Accessibility links

Өзбекстан Алматыдан экстрадицияланған босқындарын соттай бастады


Өзбек босқыны Файзуллахон Акбаров экстрадициялық сотта. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.
Өзбек босқыны Файзуллахон Акбаров экстрадициялық сотта. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.

Сотталғандардың алды 15 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сот процестерінің заңсыз өткенін алға тартқан құқық қорғаушылар Қазақстаннан елде қалған өзбек босқындарын Өзбекстанға қайтармауды сұрап отыр.


Өзбекстандағы «Эзгулик» адам құқығын қорғау бірлестігі Қазақстаннан экстрадицияланған өзбек босқындарына қатысты сот процестерінің басталғанын хабарлап отыр.

ҮКІМ

Ұйымның жазуынша, екі азаматқа қатысты сот үкімі шығып та қойған.
«Тамыздың 21-і күні Сырдария облыстық соты қылмыстық іс бойынша 1992 жылы туған Ахмад Болтаевты Өзбекстан республикасының қылмыстық кодексінің 159 («Өзбекстанның конституциялық құрылысына қол сұғу»), 216 («қылмыстық топ ұйымдастыру») және 244 («қоғамға қауіп төндіретін материалдар тарату») баптары бойынша кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды» деп жазылған ұйымның хабарламасында.

Ұйымның жазуынша, «тыйым салынған діни ұйымның жұмысына араласқаны» үшін 244-бап бойынша айыпталған Файзулла Акбаров бес
Өзбек босқындарын Өзбекстанға экстрадициялауға қарсы пикет. Алматы, 2 желтоқсан 2010 жыл.

жылға кесілген.

Өзбек құқық қорғаушысы Сухробжан Исмаиловтың айтуынша, жабық жағдайда өткен бұл азаматтардың сот процестерінде заң өрескел түрде бұзылған.

ТЕРГЕУШІЛЕРДІҢ «АЙЛАСЫ»

Оның айтуынша, сотқа туыстары қатыстырылмай, тергеушілер жағы туыстарына тәуелсіз адвокат жалдауға мүмкіндік бермеген. Құқық қорғаушының айтуынша, тергеу кезінде айыпталушылардың туыстарымен немесе жақындарымен кездесуіне де тыйым салынған.

- Сондықтан бұл жерде процеске тек адвокаттарының ғана қатысуға мүмкіндігі бар еді. Алайда тергеушілердің барлығы «адвокаттың қажеті жоқ», «тергеу әділ өтеді», «кімнің кінәлі-кінәсіз екенін жылдам анықтап, босатып жібереді» деп, ата-аналарды тәуелсіз адвокат жалдамауға үгіттеген, - дейді Сухробжан Исмаилов.

Мұндай істер бойынша жеке тәжірибесіне сүйенген құқық қорғаушы оны «тергеушілердің айласы» деп атайды.

- Егер тәуелсіз тергеуші іске араласатын болса, онда тергеуге алынған азаматтан өздеріне қажетті жауапты ала алмайтынын олар біледі, - дейді Сухробжан Исмаилов.

«АППЕЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМЫН ҚАБЫЛДАМАЙ ҚОЙДЫ»

Сот отырыстарының өте қысқа уақыт аралығында өткенін айтқан құқық қорғаушы құқық қорғау органдарының сотталған азаматтарды аппеляциялық шағым беру құқығынан да айырғанын айтады.

- Файзулла Акбаровтың анасы сот үкімін аппеляцияға бермек болған кезде оған «сіз сот процесіне қатысушы болмағандықтан аппеляция беруге
29 өзбек босқынының төртеуі Алмалы аудандық сотында отыр. Алматы, 11 наурыз 2011 жыл.

құқығыңыз жоқ» деп айтқан. Бірақ Өзбекстан заңы бойынша ол ұлының заңды өкілі болып саналады. Ол кез-келген түрде, сонымен бірге аппеляцияға да шағым түсіре алады. Бірақ оның да шағымын қабылдамай қойған, - дейді Сухробжан Исмаилов.

Экстрадицияланған азаматтардың туыстарының сөзіне сүйенген құқық қорғаушы оларға моральдық-психологиялық қысым жасалғанын айтады. «Тәжірибе мұндай істе кей кезде оларға физикалық қысым жасалатынын да көрсетіп отыр» дейді ол.

ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫН ЕЛІНЕ ҚАЙТАРМАУҒА ШАҚЫРУ

«Эзгулик» бірлестігінің хабарлауынша, қазір Өзбекстанда 29 өзбек босқынның 10-ына қатысты сот процестері басталған. Ұйымның жазуынша, олардың басым бөлігіне «Жиһадшылар» радикалды діни ағымына қатысы бар» деген айып тағылып отыр.

Қазақстанда Өзбекстаннан келген дінге қатысы бар азаматтардың «қуғындалып» жатқанын айтқан басқа қалған өзбек босқындарын елге қайтармауға шақырады.

«Қазір Ташкент облысы Кибрай ауданында тұратын іздеуде жүрген Шерназаров Шерзода мен оның діни экстремизм бойынша айыпталған жолдастарын экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. БҰҰ-ның арнайы құрылысы арқылы бөлінген адвокат арқылы «Эзгулик» қауымы
Өзбек босқынының паспортындағы Қазақстаннан шығару туралы мөр. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл.

Алматы қалалық сотына діни сенімдегі адамдарды Өзбекстанға қайтармау туралы мәлімдеме тапсырды» деп аяқтайды хабарламасын «Эзгулик» ұйымы.

Осыдан бір жыл бұрын Алматы полициясы «Мигрант» операциясы барысында 50 өзбек босқынын ұстап, олардың 30-ын тергеу изоляторына қамаған болатын. Қазақстандық заң орындары оларды Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша тұтқындаған еді. Қазақ көші-қон мекемесі оларға босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң мұсылман-босқындар сотқа шағым түсірген. Алайда бұлардың ісін бірнеше ай бойы қараған Алматы соты қамаудағылардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Бұл азаматтарды «өз еліне қайтармау» туралы адам құқығын қорғау ұйымдарының үндеулеріне қарамастан, Қазақстан 2011 жылы маусым айында оларды өзбек полициясының қолына тапсырды.

Қаңтар айында Алматыда тағы да екі өзбек азаматы (ағайынды Сунатулла Кулдошев және Сухроб Кулдошев) ұсталғанын Азаттық радиосы хабарлаған. Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Денис Дживаганың пікірінше, Алматы қалалық соты бұл екі азаматқа да босқын мәртебесін беруден бас тартқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG