Accessibility links

Өзбекстандық белсенділер Еуропаға жете алмай отыр


Вячеслав Ахуновтың "Тұйықта" суреті.
Вячеслав Ахуновтың "Тұйықта" суреті.

Екі өзбекстандық белсендіге елден шығуға виза берілмей жатыр. Олар Өзбекстан оппозициялық қозғалысының Еуропада өтетін құрылтайына шақырылған.


Өзбекстанда танымал суретші Вячеслав Ахунов пен социолог Баходыр Мұсаевқа елден шығу визасы берілмей жатқанына екі айдан асқан.

Баходыр Мұсаевтың айтуынша, ол наурыздың 27-сі Ташкент қаласы Хамза ауданы ішкі істер басқармасының шетелге шығу және азаматтықты рәсімдеу бөліміне виза алу үшін құжат тапсырған, мемлекеттік төлемдерді төлеген.

- Тапсырғанымызға екі айдан асты - жауап жоқ. Барсақ, ондағылар «Неге екенін білмейміз» деп таңғалып отыр, - дейді Мұсаев.

ЕКІ ЖЫЛДА - БІР ВИЗА

Ал суретші Вячеслав Ахунов құжаттарын наурыздың 25-і тапсырғанын айтты.
Вячеслав Ахунов шеберханада отыр.
Вячеслав Ахунов шеберханада отыр.

- «Жоғарыдан рұқсат келмеді» дейді. Олай болса, ресми «отказ» беріңіз десек, «Тек сіздер ғана емес, мұндайлар көп, күтіңіз» дейді. Наурыздың 25-інен бері «күтіңіз» деген сөзден басқа ешнәрсе естімей отырмыз, - дейді ол.

Өзбекстанда азаматтар екі жыл сайын шетелге шығуға рұқсат алуға құқылы. Төлқұжатқа қойылатын бұл мөрді тиісті қызметкерлер 20 күнде қояды.

Совет дәуірінен қалған бұл тәртіп Өзбекстан азаматтарының өздері қалаған елде тұрып, жұмыс істеулеріне, балаларын мектепке беріп, медициналық қызметті пайдалануларына қатысты үлкен проблемаға айналған.

«ГЕРМАНИЯДАҒЫ КӨРМЕГЕ БАРА АЛМАДЫМ»

Вячеслав Ахунов виза ала алмағандықтан, осы аптада Германияда ашылған көрмеге де бара алмады.

- Маусымның 6-сы күні Германияда қазіргі заман өнері көрмесі ашылды және ол жерде менің суреттерім де қойылған. Суретшілер бес жыл сайын ұйымдастырылатын осындай көрмелерге қатысуға тырысады. Олар үшін бұл - қажет шара. Алайда менің мемлекеттен шығуыма мүмкіндік бермей жатыр, - дейді Ахунов.
Германиядағы қазіргі заман өнерінің көрмесі. Франкфурт, 20 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Германиядағы қазіргі заман өнерінің көрмесі. Франкфурт, 20 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Екі жылда бір жаңартылуы тиіс «шығу визасы» азаматтарды мемлекеттік мекемелерге тәуелді етіп қойған.

Соңғы жылдары Өзбекстан үкіметін сынап жүрген құқық қорғаушылар мен тәуелсіз журналистердің шетелге шыға алмаған оқиғалары жиілеген.
Алайда Вячеслав Ахунов пен Баходыр Мұсаевтың екеуі де бұдан бұрын елден шығу визасын алуда өздерінде ешқандай проблема болмағанын айтты.

Олар оппозициядағы «Өзбекстанның халық қозғалысының» кезекті құрылтайына (Еуропаға – ред.) баруға ынта білдіргендері үшін виза ала алмай отырғандарын жеткізді.

- Олар (билікті айтады – ред.) Стокгольмдегі шараға қатысатынымды біліп қойған. Сондықтан биыл менің шетелге шығуыма кедергі жасап отыр. Себебі Баходыр Мұсаев та дәл осы жиынға шақырылған, оған да шығу визасын бермей жатыр. Біз ол жерде Өзбекстандағы саяси, әлеуметтік жағдай туралы мәлімдеме жасамақшы едік. Өкінішке орай бұл ойымыз жүзеге аспайтын көрінеді, - дейді Вячеслав Ахунов.

«ҚҰҚЫҒЫМ ТАПТАЛЫП ЖАТЫР»

Дегенмен Баходыр Мұсаев та, Вячеслав Ахунов та «әлі де болса, бізге шығу визасын беріп қалар» деп үміттеніп отыр.
Өзбекстан полицейі. Ташкент, 31 наурыз 2004 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан полицейі. Ташкент, 31 наурыз 2004 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ақыр аяғында олар виза беруге мәжбүр болады. Себебі менің құқықтарым бұзылып жатыр. Ешбір заңды бұзғаным жоқ, сотталмаған адаммын. Мен әрдайым еркін суретші болғанмын, - дейді Вячеслав Ахунов.

Азаттық радиосының Өзбек қызметі осы мәселеге байланысты билік орындарынан комментарий алу үшін Өзбекстан республикасының шетелге шығу және азаматтықты рәсімдеу басқармасына телефон шалды. Басқарманың өзін таныстырмаған қызметкері телефон арқылы мәлімет берілмейтінін айтты.

Өзбекстан - Орталық Азияда азаматтардың шетелге шығуы үшін арнайы рұқсат беретін жалғыз мемлекет.
XS
SM
MD
LG