірақ бұл Өзбекстан қоғамына әсер етіп отырған жоқ. Адамдар халыққа оқ атқан, оқ атуға бұйрық бергендерді жауапқа тартуды талап етпейді. Олар сотқа тартылған жоқ, бәрі жазасыз қалды.

Нөкістегі наразылықтан кейін көшелерді бақылап тұрған күштік құрылым өкілдері. 3 шілде 2022 жыл.
Нөкістегі наразылықтан кейін көшелерді бақылап тұрған күштік құрылым өкілдері. 3 шілде 2022 жыл.

Қарақалпақстандағы оқиғаға қатысты ондаған адам сотталды. Сол азаматтармен сөйлесе алдыңыз ба?

– Шартты жазаға кесілгендер көп ақпарат бермейді. Өйткені олар ешкімге ештеңе айтпаймыз деген шартпен шыққан. Көбіне туыстары белсенді болып, "қолдау керек, журналистер мен құқық қорғаушылар сот процесіне қатыссын" деп талап етіп жүрді. Ақталған немесе шартты жазаға кесілген адамдар үнсіз отыр. Олар сақ болуға тырысады, өйткені билік "кез келген сәтте қайтадан түрмеге түсуің мүмкін" деп қорқытып қойған. Сондықтан ешкіммен сөйлеспейді. Мемлекеттік құрылымдар қатты қысым жасап жатыр. Мемлекет қолдау көрсетудің орнына, Қарақалпақстан мен Өзбекстанда азаматтық белсенділерге қысым көрсетіп жатыр.

Қарақалпақстандағы оқиғаларға сыртқы күштердің қатысы бар деген болжам айтылды. Оның ішінде, [Ресей] федерациялық қауіпсіздік қызметінің аты аталды. Бұл негізі бар нұсқа ма? Шынымен үшінші күштер араласты ма?

– Жоқ, үшінші күштердің қатысын растайтын айғақ таппадық. Халыққа Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ұсталуы қатты әсер еткен сияқты. Адамдар оны босатуды талап ете бастаған. Сондықтан "Азатлык" (Азаттық) және "Дәулетмұрат Тәжімұрат босатылсын!" деген екі ұран ғана болған. Екі күн қатарынан осы екі ұран ғана айтылған.

Өзбекстан билігі халықаралық қауымдастықтың Қарақалпақстандағы оқиғаны зерттеу туралы талабына құлақ асты ма?

– Өкінішке қарай, Өзбекстан билігі өте нашар жұмыс істеді. Халықаралық деңгейде Олий Мажилис (Өзбекстан парламенті – ред.) жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындысы жарияланады деп айтылып еді, бірақ бұл уәде орындалған жоқ. Азаптау, халыққа оқ ату, әскери қару қолдану мәселесінің бір де бірі көтерілмеді, қорытынды жасалмады.

Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында.
Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында.

– Өзбекстан билігі Қарақалпақстандағы жағдайдан қандай сабақ алуы керек?

– Бастысы, Өзбекстанның құқық қорғаушылары, азаматтық қоғамы мен журналистері күш біріктіріп, Қарақалпақстанда болған оқиғаны жан-жақты зерттеуі керек еді. Өзбекстан мен өзбек қоғамы өз алдына, ал Қарақалпақстан бөлек әлемде өмір сүріп жатқан сияқты. Өкінішке қарай, өзбек қоғамы мен қарақалпақтардың шындығы екі түрлі. Конституция Қарақалпақстан тәуелсіздігіне, егемендік мәселесін көтеруге кепілдік береді. Бірақ бұл кәмпиттің сыртқы қаптамасы сияқты жай нәрсе болып қалды. Өзбек қоғамы "ұлтына қарамастан, адам құқығы бұзылмауы керек" деген қолдау көрсетпеді, наразыларды "сепаратистер" деп айыптай бастады. Бұл дұрыс емес. Өйткені өзбек қоғамының басынан да осыған ұқсас жағдай өтті. Нөкіс оқиғасы болғанда өзбектер жағдайды түсініп, азаматтық қоғам ұлтқа бөлінбей бірігуі керек еді. Қарақалпақстандағы қантөгіске қатысты объективті зерттеу жүргізілуі керек.

* * *

2022 жылы Ташкент Конституцияның жаңа жобасына Қарақалпақстанды тәуелсіз статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыру туралы бап қосқаннан кейін Қарақалпақстанда жаппай наразылық басталды.

Нөкіс оқиғасы тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейінгі ең қанды қырғындардың бірі болды. Өзбекстан билігінің дерегінше, 2022 жылғы 1-2 шілде күндері Нөкісте болған наразылық кезінде 21 адам қаза тауып, 243 азамат, оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жараланған. Полиция 500 адамды ұстаған.

Қарақалпақстанда болған жаппай наразылықтан соң Ташкент даулы конституциялық өзгерісті алып тастады. Билік жаппай тәртіпсіздікті сыртқы күштер ұйымдастырды деп мәлімдеді.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қарақалпақстандағы оқиғалар кезінде күш құрылымдары бейбіт демонстранттарға қарсы шектен тыс күш қолданып, салдарынан көп адам қаза тауып, жараланған деді.

2023 жылы маусымның басында Өзбекстан Жоғарғы соты Қарақалпақстандағы жаппай наразылыққа байланысты 16 жылға сотталған журналист, белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үкімін күшінде қалдырды.

Тәжімұратовқа "конституциялық құрылымды бұзып, төңкеріс жасауға талпынды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "астыртын сөз байласып, билікті басып алмақ болды" деген айып тағылды.

– Әділетсіз үкім. Бұрыннан айтып келе жатырмын. Бұл – сот органы биліктің айтқанынан шықпайтынын көрсетеді. Сот, Жоғарғы сот толықтай билікке тәуелді, – деді Тәжімұратовтың адвокаты Сергей Майоров.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Санжар Ералиевтің материалынан аударылды.

XS
SM
MD
LG