Accessibility links

Венесуэла Жоғарғы соты Делси Родригесті президенттің міндетін атқарушы етіп тағайындады


Делси Родригес
Делси Родригес

Венесуэланың жоғарғы соты президент Николас Мадуро жоқ кезде оның міндетін вице-президент Делси Родригеске жүктеу туралы қаулы шығарды. Сот қаулысында Родригестің "елді басқаруда мұрагерлікті сақтауға тиіс" және "елді қорғауы қажет" екені жазылған. Ол жөнінде Reuters жазды.

Мұның алдында Родригес Венесуэла мемлекеттік арнасы арқылы мәлімдеме жасап, Николас Мадуроны "елдің жалғыз заңды президенті" деп атап, АҚШ-тан оны дереу босатуды талап еткен еді. Родригес АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы "қарулы басқыншылығын" айыптап, елдің қорғаныс кеңесін іске қосқанын айтты. Айтуынша, үкімет елді қорғауға дайын және халықты тыныштық пен бірлікке шақырды.

Ол телеарна арқылы видеомәлімдеме жасап жатқан кезде онымен бірге бір үстелде Венесуэла билігінің өзге де өкілдері отырды. Арасында оның бауыры, Венесуэла ұлттық жиналысының жетекшісі Хорхе Родригес, ішкі істер министрі Диосдадо Кабелио және қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес те бар.

Бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп баспасөз жиыны кезінде Венесуэлада "билік тиісті түрде ауысқанға дейін" және "Америка шарттары орындалғанға дейін" елді АҚШ "басқаратынын" айтқан еді. Оны кім басқаратынын және Американың қандай шарт қойып отырғанын АҚШ басшысы айтпады. Бірақ ол өз сөзінде Мадуроның заңды мұрагері вице-президент Делси Родригестің "америкалықтармен әріптестікке дайын" екенін айтып, билік оппозиция өкілі, Нобельдің Бейбітшілік жөніндегі сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадоға өтпейтінін айтқан.

3 қаңтарда Америка әскері Венесуэланың астанасы Каракастағы әскери нысандарға соққы жасап, ел президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті ұстап, елден әкеткен еді. АҚШ билігі Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп санамайды және оны мен әйелін "АҚШ-қа қарсы қолдану үшін" "есірткі терроризмімен" айналысты, "қару-жарақ сақтады" деп айыптап жатыр. Сенбі күні кешке Мадуро мен әйелі Бруклиндегі қамау орталығына жеткізілді. NBC News хабарлауынша, Мадуро мен Флорестің соты 5 қаңтарда Нью-Йоркте басталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG