Accessibility links

Өзбекстандық шенеунік президентке шағымданбақ болған әйелді балағаттағаны үшін жазаланды. Ашуға булығып, тіліне ие болмаған шенеунік ұятқа қалды.

Өзбекстанның шығысындағы Самарқан қаласының аудандық комитеті басшысы Бахром Кузиев президент кеңсесіне хат жолдаймын деген әйелге «оңбаған» және «қызтеке» сияқты балағат сөздер жаудырған. Кузиевтің әдепсіз сөздерін әйелдің баласы байқатпай мобильді телефонға түсіріп алған, осы айдың басында өткен сотта видео дәлел ретінде көрсетілді.

Үш минутқа созылған видеода шенеунік дәстүрлі ұзын көйлек киген әйел адамға саусағын безеп, зекіп сөйлейді. Куштамгалы комитетінің басшысы Кузиев Мастура Мұсаева атты 52 жасар жергілікті тұрғынға «Маған жала жаппа!» деп ұрсады.

«ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙМЫН»

Видеода түрі көрінбейтін Мұсаева «жала жауып тұрғаным жоқ» дейді. «Президенттің (виртуалды) кеңсесіне хат жазамын дедің. Қайда жазсаң онда жаз. Сен сияқты топастардың талайын көргенмін. Түсіндің бе?» дейді Кузиев оған.

«Жарайды, жарайды» дейді Мұсаева. Бұдан соң Кузиев көлігіне отырмақ болады, бірақ артқа бұрылып тағы сөйлейді. «Анаңның құрсағынан шыққан адаммен келісіп ал» дейді ол.

ВИДЕО: Шенеуніктің балағаты (өзбек тілінде)

Мұсаева ата-анасынан қалған үй үшін бауырымен дауласып, билікке шағымданып жүр. Мұсаеваның аты-жөнін айтқысы келмеген ұлы Азаттықтың Өзбек қызметіне анасының Шавкат Мирзияевке шынымен де хат жолдағанын айтты.

Мұсаеваның ойынша, бауыры үйді Кузиевтің көмегімен атына заңсыз тіркеп алған. Сондықтан, президенттің виртуалдық кеңсесіне хат жолдаған. Былтыр қыркүйек айында Мирзияев «тұрғындар тікелей өзіне шағым-өтініш жолдауы үшін» виртуалдық кеңсе ашты, онда интернет немесе телефон арқылы президентке шағымдануға болады.

Деректерге қарағанда, портал деп аталатын виртуалдық кеңсеге мыңдаған адамнан хат түскен. Мұсаеваның «порталға жазамын» деген сөзі Кузиевке әсер етпеген тәрізді, бейне көріністе ол «ешкімнен қорықпайтынын, себебі ешқандай ұят әрекет жасамағанын» айтады.

«Порталға жазамын дейсің, бауырың да оны естіді. Оған «есек, алдымен әпкеңмен тіл табыссаңшы» дедім» деген Кузиев Мұсаеваның баласы мен бауырын «бейшара, қызтекелер» деп тілдейді, «бір-бірімен тіл табыса алмай жүргендерін» келеке қылады.

«Өз анаңнан туған адаммен келісе алмай жүрсің, менімен не сөйлеспексің?» деп сұрайды ол. «Жоқ, қарашы...» деп бастаған Мұсаеваның сөзін бөлген шенеунік «Маған жала жауып тұрсың, оңбаған!» деп жекиді. «Жексұрын бауырыңмен сен туралы сөйлестім, оған «Тоқта, оңбаған әпкеңмен сөйлес!» дедім» дейді ол.

«Жақсы, жақсы» дейді Мұсаева. Шенеунік көлікке отырып жатып та, сөйлеп барады. Өткен аптада Самарқан соты Кузиевті айыпты деп танып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Бірақ Мусаеваның отбасы сот шешіміне риза емес, олар 100 доллар шамасындағы айыппұлды «өте жеңіл» жаза деп түсінеді. «Сот оған кем дегенде 100 айлық жалақы көлемінде айыппұл төлетуі керек еді» дейді Мұсаеваның ұлы.

«Анам содан бері психикалық тұрғыда зардап шегіп келеді. Басқа біреудің басында осындай жағдай болса, анасын қорлағаны үшін сабап тастайды» деген Мұсаеваның баласы «шенеунікті сабасам, түрмеге қамалатынымды білгендіктен Кузиевке тимедім. Заңды жолды таңдап, сотқа бардым, бірақ оның шешіміне наразымын» дейді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG