Accessibility links

Құран оқитын жұртқа Ислам Каримовтің резиденциясын ашып қойған


Ислам Каримовтің бейітіне келіп, құран оқып жатқан жұрт. Өзбекстан, Самарқан, 4 қыркүйек 2016 жыл.
Ислам Каримовтің бейітіне келіп, құран оқып жатқан жұрт. Өзбекстан, Самарқан, 4 қыркүйек 2016 жыл.

Қазір Өзбекстанның ірі қалалары мен аудандарында Ислам Каримовтің рухына арнап құран оқылып жатыр. Соның ішінде қайтыс болған президенттің жұмыс орны - Ақсарай резиденциясының да есігі құран оқимын деушілерге ашылды.

Қыркүйектің 4-і күні Өзбекстан парламентінің сенатында (жоғарғы палата) Ислам Каримовпен қоштасу рәсімі өткен еді. Қазір мұнда да құрмет күзеті қойылған.

Осында тұрған Ислам Каримовтің портретіне мемлекеттік мекемелер мен министрліктер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері гүл шоқтарын қойып жатыр.

Осы тақілеттес көріністі Өзбекстанның барлық ірі қалаларының орталық алаңдарынан байқауға болады.

Өзбекстанда барлық концерттер мен мерекелік шаралар шегерілген.

Самарқанда Ислам Каримовтің бейітіне мыңдаған адамдар барып, құран оқып жатыр:

Самаркандцы идут на кладбище Ислама Каримова
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:23 0:00

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі елдегі спорттық шаралардың да шегерілгенін хабарлады.

Өзбекстан мектептерінде қыркүйектің 4-і басталған жаңа оқу жылында алғашқы сабақ Ислам Каримовті еске алуға арналған.

Барлық мемлекеттік телеарналар қайғылы әуендер қойып қойған.

– Адамдар қайғырып жатыр, олардың бойында бір шарасыздық бар. Жұрттың жүзінен қуаныш байқалмайды, - дейді Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берген тәуелсіз журналист Бобомурод Абдулла.

Оның сөзіне қарағанда, қыркүйектің 4-і бесін намазында Ташкенттегі барлық мешіттерде президенттің қазасына байланысты құран оқылып, дұға жасалған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауына қарағанда, Ташкент әкімдігі астанадағы асханалар мен кафелерге кешкі алтыдан кейін жұмыс істемеу туралы нұсқау берген.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің инсульттен қайтыс болғаны қыркүйектің 2-сі күні хабарланды. Оны Самарқандағы Хазрет Қызыр мешіті ауласындағы Шахи-Зинда бейітінде, ата-анасының жанына қыркүйектің 3-і күні жерледі.

Өзбекстанды ширек ғасыр билеген Ислам Каримовтің өлімі "бұл елді енді кім басқарады?" деген сауал тудырып отыр. Совет Одағы тарағаннан кейін елді қатаң режиммен басқарған ол демократияны басып-жаншып, жеке билігін орнатқан еді.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанның келесі президенті кім болуы мүмкін?

Өзбекстан конституциясы бойынша президент билігін атқара алмаған жағдайда оның құзыреті үш айға ел парламентінің жоғарғы палатасының төрағасына беріледі. Қазір сенат спикері - Нигматилла Юлдашев.

Ислам Каримовтің орнына келетін адам ретінде мамандар қазіргі премьер-министр Шавката Мирзияевті, вице-премьер Рустам Азимовты және ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятовты атайды.

78 жасында дүние салған Каримовтің жерлеуіне 17 елден делегация барды. Қазақстаннан бұл шараға үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.

Бүгін, дүйсенбіде Ташкент әкімдігі Каримовке ас берілетінін хабарлады. Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісінің хабарлауынша, асқа ақсақалдар, мемлекеттік мекемелердің басшылары, азаматтық белсенділер шақырылған.

XS
SM
MD
LG