АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясы салдарынан кемінде 100 адам қаза болды. Бұл жөнінде Венесуэла ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо мәлімдеді. Оның сөзінен Reuters пен CNN үзінді келтіреді.
"Қазіргі кезде қаза болған 100 адам бар. Жараланғандардың саны да шамамен сонша. Қақтығысқа түк қатысы жоқ адамдар, бейбіт тұрғындар, әйелдер опат болды. Олар өз үйлерінде болған.... Олар елімізге тасталған қуатты бомбадан зардап шекті" деді Кабельо.
Каракас бұған дейін операциядан қаза болғандардың санын айтпаған, бірақ әскер 23 сарбаздың тізімін жариялаған. Дереккөзге сүйенген The New York Times кемінде 40 адам қаза болғанын жазды. Куба үкіметі 32 әскери қызметкердің қаза болғанын мәлімдеген. Reuters-тің дерегінше, олар Венесуэла басшысы Николас Мадуроның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Америка операциядан қанша адам қаза болғанын айтпады. АҚШ президенті Дональд Трамп адамдардың қазасына өкініш білдірді.
Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті ұстау операциясы 3 қаңтарда өтті. АҚШ оларды есірткі айналымына қатысы бар деп айыптайды. Америка генералы Дэн Кейннің айтуынша, операцияға дейін орасан көп барлау жұмыстары жүргізілген. Операция барысында Венесуэланың әуе қорғаныс жүйесі басылып, тікұшақтардың көмегімен десанттар түсірілген. Осы әскери қимыл барысында америкалықтар жағынан ешкім қаза болмаған, бірнеше техника бүлінгенмен базаға оралған.
Дереккөзге сүйенген Associated Press агенттігі операция кезінде жеті америкалық сарбаз зардап шеккенін, кейбіріне оқ тигенін жазды. Бесеуі қызметке оралған, екеуі Техаста әлі емделіп жатыр.
Венесуэла президенті міндетін қазір вице-президент Делси Родригес атқарып жатыр. АҚШ одан есірткі айналымына тосқауыл қою бойынша бірқатар шараны талап етіп отыр: "Вашингтонға қарсы" ирандық, кубалық және өзге де агенттерді экстрадициялауды, АҚШ-тың қарсыластарына мұнай сатуды доғаруды талап етіп отыр деп жазды "Настоящее Время". Родригес елде сайлау өткізуге атсалысып, отставкаға кетеді деген болжам бар. Дегенмен Трамп алдағы 30 күнде елде сайлау өтпейтінін, себебі одан бұрын елде "тәртіп орнату қажеттігін" алға тартты. Трамптың сөзінше, алдағы уақытта Венесуэладағы істерді АҚШ "жүргізбек".