12 сәуір, жексенбі күні Венгрияда жергілікті уақытпен теңертеңгі сағат 6:00-де сайлау учаскелері ашылып, парламент сайлауына дауыс беру басталды. Дауыс беру сағат 19-ға дейін жалғасады.
Елдегі 8 миллионнан астам сайлаушы Ұлттық ассамблеяның 199 депутатын таңдайды. Деректерге сәйкес, алғашқы үш сағатта сайлаушылардың шамамен 17 пайызы дауыс берген. Бұл алдыңғы парламент сайлауы кезіндегі осындай кезеңдегі көрсеткіштен едәуір жоғары. Шетелдегі сайлау учаскелерінде де ұзын-сонар кезектер байқалды деп жазды басылымдар.
Биылғы сайлауда негізгі бәсеке 2010 жылдан бері билік басында отырған премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін "Фидес" партиясы мен Петер Мадияр басқаратын оппозициялық "Тиса" партиясы арасында өрбіп отыр. Сайлауға барлығы бес партия түсіп жатқанымен, нақты саяси тартыс осы екеуінің арасында жүріп жатыр. Парламентке өту үшін партиялар 5 пайыздық межені еңсеруі тиіс.
Сайлау алдындағы сауалнамалар қорытындысына қарағанда, бұл жолы Виктор Орбан биліктен айырылуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.
Бұл сайлау неліктен маңызды?
9,5 млн тұрғын халқы бар Венгрия Еуроодақтағы экономикасы аса қуатты елдер қатарына жатпайды (2025 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ Еуроодақтың орташа деңгейінің 76% тең болды, бұл 27 елдің ішінде 23-орын). Алайда, соған қарамастан, Венгрияның саяси рөлі нақты "салмағынан" әлдеқайда жоғары. Бұған 62 жастағы премьер-министр Виктор Орбанның еуропалық және жаһандық саясаттағы ерекше орны себеп.
Ол Еуроодақ елдері көшбасшылары арасындағы ең еуроскептик әрі Кремльге бүйрегі бұратын саясаткерлердің бірі саналады. Киевпен қарым-қатынасы өте күрделі Будапешт Еуроодақтың Украинаға көмек көрсетуге байланысты шешімдерін бірнеше рет бұғаттады. Оның ішінде жақында қабылдануы тиіс 90 млрд еуролық ірі пакет те бар.
Еуропадағы көптеген елдерден айырмашылығы, Венгрия Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Украинаға әскери көмек көрсеткен жоқ. Бірақ гуманитарлық қолдау білдіріп, ондаған мың украин босқынын қабылдады.
Брюссельмен арадағы ұзаққа созылған қайшылық және АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен тығыз байланыс Орбанның рөлін АҚШ пен Еуропа одақтастарының арақатынасы нашарлаған тұста одан әрі маңызды етті. Сайлау алдында Венгрияға АҚШ вице-президенті Ди Джей Вэнс барып, Орбанға қолдау танытты.
Орбан еуропалық ұлттық-популистік күштердің негізгі лидерлерінің бірі саналады. Оның "Фидес" партиясы 2024 жылы Еуропарламенттегі "Еуропа үшін патриоттар" тобының тең құрылтайшысы болды. Бұл топ бірнеше ұлтшыл және оңшыл радикал партияларды біріктіреді.
Виктор Орбанның саясаты
Еуроодақ Венгриядағы Виктор Орбан үкіметін демократиялық нормаларды бұзды деп бірнеше рет қатаң сынға алған. Еурокомиссияның бұрынғы басшысы Жан-Клод Юнкер тіпті оны "Виктатор" деп атаған.
Брюссельдің сынына Орбан билігі тұсындағы сот реформасы, оппозициялық БАҚ-қа қысым және Ресейдегі заңдарға ұқсас бірқатар репрессиялық нормалар — соның ішінде "шетел агенттері" және "ЛГБТ насихатына тыйым" туралы заңдар ілінді.
Орбан өзін "нелиберал демократияның" идеологы әрі "дәстүрлі христиан құндылықтарын" жақтаушы санайды. Ал сыншылары бұл ұрандардың артында ол құрған "мафиялық мемлекет" тұрғанын айтады.
"Саяси корпорация мемлекеттік аппаратты, экономиканы, тіпті олигархтардың өзін де өз бақылауына алды, — деп түсіндірді венгр саясаттанушысы Балинт Мадияр Азаттық радиосына берген сұхбатында. — Саяси элита мемлекеттік институттар арқылы бизнесті өзіне бағындырады. Шешім қабылдау министрліктерден бас дөкейдің бейресми ортасына өтті. Ол жерде министрлер де, ешқандай ресми лауазымы жоқ, алайда ықпалы орасан зор адамдар да отырады... Орбан әулетінің байлығы бүкіл Венгрияның ЖІӨ-нің шамамен 2% тең деп бағаланады. Ал төменірек, ауыл әкімдеріне дейін түссек, дәл сондай жемқорлықты ол жақтан да көреміз, тек ауқымы кішірек".
Соған қарамастан, Орбанды сын сағатта талай рет құтқарып келген тұрақты "темірқазық" электораты бар. Оның негізін егде жастағы азаматтар, шағын қалалар мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ табысы төмен әрі білімі әлсіз әлеуметтік топтар құрайды.
Алайда, кейінгі жылдары Венгрияда халықтың басым бөлігінің өмір сүру деңгейі төмендеп, мыңдаған жас әрі білімді азамат шетелге кетіп жатыр. Білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдай да нашарлаған. Бұл кейінгі 16 жылдағы билік партиясы рейтингісінің ең ірі құлдырауына әкелді.
Петер Мадияр кім?
"Фидес" партиясының басты саяси бәсекелесі — 45 жастағы Петер Мадияр жетекшілік ететін оппозициялық "Тиса" партиясы (толық атауы — Құрмет пен еркіндік партиясы).
Петер Мадияр бұрын билік партиясының мүшесі болған, заңгер болып жұмыс істеген және біраз уақыт Венгрияның Еуроодақ жанындағы өкілдігінде қызмет атқарған.
2024 жылдың басында Венгрияда ірі саяси жанжал туындап, соның әсерімен Мадиярдың бұрынғы әйел, елдің әділет министрі болған Юдит Варга және ел президенті Каталин Новак отставкаға кетті. Бұл оқиға Петер Мадиярдың жүйеге ашық қарсы шығуына түрткі болды.
Осыдан кейін оның саяси мансабы өте жылдам өсті: 2024 жылғы Еуропарламент сайлауында "Тиса" партиясы шамамен 30% дауыс жинап, "Фидес"-тен кейін екінші орын алды.
Мадияр қоғамдағы қордаланған наразылықты дәл сезіп, оны тиімді пайдалана білді. Оның бәсекелестері де мойындайтын еңбекқорлығы мен күш-жігері сайлау науқаны кезінде күніне 3-5 митинг өткізуінен көрінді.
Ол өзін либерал немесе солшыл риторикадан әдейі алшақ ұстап, "ағартушылық патриотизмі" өкілі ретінде көрініп, жемқорлықпен күреске, әлеуметтік мәселелерге және Брюссельмен прагматикалық татуласуға баса мән береді. Ал өз электораты арасында әртүрлі қабылдануы мүмкін тақырыптарды, мысалы, ЛГБТ қауымы құқықтары сияқты мәселелерді қозғамауға тырысады дейді бақылаушылар.
Ресей мен Украина туралы көзқарас
Екі саясаткер де өзін ең алдымен Венгрия мүддесін қорғаушымын деп көрсетеді. Бірақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы бұл жолғы саяси науқанның маңызды тақырыбына айналды дейді сарапшылар.
Орбанның Ресейге бүйрегі бұратыны жалпақ жұртқа белгілі. Ол Украина бұл соғыста жеңіске жете алмайтынын, оның пешенесіне жазылғаны – Ресей мен НАТО арасындағы "буфер мемлекет" болып қалу деп бірнеше рет мәлімдеген.
Ал жақында Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийяртоға байланысты шыққан жанжал оппозиция үшін үлкен "олжа" болды. Журналистер Сийярто еуропалық саясаткерлердің құпия келіссөздерінің мазмұнын Ресей сыртқы істер министрі Сергеу Лавровқа жеткізіп отырғанын анықтаған еді.
Орбан үкіметі биыл наурыздың басында Будапеште 40 миллион доллар мен 35 миллион еуродан астам ақша мен 9 келі алтын құймасын әкетіп бара жатқан екі көлікті ұстаған. Көлікте Австриядан отанына бара жатқан жеті украин азаматы болған. Украина олар бұл бағалы заттарды австриялық банктен украиналық банкке апара жатқан деп түсіндірді. Венгрия билігі ұсталған украин азаматтарын босатты, алайда ақша мен алтынды бермей, алып қалды. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл оқиғаны "мемлекеттік рэкет" деп атады.
"Фидес" партиясының антиукраиндік көңіл күйді қоздыруға белсенділік танытуын сарапшылар венгр үкіметінің баяғыдан Мәскеумен іскерлік байланысы барлығымен түсіндіреді. Венгрияның "Росатом" компаниясымен "Пакш" АЭС-і жаңа реакторлар құрылысын бастау туралы жасасқан бәленбай миллиард доллардың (және ашық емес) келісімін соның бір дәлелі ретінде атайды. Виктор Орбанның әрекеті арқасында Еуропа одағының ресейлік мұнайды тұтынуға салған шектеуі Венгрияға жүрмейтін болды. Осы мұнайды жеткізетін "Достық" құбырының Украина аумағындағы бөлігі істен шыққаннан кейін Будапешт Киевті сынап-мінеуді бұрынғыдан да күшейтті. Венгрия тұтынатын мұнай мен газдың 90 пайыздан астамын әлі күнге Ресейден жеткізіп отыр.
Петер Мадияр кезінде Киевке барып, Ресеймен соғыста қаза тапқандар мемориалына гүл қойған. Ол Украинаның Ресей басқынышылығына қарсы күресін әділетті деп санайды, бірақ егер өзі сайлауда жеңіске жетсе, Будапешт бірден Киевке қару жеткізеді деп ашық айтпайды.
Соған қарамастан, Орбанмен салыстырғанда Мадиярдың ұстанымы айқын украиншыл болып көрінеді. "Тиса" партиясы митингілерінде "Орыстар, үйіңе қайт!" деген ұран жиі айтылады. Бұл Венгрияда 1956 жылы болған көтерілісті де, 1980-жылдардың аяғындағы советшіл билік режимінің құлауын да еске салады.
Венгрияның сайлау жүйесінің ерекшеліктері қазіргі билеуші партия үшін тиімді дейді сарапшылар. Парламенттің 93 депутаты жалпыұлттық партиялық тізімдер бойынша сайланады, тағы 106 депутат бір мандатты округтерден сайланады (қарапайым көпшілік дауыс алған кандидат жеңеді).
Сайлау округтері ауылдық аймақтарда пропорционалды түрде көбірек депутат сайланатындай етіп бөлінген, ал дәл сол өңірлерде "Фидес" партиясы кейінгі кезге дейін айқын басымдыққа ие болып келген. Мемлекет астанасы Будапешт және елдің оңтүстігіндегі Сегед қаласы оппозицияның негізгі тіректері болып саналады.
Бұған қоса Виктор Орбан билігі тұсында Венгриямен шекаралас елдерде тұратын жүздеген мың ұлты венгр адамдарға азаматтық берілді. Ол аумақтар бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын сол кездегі Венгрия корольдігінен Трианон келісімі бойынша бөлініп шыққан еді. Бұл азаматтардың басым бөлігі кейіннен "Фидес" партиясының тұрақты сайлаушысына айналды.
Сондай-ақ парламентте аз ұлттар өкілдеріне (мысалы, неміс және рома қауымдарына) бөлінген бірнеше орын бар. Әдетте бұл орындарды да билеуші партиямен байланысты тұлғалар иеленеді.