Венгриядағы парламент сайлауында оппозиция лидері Петер Мадияр елдің қазіргі премьер-министрі Виктор Орбанды айқын басымдықпен жеңді. Орбан АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропадағы ең жақын серіктестерінің бірі болып, сөйте тұра Кремльмен де тығыз қарым-қатынас құрған. Мадияр ел бағытын Мәскеуден Еуроодаққа қарай бұруға уәде еткен.
"Сайлаудың ақырғы нәтижесі шыққан жоқ, бірақ жағдай түсінікті әрі айқын" деді Орбан 12 сәуірдің кешінде Мадиярдың оңшыл-центристік Tisza партиясы дауыс санауда ірі есеппен алға шыққаны белгілі болғанда.
"Сайлау нәтижесі біз үшін ауыр, бірақ айқын. Елді басқару жауапкершілігі мен мүмкіндігі бізге берілмеді. Мен жеңімпазды құттықтадым".
Венгрия сайлау комитетінің мәлімдеуінше, бюллетеньдер түгелге жуық саналып, Tisza партиясы 53,6 пайызбен алға шыққан, ал Виктор Орбанның Fidesz партиясы 37,8 пайыз дауыс алған.
Алдын ала жасалған есеп бойынша, Tisza партиясы 199 мандаттан тұратын парламенттен 138 орын алмақ. Бұл есеп расталса, партия барлық мандаттың үштен екісіне ие болып, конституциялық өзгеріс жасауға қауқарлы болмақ.
"Құрметті менің венгрлерім, біз мұны жасадық!" деді Мадияр Будапештте жақтастарына. Ол алғашқы шетелдік сапарында Варшаваға баратынын айтты. Польша премьер-министрі Дональд Туск оған үлкен қолдау білдірген.
"Қайта қосылдық! Даңқты жеңіс, құрметті достар!" деп жазды Туск X желісінде венгрше "Ресейліктер, үйлеріңе қайтыңдар!" дегенді қосып.
Мадияр Польшадан кейін "Еуроодақтың бұғаттағы қаржысын" Венгрияға алып келу үшін "Вена мен Брюссельге" баратынын айтты.
Сайлау нәтижесін Брюссель, Киев, Мәскеу және Вашингтон мұқият бақылады.
Трамп 12 сәуір күні Вашингтонға оралғанда журналистердің бірі айқаймен Орбан туралы сұрақ қойып еді, ол оған жауап бермеді.
АВТОРИТАРЛЫҚ ҮРДІСТЕРГЕ ҚАРСЫЛЫҚ
Америкалық ардагер дипломат Даниел Фрид Венгриядағы сайлау нәтижесін "өте маңызды оқиға" деп атап, бұл сайлау Еуропада және әлемде авторитаризмге қарсылық барын көрсетті дейді.
Дениел Фрид АҚШ-тың бірнеше президенті тұсында ұлттық қауіпсіздік бағытында лауазымды қызмет атқарған. Қазір ол – "Атлантикалық кеңес" зерттеу ұйымының сарапшысы.
"Нәтиженің мұншалық жылдам шыққанына таңғалып отырмын" деді ол Азаттыққа 12 сәуір күні. Оның сөзінше, сарапшылардың көбі дауыс санау ұзаққа созылады деп күткен.
"Виктор Орбанның жеңілісті мойындағаны оппозиция айқын басымдықпен жеңіске жеткенін көрсетеді. Оппозиция қалаған, Венгриядағы демократияшыл жұрт тілеген мұндай жеңісті ешкім күтпеді".
Венгрияның Еуроодақтағы көптеген елмен қарым-қатынасы қиындап кеткен соң, одаққа мүше елдердің барлығы сайлауға үлкен қызығушылық танытты. Венгрияны 16 жыл басқарған Орбанның қазіргі сенімді серіктестері Вашингтон мен Мәскеу де бұл сайлауға қатты назар аударды.
"Венгрия Еуропаны таңдады. Ал Еуропа әрдайым Венгрияны таңдаған. Бұл ел еуропалық бағытына оралды" деді Еуроодақ комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен Орбан жеңілісінен мойындаған соң.
Украина президенті Владимир Зеленский Мадиярды "сенімді жеңісімен" құттықтап, Telegram желісінде: "Сындарлы ұстанымның жеңіске жеткені маңызды" деп жазды.
Еуроодаққа мүше Венгриядағы Орбан үкіметі Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргелі Мәскеуге қарсы санкцияларды бұғаттаумен немесе жұмсартумен болды. Ол сондай-ақ Еуроодақтың Украинаға қаржылай қолдау білдіруіне жол бермей жүрді.
Мысалы, жуырда ол Киевке 2026 және 2027 жылдарға арнап 90 млрд еуро (105 млрд доллар) несие беруді бұғаттады. Бұл несиені Еуроодақ басшылары былтыр желтоқсанда ішінара мақұлдаған еді.
Өткен айда венгр полициясы Австриядан өз еліне бет алған жеті Украина азаматы отырған екі фургонды тоқтатып, ішінен 80 миллион доллардан астам ақша мен 9 келі алтын құймаларын тәркіледі. Бұл – ақша құралдарын тасымалдаудың қалыпты тәжірибесі ретінде қарастырылған.
Соның алдында Орбан Украинаны "Дружба" құбыры арқылы Ресей мұнайын тасымалдауды тоқтатты деп айыптаған. Ал Украина құбыр Ресей шабуылынан бүлінгенін, оны жөндеуге уақыт кететінін мәлімдеген.
РЕСЕЙ ШЕНЕУНІКТЕРІНЕ ШАЛЫНҒАН ҚОҢЫРАУЛАРДЫҢ ӘШКЕРЕ БОЛУЫ
Сайлау қарсаңында Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың телефондағы әңгімесі әшкере болған. Онда венгриялық министр ресейлік әріптесіне Еуроодақтағы жоғары деңгейлі кездесудің егжей-тегжейін баяндаған.
Сийярто әуелі мұны жоққа шығарған. Бірақ кейін оны кейін растап, Еуроодақ жиындары жайлы Ресеймен ғана емес, Израиль, Сербия, Түркия және АҚШ-тағы әріптестерімен де сөйлесетінін айтты.
"Франция демократиялық белсенділікті, Венгрия халқының Еуроодақ құндылықтарына адалдығын және Венгрияның Еуропада болуын қолдайды" деді Франция президенті Эммануэль Макрон Мадиярды телефонмен құттықтаған соң.
"Еуропа егемендігін, құрлығымыздың қауіпсіздігін, бәсекеге қабілеттілігін және ортақ демократияны бірге нығайтайық".
Сайлауалды науқан кезінде Мадияр ішкі мәселелерге, соның ішінде жемқорлықпен күрескен басымдық берген.
2025 жылғы қазанда Азаттыққа берген сұхбатында ол сыртқы саясатта сақтық танытуға тырысатынын айтқан. Мәселен, ол Ресей энергетикасын импорттау тез арада тоқтамайтынын мәлімдеген. Ал қазір Еуроодақ Венгрия мен оның көршісі Словакияны 2027 жылға дейін Мәскеумен энергетикалық байланысты үзуге итермелеп отыр.
Венгрия қазір табиғи газдың 95 пайызы Ресейден алады. 2025 жылдың бірінші жартысында мұнай импортының 92 пайызы Ресейден келген.