Accessibility links

"Әлемге ашық" Өзбекстанда саяси өзгеріске орын бар ма?


Конституцияны түзеткен Шавкат Мирзияев енді Өзбекстанды 2037 жылға дейін басқаруы мүмкін.
Конституцияны түзеткен Шавкат Мирзияев енді Өзбекстанды 2037 жылға дейін басқаруы мүмкін.

Президент Мирзияев шілдеде қайта сайланып, елдегі авторитаризм тенденциясын күшейтуі мүмкін. Сарапшылар бұл кей шетелдік инвесторлар үшін тұрақтылық белгісі дейді.

Өзбекстан үшін мамыр саяси месседждер айы болды.

Бір жағынан, президент Шавкат Мирзияев кезектен тыс президент сайлауын жариялап, биліктің айтқанынан шықпайтын үш кандидатпен бірге өзі де сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бұл Орталық Азиядағы халқы тығыз орналасқан мемлекеттің саяси тұрғыда жабық ел болып қалғанын көрсетеді.

Екінші жағынан, Еуропалық қайта құру және даму банкі кездесуінің 20 жылдан кейін Өзбекстанда қайта өтуі шетелден инвестиция мен несие алуға мүдделі үкіметті ғаламдық экономикалық байланыстарын кеңейтуге итермеледі. Мирзияевтан бұрынғы президент Ислам Каримовтің тұсында Өзбекстан экономикалық тұрғыда жабық мемлекет болатын.

Президент өкілетін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту туралы конституциялық өзгерістер қабылданғаннан кейін бір аптадан соң 9 шілдеде кезектен тыс президент сайлауы өтетіні белгілі болды.

Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі Мирзияев билігіне қатысты. Ата заңға сәйкес, президентке екі мерзімнен артық билікте қалуға тыйым салынған. Ал жаңа конституциялық өзгерістер Мирзияевтың осыған дейін билікте болған жылдарын есептен шығаруға мүмкіндік береді.

Сонда 65 жастағы Мирзияев елді 2037 жылға дейін басқарып, 21 жыл билікте отырады. Бұл Өзбекстанның бірінші президенті, авторитар басшы Каримовтің билігімен шамалас (ол 25 жыл ел басқарды, Мирзияев бұрынғы президенттің тұсында 13 жыл премьер-министр болды).

Кейінгі жылдары 35 миллион халқы бар Өзбекстан нарығының мүмкіндіктері кеңейген. S&P Global Market Intelligence компаниясының бас сарапшысы Алекс Меликишвилидің айтуынша, инвесторлар fait accompli жағдайға (сайлау нәтижесінің алдын ала шешіліп қойғанына) алаңдамайды.

– Шын мәнінде, Мирзияевтың жеңісі елге саяси тұрақтылық әкеледі. Ал шетелдік инвесторлар үшін тұрақтылық маңызды, – дейді сарапшы.

Таң атар тұста Самарқандтағы Регистанға келген адамдар.
Таң атар тұста Самарқандтағы Регистанға келген адамдар.

ТАРИХИ КЕЗДЕСУ

16 мамырда Самарқандта Еуропалық қайта құру және даму банкінің үш күндік жиыны өтті. Бір кездері Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи шаһар қазір Мирзияев реформаларының орталығына айналған.

Бұл – Каримовтің туған жері. Қаланың тарихи ауданында Регистандағы үш медресеге жақын маңда бұрынғы президенттің ескерткіші тұр. Ел басқарудағы қатаңдығымен есте қалған мемлекеттік қайраткер мүсінінің алдында отбасылар суретке түсіп, басына құстар қонақтайды.

Самарқандтағы ислам өркениетінің жарқын үлгісі – Хазрат Хизр мешітінің жанында Каримов жерленген күмбезді кесене тұр. Бұрынғы президенттің қайтыс болғанынан алты жыл өтсе де, оның кесенесіне келетін адам көп.

Самарқандтағы Каримов ескерткіші.
Самарқандтағы Каримов ескерткіші.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің саммиті соңғы рет 2003 жылы Ташкентте өтіп, сәтсіз аяқталған. The Human Rights Watch ұйымының сол кездегі есебінде ұйым басшысы Жан Лемьер мен Ұлыбританияның даму министрі Клэр Шорт Өзбекстандағы адам құқықтарының жайы туралы сөйлесіп, азаптау мәселесін көтергені айтылады.

HRW есебінше, Өзбекстанда азаптау барын жоққа шығарып келген Каримов құлаққабын шешіп, қос қолымен құлағын тарс жауып алған.

Осыдан кейін Өзбекстанда Еуропалық қайта құру және даму банкінің жобалары азайып, Ташкент экономикалық және саяси тұрғыдан оқшаулана бастады. 2005 жылғы Әндіжан көтерілісінен кейін Өзбекстан тіпті жабық мемлекетке айналды.

Ескерткіш, кесене мен Өзбекстандағы бас әуежайдың атына қарағанда, Мирзияев Ислам Каримовты құрмет тұтады. Бірақ ол Каримовтің басқару үлгісінен алшақтап, жаңа Өзбекстан құруға тырысты.

17 мамырда Еуропалық қайта құру және даму банкі басшыларының алдында сөйлеген сөзінде Мирзияев 2003 жылғы оқиғаларға тоқталғанымен, Каримовтің атын атамады.

– Бірнәрсені атап өткім келеді: Қазіргі Өзбекстан – бұрынғы Өзбекстан емес. Алты жыл бұрын бастаған реформаларымыз елімізді түбегейлі өзгертті. Әлемге және әріптестіктің барлық түріне ашық Жаңа Өзбекстанға қош келдіңіздер! – деді Мирзияев.

Өзбекстан Еуропалық қайта құру және даму банкімен әріптестікке дайын.

2022 жылы банк Өзбекстандағы жобаларына 900 миллион доллар жұмсаған. Бұл Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне бөлінген қаржыдан әлдеқайда көп.

Өзбекстан тәуелсіздік алғалы банк 4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның 3 миллиарды Мирзияев билікте болған алты жылға тұспа-тұс келеді. Каримовтың тұсында Өзбекстан экономикасы кедей болғанымен, қарызы жоқ еді.

"Өзбекстанның Еуропалық қайта құру және даму банкі мен басқа да кредиторлардың алдындағы қарызы артқанымен, Мирзияевтің экономиканы дамытуға қатысты жоспарлары, шетелдік валюта мен алтын қорының тұрақтылығына қарап, алаңдауға негіз жоқ деуге болады. Бірақ көп нәрсе осы жоспарлардың қалай жүзеге асатынына байланысты", - дейді S&P сарапшысы Меликишвили.

Бірақ Мирзияевтың Өзбекстан түбегейлі өзгерді дегеніне келіспейтіндер де бар. Ол билікке келгелі мақта жинау науқанындағы мәжбүрлі еңбек тоқтады, саяси тұтқындар босатылды, сөз бостандығына қатысты шектеулер азайды. Бірақ азаматтық белсенділер кейінгі үш жылда бұл жетістіктердің бәрі далаға кетті дейді.

Былтыр Қарақалпақстандағы наразылық күшпен таратылып, бейбіт тұрғындар атылған соң, халық бұрынғы президент пен қазіргі президент арасындағы айырмашылық туралы қайта ойлана бастады.

– Блогерлер, журналистер мен белсенділер өздеріне берілген аз ғана сөз бостандығын пайдаланып, жемқорлық пен басқа да мәселелерді жиі көтеріп жүр. Шенеуніктер осыған алаңдаса керек, жаңа кедергілер пайда болды, – дейді Швецияда тұратын, конференцияға қатысқан өзбек құқық қорғаушысы Гулноз Мамарасулова.

Құқық қорғаушы айтқан кедергілер саммит кезінде де байқалды. Қауіпсіздік қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне Мирзияев аппаратының басшысы және Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы қызметкері Сардор Умурзаковты суретке түсіруге мүмкіндік бермеді.

Күзетшілер шараға тіркелген белсендіні кемпірқосақ түстес сөмке ұстап келгені үшін ішке кіргізбей қойды. Өйткені жиында мұндай сөмке ұстап жүру гомосексуалдыққа тыйым салған үкіметті қорлау болар еді. Біраз тартыстан кейін "Регресс" ұйымының белсендісі Незир Синани ішке кірді.

Өзбекстанда қуғын-сүргін тенденциясы азайғанымен, 20 жыл бұрын қатқыл басшы Каримовтің тұсында Еуразиялық қайта құру және даму банкінің жиынына 60-қа жуық үкіметтік емес ұйым (олардың көбі үкіметті сынайды) қатысқан еді.

Биыл олардың жартысы ғана қатысты. Мамарасулова мен басқа да белсенділер бұған тіркелудегі кедергілерді кінәлайды.

"ҚУҒЫН-СҮРГІН КӨБЕЙЕДІ"

2023 жылғы жиынға қатысқан кәсіпорындар өткен күнді аңсамайтын сияқты.

Жиын былтыр ашылған, Өзбекстандағы танымал орындардың көшірмесінен, бес жұлдызды қонақүйлер мен конференц-залдардан тұратын Silk Road Samarkand ғимаратында өтті.

Таяу Шығыстағы ірі энергетикалық компанияның өкілі ішкі нарықтан кейінгі ең үлкен тұтынушылары Өзбекстан екенін, компания жобаларының көбі экологиялық таза энергия көздеріне негізделгенін айтты.

– Орталық Азия – Қытайға жақын орналасқан маңызды нарық, мұнда сұраныс жоғары, 2030 жылға қарай үкімет энергияның 30 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен болғанын қалайды. Жергілікті компаниялармен жұмыс істейміз, бизнес-жоспарымыз бар, тендер жеңіп алып жатырмыз, өйткені бәсекеге қабілетті тариф ұсынамыз, – деді компания өкілі.

"Газды дамыту немесе соған талпыныс" деді Солтүстік Америкадан келген кәсіпкер "Конференцияға неге келдіңіз?" деген сұраққа жауап беріп. Ол Өзбекстанға кейінгі бірнеше жылда жиі келіп жүргенін айтты.

– Олар әлі үйреніп жатыр, ал біз саладағы келісімшарт құрылымын түсіндіруге тырысамыз. Бірақ мүмкіндік бар, – деді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген кәсіпкер.

Көрші үстелде отырған Өзбекстандағы коммерциялық банктердің бірі – Asia Alliance Bank-тің өкілі Прагадағы жасыл капитал бойынша конференцияға бара жатқанын айтты.

– Бұл – біз үшін жаңа бағыт, – деді ол.

Жиыннан кейін Мирзияев 18-19 мамырда Сиань қаласында өтетін Қытай мен Орталық Азия елдерінің саммитіне кетті. Пекиннің өңір мемлекеттерімен 5+1 форматындағы кездесуі былтыр онлайн өткен.

Осы айдың басында Өзбекстан басшысы Германияға, маусымда Италияға барады.

Ол сайлауалды науқанында шетелге сапарлап жүргеніне алаңдамайды.

9 шілдеде қазіргі президент тексеруден өткен сенімді қарсыластарымен бәсекеге түседі. Олардың бірде-бірі оппозицияда болмаған, керісінше, жылдар бойы билікке қызмет еткен. Президенттікке үміткерлер арасында бұрынғы білім министрі де бар.

Сайлауға Мирзияевты бір кездері Каримовті қолдаған Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы ұсынған. Бұл – өзгерістердің емес, бұрынғы президент кезінен бері аса ештеңе өзгере қоймағанының белгісі.

Шенеуніктер прогреске ұмтылыс туралы айтса, Мирзияев аппаратының басшысы Комил Алламжанов елдегі сөз бостандығына 10 балдан 5,5 балл берді. Ол осы аптада берген пікірінде жағдайды осылай бағалап, сөз бостандығына қатысты істелетін шаруа көп екенін айтты.

Осы айда Өзбекстан "Шекарасыз тілшілер" ұйымы жариялаған баспасөз бостандығы рейтингісінде 180 елдің ішінен 137-орынды иеленіп, былтырмен салыстырғанда төрт орынға төмендеді. Мүгедектігі бар азаматтар құқығын қорғаумен айналысатын, Мирзияев тұсында таныла бастаған белсенді Ділмұрад Юсупов сөз бостандығы жойылып бара жатқанын түсіну үшін рейтингіге қараудың қажеті жоқ дейді.

– Өз көзіңізбен көруіңізге болады. Адамдар қорыққаннан бар ойы мен әрекетін өзіндік цензурадан өткізетін болды, – дейді ол.

"2017 жылы елге еркіндік келгендей сезілген. Енді қуғын-сүргін қаупі төніп тұр" дейді белсенді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG