Ресейлік рекрутерлер биліктен Украинадағы соғысқа жалдамалы қызметкер тартуға тыйым салынатын елдердің "қара тізімін" алды. "Важные истории" рекрутерлердің тобы мен чаттарынан осыны байқаған. Бұл жөнінде "Настоящее Время" жазды.
Рекрутерлердің ақпаратына қарағанда, тізімде 36 ел бар: басым бөлігі – Африка, араб елдері және Ресейге "жағымды" елдер. Арасында Қытай, Үндістан, Бразилия, ОАР, Түркия, Куба, Ауғанстан, Иран, Венесуэла да бар. Басылым бұл тізімді алғаш рет Ганадан келген жалдамалы қызметкер Келвин Эджирдің TikTok-аккаунтынан көрген. Ол Ресей әскері қатарында соғысқан, ал бірақ қазір Африкадағы азаматтарды Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға үгіттеп жүр.
Кімнің қандай деңгейде шешім қабылдағаны белгісіз, бірақ басылым бұл дипломатиялық байланыстың нәтижесі болуы мүмкін деп топшылайды. 2024 жылдан бері Ресей билігіне Непал, Үндістан және Шри-Ланка билігі шығып, өз азаматтарын соғысқа тартпауды сұраған. Ресей Үндістан мен Шри-Ланка азаматтарын соғысқа тартпауға уәде берген.
2025 жылдың қараша айында осыған ұқсас талапты Иордания айтқан, көп ұзамай ол да тізімге енгізілген.
Ақпан айында тізім тағы бірнеше елмен толықтырылған болуы мүмкін. Ресейлік офицерге сүйенген Ирак блогері Мустафа әл-Иасардың дерегінше, тізімге Аргентина, Ирак, Йемен, Камерун, Колумбия, Ливия және Сомали енгізілген, алайда келісімшартты сұрыптау орталығы тізімнің кеңейтілгенін растамады.
Тізімге Кения да кірген болуы мүмкін, ол жақтан жүздеген азамат соғысқа тартылған. "Настоящее Время" арнасы Кенияда азаматтарды Украинаға қарсы соғысқа қалай тартқаны зерттелгенін жазды. Соғыстан тірі қалған кениялықтар Ресей әскері өздерін штурмға жібергенін баяндаған.