Accessibility links

Әлеуметтік желілердегі «қайырымды ханшайым»


Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы
Гүлнара Каримова, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы

Eurasia View шетелде пара алу ісіне қатысты басы дауға қалған Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова әлеуметтік желінің көмегімен өзіне абырой жинап жатыр деп жазады.

«Өзбекстан президентінің үлкен қызы соңғы кездері әлемдік баспасөздің сынына ілініп жүр. Еуропада оған қатысты «телекоммуникация саласындағы ірі компаниядан пара алды» деген әңгіме қозғалғалы көп болды. Оның ән клиптері мен киім үлгілеріне байыппен қарайтын журналист ілуде біреу. Ол әкесінің қатаң диктатурасының халықаралық бет-бейнесіне айналды» деп жазады шілденің 11-і күні Eurasia View сайты.

Ал ел ішінде Өзбекстан президентінің үлкен қызы туралы мүлде басқа көзқарас қалыптасқан. Сайттың жазуына қарағанда, Каримова «әлеуметтік медианы халықпен жақындастыратын құрал ретінде пайдаланып, олардың мәселесін шешіп беретін осы заманның ханшайымына айналған».

Eurasia View үкіметке нақты шаруаларды орындатқызатын «пәрменділігімен» қоса Каримованың қиналған жандарға көмек қолын созғыш «жомарттығы» да дәріптеліп жатқанын айтады. Мәселен, жақында Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің көзі мен құлағы саналатын Uzmetronom сайты Каримова ханымның бір кейуанаға қызына операция жасату үшін 35 мың АҚШ долларын берем деп уәде еткенін хабарлады. Ташкент түбіндегі Кибрай ауданында тұратын үш баланың анасы Каримоваға Instagram платформасы арқылы өтініш жасап, бес жасар қызының қатерлі ісігін емдетуге көмектесуді сұраған. «Бар үмітім сізде және бір Құдайда» деп жазыпты әлгі кейуана. Гүлнара Каримова оған: «Мен Құдайға сенемін және сізге ақша беремін» деп жауап берген.
Гүлнара Каримованың Twitter парақшасы
Гүлнара Каримованың Twitter парақшасы

Екі күннен соң «Новый век» атты жекеменшік басылым Каримованың қайырымдылық қорына сілтеме жасай отырып, оның бұған дейін де әлеуметтік желі арқылы қайырылған екі адамға көмектескенін айтты.

Бір жолы Ташкент маңайындағы ауыл тұрғындары Каримоваға Twitter арқылы хат жазып, жолдарды кеңейту жобасы бойынша үйлерінің бұзылғалы жатқанын айтқан. Каримова оларға премьер-министр Шавкат Мирзоевтың өзі келіп, тұрғындармен кездеседі және бұл «зорлық-зомбылыққа тыйым салады» деп уәде берген. «Новый век» басылымының жазуына қарағанда, жергілікті дипломатияға тән емес ерекше бір оқиға болып, Каримованың пәрменімен үкімет басшысының өзі халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға келіпті.

Осы басылым келтірген және бір мысал: Ташкенттің бір тұрғыны Instagram арқылы Каримоваға арызданып, қаланың Чиланзар ауданындағы бақтың орнына көлік тұрағын салу жобасын тоқтатуды сұраған. Президенттің қызы оған қала әкімшілігіне, президент әкімшілігіне және Каримованың өзі құрған «Әлеуметтік жауапкершілікті азаматтар қорына» арыздануға кеңес берген. Кейін Каримова Twitter-дегі парақшасында: «Тұрғын ауданының ортасынан салу жоспарланған көлік тұрағы салынбайтын болды. Бұл мәселені шешуге министрлер кабинеті мен басқа да ресми мекемелер ат салысты» деп жазған.
Лола Каримова-Тиллаева АҚШ-та сатып алды деп хабарланған зәулім үй.
Лола Каримова-Тиллаева АҚШ-та сатып алды деп хабарланған зәулім үй.

«Әдетте Каримова Twitter-ді өзінің фанаттарымен пікірлесу және кезекті қымбат иіссуының шыққанын хабарлау үшін, кейде өзін сынағандарға жауап қайтару үшін пайдаланатын. Фанаттары осы апта бойы @GulnaraKarimova аккаунтына Каримованы туған күнімен құттықтаған хабарламалар жіберумен әлек болды. Гүлнара өзінің 41-ші туған күнін Ташкенттегі гольф-клубта атап өту үшін ақшасын аямады» деп жазады Fergana News.

Eurasianet.org сайтының жазуына қарағанда үлкен Каримова қайырымды ханшайымның жағымды имиджін қалыптастырып жатқан тұста оның сіңлісі, Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Лола Каримова-Тиллаева АҚШ-тың Беверли Хилс ауданынан зәулім сарай сатып алған.

The Real Estalker атты өсек-аяң блогында жазылған ақпаратқа қарағанда өзбек президентінің кіші қызының 4,500 шаршы метрге жуық, 11 ваннасы бар үйі 47 миллион долларға бағаланған.
XS
SM
MD
LG