Accessibility links

Каримовтың жаңа саясаты туралы болжамдар айтыла бастады


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Ресей, Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Ресей, Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ресейге барған сапарында «НАТО Ауғанстаннан кеткен соң, аймақтағы тұрақтылық кепілі Ресей болады» деп мәлімдеді.

Ислам Каримов сәуірдің 15-і күні Ресейге барды. Америкалық Stratfor жекеменшік барлау мекемесі Өзбекстан президентінің бұл ресми сапарына қатысты баяндама жариялады. Онда мекеме «Өзбекстан мен Ресей арасындағы күрделі, кейде тіпті қайшылықтарға толы қарым-қатынастарды» ерекше атап өткен.

Мәліметтерге қарағанда, екі басшы 2013-2017 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюмен қатар, Орталық Азиядағы қауіпсіздік және саясат мәселелері төңірегінде пікір алмасқан.

«РЕСЕЙГЕ БАҒЫНБАЙ КЕЛГЕН ЕЛ»

Барлау мекемесінің сарапшысы «Өзбекстан осыған дейін Ресейдің ықпалына бағынбай келді. Бірақ кейбір аймақтық мәселелер мен басқа балама қарым-қатынастардың шектеулі болуы Ташкентті Мәскеумен байланысты нығайтуға итермелеп отыр» дейді.

Оның ойынша, Каримов Орталық Азиядағы басқа әріптестерімен салыстырғанда Ресей басшыларымен сирек кездеседі. Мәселен, Қазақстан Ресейдің басқаруындағы Кеден одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше болды, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда Ресейдің әскери базалары бар. Сондықтан бұл елдердің басшылары Мәскеуге жиі барып, ақылдасып отырады.

«Өзбекстан – Орталық Азиядағы халқы ең көп ел, әрі экономикасына жеткілікті энергия ресурстары бар. Сондықтан Ташкенттің Мәскеумен қарым-қатынасы тығыз түрде дамыған жоқ. Өзбек елі Кеден одағы сияқты экономикалық блоктарға кіруге қарсы болып келеді. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің кейбірі Ресеймен одан да тығыз интеграцияға ұмтылып отырғанын желеу еткен Ислам Каримов өз елін 2012 жылы бұл ұйымнан шығарып алған» дейді сарапшы.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Ташкент, 16 маусым 2004 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Ташкент, 16 маусым 2004 жыл.

Барлау мекемесінің өкілі «ҰҚШҰ-дан шыққан Өзбекстан бұл аймақта белсенді әрекет етіп жатқан басқа сыртқы күштер – Батыс және Қытаймен қауіпсіздік саласында тығыз байланыс орнатады деген болжамдар болған. Солай болды да. 2014 жылы НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылған соң, бұл елдегі тұрақсыздықтан қауіптенген Ташкент ауған жерінен шығарылатын әскери жабдықтарды өзі алып қалу жөнінде АҚШ-пен келіссөздер жүргізе бастады. Бұл ел, сонымен қатар, Қытаймен және Еуропа Одағымен әскери саладағы ынтымақтастықты жандандырып, қаруға қатысты эмбаргоны алғызып тастады» дейді.

«Алайда бұл келіссөздердің ешқайсысы қару-жараққа қатысты қандай да бір нақты келісім-шартқа айналған жоқ. Ташкент әлі де аяғын аңдап басып отыр. Каримовтың бұл жолғы сапарында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық мәселесі күн тәртібіне қойылғанына қарағанда, Өзбекстан басқа елдермен бұл саладағы байланысты әрі қарай нығайтуға құлықты емес. Бірақ өзбек жағы Ресей ықпалы шамадан тыс күшейіп бара жатқан жағдайда бұрылатын басқа жолдары да бар екенін де байқатып отыр» деп жазады америкалық сарапшы.

ЖЕР МЕН СУ

Ресей мен Өзбекстан қарым-қатынастарына қатысты Stratfor ары қарай былай жазады: «Ташкент пен Мәскеу арасында Ресейдің Орталық Азия аймағындағы рөліне қатысты да біраз келіспеушіліктер бар. Өзбекстанның көршілес Қырғызстанмен және Тәжікстанмен шекара дауы совет заманынан келе жатыр.

Шекаралық өзендерге және суға қатысты шешімін таппаған мәселелер де бар. Қырғызстан мен Тәжікстан өзбек жеріне қарай ағатын өзендеріне су электр станцияларын салып, мұнай және табиғи газға тәуелділіктен құтылуды көздейді. Ресей екі таулы елмен тығыз байланысын пайдалану арқылы Өзбекстанға ықпал еткісі келеді. Бірақ шектен шығып кетуден де сақтанады. Мәселен, жақында Ресей Тәжікстандағы Рогун бөгетіне қаржылай көмек беруді тоқтатты.
Ресейде жүрген жүрген өзбек мигранттар. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2012 жыл.
Ресейде жүрген жүрген өзбек мигранттар. Санкт-Петербург, 8 тамыз 2012 жыл.

Осындай қайшылықтарға қарамастан, Ресей Өзбекстанның ең басты сауда әріптесі болып отыр. Ресейдегі өзбек жұмысшылары елге жылына 6 миллиард доллардай пайда түсіреді. Бұл – Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің 16 пайызы. Оның үстіне Ислам Каримов – бірбеткей мінезіне қарамастан, Кремльдің СССР құлағаннан бері тақта отырған ескі танысы. Каримовтың жасы ұлғайып келеді, ал орнын басатын адамның кім екені әлі анық емес. Осындай жағдайда Ресей мен Өзбекстан басшылары ескі достар ретінде келіссөздерін жалғастыра бермек».

«НАТО ОРНЫН РЕСЕЙ БАСАДЫ»

Ал Eurasia View басылымының жазуына қарағанда, «Ислам Каримов пен Владимир Путиннің кездесуінде террормен күрес және Ауғанстаннан НАТО әскерін шығару мәселелері талқыланған».

Басылым «Сәуірдің 15-і күні болған кездесуде жабық есіктің ар жағында не айтылғаны белгісіз. Алайда Вашингтонның Ауғанстаннан шығатын құрал-жабдықтарды Ташкентке сыйлауға ниет білдіруі Мәскеуді алаңдатып отыр» деп жазады.

Eurasia View мақаласы «Каримовтың «Ауғанстаннан НАТО әскері кеткеннен кейін аймақтағы қауіпсіздіктің жалғыз кепілі Ресей болады» деп сөйлеуі көп нәрседен хабар береді. Бұған қоса өзбек басшысы діни экстремизм мен терроризмді «ашық соғыстан да қауіпті құбылыс» деп бағалаған. Кездесуде төрт маңызды келісімге қол қойылып, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді» деп аяқталған.
XS
SM
MD
LG