Accessibility links

«Каримовтің Өзбекстаны» туралы естеліктер


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) пен Армения президенті Левон Тер-Петросян баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) пен Армения президенті Левон Тер-Петросян баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Өзбекстанның марқұм болған президенті Ислам Каримов туралы өткен аптада көп нәрсе айтылды, әлі де айтыла бермек. Өзбекстандағы мемлекеттік БАҚ Каримовтің ұзақ жылдар бойы қол жеткізген жетістіктерін тізбелейді, соңғы уақытта мұндай хикаялар тіпті көп хабарланып жатыр.

Батыс ақпарат құралдары Каримовті қатыгез диктатор ретінде сипаттайды, тұтқындарды тірідей суға қайнатқан және 2005 жылдың мамырында Әндіжанда бейбіт тұрғындарды қырған деп жазады.

Мен Орталық Азия елдерінің біраз басшыларымен кездестім, бірақ Каримовпен ешқашан жүздескен емеспін. 10 жылдам астам уақыт Өзбекстанға келуге болмайтын адамдар санатында болдым, сондықтан осы ғасыр басталғалы ол жаққа аттап баспадым.

Баяғыда, 1990 жылдан бастап 10 жыл уақыт Өзбекстанды көп араладым. Сол кездерде бұл елдің көптеген тұрғындарымен сұхбаттастым, олардың айтқандары да есімде қалды. Каримов тұсында елдің қалай өзгергенін көрдім. Баспасөз бен билік өкілдері Каримов дәуірін «жақсы кезең ретінде есте қалады» деп жатыр.

Ислам Каримовтің портретіне қойылған гүлдер. Әндіжан, 5 қыркүйек 2016 жыл.
Ислам Каримовтің портретіне қойылған гүлдер. Әндіжан, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Ал мен ол билік еткен алғашқы жылдардағы өз көзіммен көрген дүниелерімді баяндамақпын. 1990 жылдың жазында мен Ташкент мемлекеттік университетінің студенті едім, өзбек тілін үйреніп жаттым. Ол кезде мен Өзбекстандағы жалғыз америкалық емес едім, бірақ санымыз аз еді, бізбен сөйлескенді таңсық көретіндер көп болатын. Сондықтан адамдармен танысып, араласу оңайға түсті.

Сол кезде советтік Өзбекстан республикасының президенті, 1989 жылдың маусымынан бастап Коммунистік партияның бірінші хатшысы болса да Каримовтің атын қарапайым адамдардың жиі атағаны есімде жоқ. Қазақстанның басшысы кім екенін білетінмін – Нұрсұлтан Назарбаевты советтік телеарнада Михаил Горбачевпен бірге талай рет көрдім. Ал Каримовті байқамаппын.

1990 жылдың тамызында Өзбекстаннан кеткенде республиканы кім басқаратынын білген жоқпын. 1992 жылдың көктемінде Ташкентке оралғанымда Ислам Каримов туралы алғаш естідім. Ташкенттегі студенттер толқуынан бірнеше ай ғана өткен еді.

Ресми түрде азғантай адам қаза тапты деп хабарланғанымен, жұрт қаңтардың 16-17-сі күндері болған қымбатшылыққа қарсы наразылықта «мерт болғандар көп» деп жүрді. Мен әңгімелескен адамдар «опат болғандар саны 100-200-ден де асып кетті» дейтін.

Ташкент және оның маңайындағы студенттер үйлеріне қайтарылды. Адамдар студенттерді басып-жаншуға Каримов бұйрық берді деп жүрді, бірақ олар мұны тәртіпсіздікке қарсы кәдімгі советтік реакция деп ойлады.

Бір қызығы, Ферғана өңіріне барғанымда ешкім маған 1991 жылдың желтоқсанында Наманганда болған оқиға туралы айтпаған еді. Ол жолы Каримов қолайсыз жағдайға тап болған. Кейін жаман аты шыққан «Өзбекстанның ислам қозғалысы» жетекшісі Тахир Юлдаш сол жолы Каримовке елді дұрыс басқару туралы уағыз айтқан екен. Бұл жайында мен кейінірек, 1994-95 жылдары жергілікті құқық қорғаушылардан білдім.

Тахир Юлдаш.
Тахир Юлдаш.

1992-93 жылдар түсініксіз кезең еді, тек Өзбекстан емес, Орталық Азия елдеріндегі жалпы жағдай сондай болды. Тәуелсіздіктің не екенін, қалай жұмыс істеу керектігін ешкім білмеді. Жергілікті шенеуніктер бірінен соң бірі ауысып жатты, бірі қабілетсіз, екіншісі жемқор болып шықты.

Ауыл басшысымен кездесуге келетінмін, үш-төрт айдан соң қайтып оралғанда басқа адам отыратын. Жұрттың тұрмысы өте нашар болды, олар тәуелсіздік алғанымыз дұрыс болмаған шығар деген күдікке де берілетін. 1992 жылдың жазында мен өзбек достарыммен бірге пәтерде отырып мемлекеттік телеарнадан парламент отырысын көрдім. Депутаттар «өзара сөйлескенде «товарищ» деген орыс сөзін қолдануды тоқтатып, оның өзбекше баламасы «юлдаш» сөзін қолдану керек пе?» деген маңызды мәселені талқылады.

Каримов тұғырға көтеріліп, сөйлей жөнелді, бірақ мен түк түсінбедім. «Мен өзбекше өзім ойлағаннан нашар біледі екенмін. Оның сөзін ұқпай тұрмын» дедім жолдастарыма. Олардың бәрі күле бастады. «Бұл - біздің өзбек тілі емес, оның тілі. Ол өзбекше сөйлей алмайды» деді.

Өзбекстандық БАҚ кейіннен Каримовті Өзбекстан мен оның тұрғындарын репрессиялық Совет Одағы құрсауынан алып шықты деп сипаттады. Бірақ ол бастапқыда халықпен тек орыс тілінде сөйлесетін. Каримов кейін өзбекше үйренді, бірақ орысша сөйлеген оған ыңғайлы көрінетін.

1992-93 жылдары мен Ташкент немесе Самарқандағы қонақүйлерде болғанда әскери телебағдарламалардың көбейгенін байқадым. Каримов Орталық Азия (ОА) аймағындағы ресейлік солдаттарды елден шығарған және басқа республикаларда қызмет етіп жатқан өзбек солдаттарын елге шақырған бірінші басшы болды.

Каримовпен қоштасу кезінде көшеде жылап тұрған әйел. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.
Каримовпен қоштасу кезінде көшеде жылап тұрған әйел. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Каримов Өзбекстанның Орталық Азиядағы әскери қуаты жағынан ең қуатты мемлекет болғанын қалады. Оның көршілес ОА елдерінде ресейлік солдаттар мен шекарашылардың болғанына ашулануының бір себебі сол деп ойлаймын. Олар Өзбекстанның аймақта басым күшке айналуына кедергі келтірді.

Каримовтің Тәжікстандағы азамат соғысынан қашқан босқындарды еліне кіргізбегеніне қайран қалдым. Қырғызстан оларды кіргізді, оларды Алматының маңынан да көрдім, Түркіменстанда да жүрді, қандай жолмен жетті екен деп қайран болдым. Бірақ оларды Өзбекстан жолатпады. Өзбек-тәжік шекарасы Орталық Азиядағы алғаш жабылған шекаралардың бірі.

1992 жылы ОА елдері жолдарында шекаралық бекеттер болмаған еді. Бір елден екіншісіне қиындықсыз өтіп жүрдік. 1992 жылдың күзінде Өзбекстан алғаш рет Ферғана алқабында шекара бағандарын орната бастады. 1993 жылдың соңына қарай көршілес елдерден Өзбекстанға тексеріссіз өту мүмкін болмады.

1995 жылы кейін қайтқанымда адамдар Каримов туралы әртүрлі пікірде болды. Оны жақтырмайтындар бар еді, бірақ көбі оның билігін 2000 жылға дейін созу туралы референдумға қарамастан ол ұзақ отырмайды деп сенді. Елді одан гөрі жылдамырақ дамытатын жақсы басшы келеді деп үміттенді. 1996 жылы мен кеткенде бұл елде сондай пікір кең тараған еді.

Менің 1998 жылы Өзбекстанға жасаған саяхатым Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына арналған мерекеге, яғни мамырдың 9-ына тұспа-тұс келді. Бірінші рет мен Ташкент маңына шоғырланған полиция қызметкерлері көп екенін байқадым, тіпті ауылды жерлерде олар бұрынғыдан көбірек еді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада), Қырғызстан президенті Асқар Ақаев (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев егістік алқабында тұр. Қазақстан, Ақмола облысы, 27 тамыз 1993 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада), Қырғызстан президенті Асқар Ақаев (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев егістік алқабында тұр. Қазақстан, Ақмола облысы, 27 тамыз 1993 жыл.

Таныс адамдар өзара Каримов туралы айта беретін, бірақ олар өз пікіріне барынша сақ болды, қастарында бөтен адам таяса, жаман сөйлемеуге тырысты. Осы сапар аясында Ташкенттегі Өзбекстанның бас мүфтиімен кездесуге бардым. Оның кеңсесіне кіргенде кітап сөресінде Каримовтің кітабы Құранның үстінде тұрғанын көрдім.

Келесі күні Өзбекстан қонақүйінен шығып, көше араладым. Бір жердегі тар көшенің екі жағында адамдар дүңгіршек қойып, түрлі заттар сатып жатыр екен. Кітап сататын жерге тоқтадым. Негізінен компьютерді қалай қолдану керек немесе ағылшын тілін үйрену туралы кітаптар, бір бұрышта Каримовтің «Тұрақтылық пен реформа: Мақалалары мен сөздері» атты кітабы шаң басып жатты. Мен әйел адамға оны сатып алатынымды айтқанда ол «не үшін?» деп таңғалды. Бұл кітап әлі менің сөремде алғаш алған кездегідей шаң басып тұр. Бесінші беттен ары оқи алмадым.

1999 жылы «Өзбекстан ислам қозғалысы» шабуылдарынан хабар беру үшін Қырғызстанның оңтүстігіне бардым. Ол сапарда Өзбекстанға соқпадым, бірақ Баткенге барар жолда Сох эксклавы арқылы өттім. Бұған дейін Сохтан оншақты рет өткен шығармын, бірақ 1999 жылы мені ұстап алып, бірнеше сағат тергеді.

Өзбек армиясының шенеуніктері мен галстук таққан бір адам мені ұстауға толық құқылары бар екенін, Баткенде болып жатқан оқиға жайлы толық баяндауым қажет екенін айтты. Олар барынша сыпайы болды, бірақ өздеріне қажетті деректі алмай мені босатпады.

2000 жылы «Өзбекстан ислам қозғалысы» Қырғызстан мен Өзбекстанға шабуыл жасап, мен осы оқиғадан хабар тарату үшін оралдым. Бұл кезде Өзбекстандағы жағдай қатты өзгеріпті. Мені құшақ жайып қарсы алмайтындары анық байқалды. Қалаған орныма жетуіме Өзбекстанды жақсы білуім ғана көмектесті. Жолымда кездескен әр шенеунік ескерту жасаумен болды.

Ташкент полициясы. (Көрнекі сурет)
Ташкент полициясы. (Көрнекі сурет)

Ташкентте Термезге дейінгі ұшақ билетін сатып алар алдында олар Азаттықты «терроршыларды сөйлеткен радио» деп айыптайтындарын айтты (Азаттық тілшісі «Өзбекстан ислам қозғалысы» баспасөз хатшысынан сұхбат алған едік). Майданға жақын жердегі Сариосия елді мекеніне келдім. Мұнда соғыс болған таудан қашқан босқындар лагері тұрды. Бірнеше жүздеген адам Сариосия балалар лагерін паналап жатты. Олардың бәрі этникалық тәжіктер еді.

Олар қажетті заттарын жинауға бірнеше сағат қана берілгенін, асығыс қашқандарын айтты. Әскерилер оларға ешқашан оралмайтындарын ескерткен, аумақтың көп жеріне мина қойылған, сондықтан тіршілік ету өте қауіпті. Лагерьде істейтін жұмыс жоқ еді.

Кешке олар күрес ұйымдастыратын, ерлер мен әйелдер, балалар соны келіп көретін. Бір кезде ғажап оқиға болды, екі қарт - 70 жастағы ақсақалдар белдесуге шықты. Бәріміз күлдік, 45 секундтан соң жастар күресті тоқтатты, адамдардың бәрі олардың қолдарын қысып, арқаларынан қақты.

Бірнеше айдан соң биліктің сол жердегі 18-45 жастағы барлық ер адамды қамағанын естідім. Қарулы содырлар келіп олардан тамақ пен баспана талап етіпті. Үкімет оларды сол үшін содырлардың сыбайласы санаған. Ол жерде болған кезде мені де аңдумен болды.

«Өзбекстан ислам қозғалысының» басшысы Юлдаштың Намангандағы үйіне келіп анасымен сөйлеспек болғанымда екі көлік менің қасыма тоқтады, ішінен төрт ер адам шығып бірнеше метр жерде тұрды. Мен кәрі әрі үрейлі әйелден сұхбат алуға тырыстым.

Мен өзімді ешкім бақыламай жүрген кезде адамдарды ашық әңгімеге тартуға тырыстым, бірақ олардың қорқатыны анық еді. Қатаң шаралар қолданылып жатты. Билік «Өзбекстан ислам қозғалысы» жақтастарын іздеді. Мен бір діндар мұсылманмен сөйлестім, ол пәтеріне кіреберіс жерде бір жәшік арақ сақтайтынын айтты.

Оны қауіпсіздік қызметкерлері бірнеше рет тергеген, сол кезде оларға арақ беріп отырған екен. «Арақты көргенде мені экстремист деп ойламайды» деді ол. Бұл 10 жыл ішіндегі өзгеріс еді.

1990-жылдардың басы өте көңілді кез болды, айналамдағылардың бәрі, тіпті құқық қорғау өкілдері мен шенеуніктер де сондай еді. Болашақ қандай болатыны белгісіз еді, бірақ уақытты қызықты өткізуге мүмкіндік бар еді. Ал 1990-жылдардың соңында көп нәрсе белгілі бола бастады, бірақ қызықты сәттер азайған болатын.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG