24 маусымда кешке Венесуэла астанасының батысында екі жойқын жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Каракастағы ғимараттар қирады. Дүмпудің магнитудасы 7,2 және 7,5 болды деп айтылады.
АҚШ-тың геологиялық қызметінің болжамынша, 10 мың мен 100 мың аралығында адам қаза болған болуы мүмкін. Билік әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер жөнінде мәлімет жарияламады.
“Каракаста кейбір ғимараттар қирады” деді ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо мемлекеттік арнадан сөйлеген сөзінде. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.
Президенттің міндетін атқарушы Делси Родригес елде төтенше жағдай режимі енгізілгенін хабарлады. Оның сөзінше, жер сілкінісі салдарынан Каракас халықаралық әуежайының ғимараты бүлінген, сол себепті әуежай уақытша жабылған.
BBC-дің жазуынша, табиғи апат кезінде венесуэлалықтардың көбі үй ішінде болып, тарихи жеңіс күнін тойлап жатқан. Каракастың оңтүстік жағында тұратын 80 жастағы зейнеткер Мария Ромеро Reuters агенттігіне оған үйден шығуына полиция көмектескенін айтқан. "Бұл 1967 жылғы жер сілкінісінен де қатты болды" деді ол.
1967 жылы 29 шілдеде Каракасте магнитудасы 6,5 жер сілкінісі болған. Оның эпицентрі астанаға жақын жерде орналасты. Ол кезде табиғи апаттан 240 адам қаза болған.