Accessibility links

ОАР-дағы ресейлік журналистердің қазасы жайлы болжамдар қабыспайды


Солдан оңға қарай: Александр Расторгуев, Кирилл Радченко және Орхан Джемаль.
Солдан оңға қарай: Александр Расторгуев, Кирилл Радченко және Орхан Джемаль.

Орталық Африка Республикасында (ОАР) ресейлік үш азамат – журналист Орхан Джемаль, режиссер Александр Расторгуев пен оператор Кирилл Радченконы өлтіру оқиғасы барған сайын жаңа жайттармен толығып жатыр. Бір-біріне қайшы болжамдар көп, бірақ олардың ешбірі негізгі әрі шындыққа жанасатын болжам болып көрінбейді.

Ресейлік оппозициялық саясаткер, шетелде қуғында жүрген Михаил Ходорковскийдің жобасы – "Зерттеулерді басқару орталығының" (ЗҰО) басшысы Андрей Коняхиннің хабарлауынша, Орхан Джемаль, Александр Расторгуев және Кирилл Радченконың сүйектерін Ресейге тамыздың 4-і күні жеткізбек. ЗБО ресми растамаған болжам бойынша, ресейлік үш журналист Орталық Африка Републикасында ресейлік әскерилер мен "Вагнер жеке әскери компаниясының" ("ЧВК Вагнер") мүшелері туралы деректі фильм түсірген. ОАР мен Африканың өзге елдерінде жүрген Ресей жалдамалылары туралы толығырақ Азаттықтың Орыс қызметінің көлемді материалынан оқуға болады.


Тамыздың 1-і күні кешкісін көптеген басылымдар Орталық Африкадағы Palmarescentrafrique.com сайтына сілтеме жасап, Джемаль, Расторгуев пен Радченконы жергілікті биліктің болжамында айтылғандай тосқауылдан әрі лезде атып өлтірмеген, оларды әуелі тоқтатып, ұрлап әкеткен, сосын азаптап, жүректен атып өлтірген деп хабарлады.

Palmarescentrafrique.com сайты қылмыс "Селека" тобы содырлары басшыларының бірі Махамат әл-Хатим Нуредин Адамның бұйрығымен жасалған деген болжам айтады. Бұған дейін ресми билік пен ОАР-да жұмыс істейтін шетелдіктер қауіпсіз аудан деп мәлімдегенімен, қастандық жасалған жерді дәл осы топ бақылайды. Palmarescentrafrique.com сайтында қаза тапқан екі ресейліктің фотосуреттері де бар. ЗБО басшысы Андрей Коняхин әлгі фотосуреттердегі адамдар шынымен Орхан Джемаль мен Александр Расторгуев екенін растады.

"Селека" тобының мүшелері:

Түсірілім тобына жасалған шабуыл тонауға ұласқаны анық, өйткені әріптестерінің сөзінше, үш журналистің қолында 8,5 мың долларға жуық ақша мен қымбат тұратын екі видеокамера болған. Бірақ бұл жайт әзірге кімдер екені анықталмаған қылмыскерлер мүлде басқа мақсатпен – әлдеқайда маңызды себептермен шабуыл жасаған болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды.

БҰҰ мойындаған ОАР орталық үкіметі өкілдері әу бастан қылмысты негізгі қарсыластары – "Селека" исламшыл бүлікшілер қозғалысының содырлары жасады деп күдіктенген. Ал оның алдында Сибю қаласындағы (ресейліктерді осы қаладан 23 километр жерде өлтіріп кеткен) жергілікті шенеуніктердің бірі көлік ішіндегі марқұмдарды уақытша блокпост тәрізді тосқауылдан бірден атып өлтірмеген, "арабша сөйлейтін, бастарына сәлде ораған он шақты адам" әуелі оларды аз уақытқа кепілге алған деп мәлімдеген болатын.

Түсірілім тобындағы үш журналистпен бірге болған, қалай тірі қалғаны түсініксіз жергілікті көлік жүргізуші – оқиғаның жалғыз куәгері. Ол шабуыл жасалған жерден қашып кетіп, кісі өлімі жайлы полицияға хабарлаған. Үкімет сарбаздары жолдың бойынан тауып алған марқұмдардың сүйектері БҰҰ-ның жергілікті миссиясы госпиталіне жеткізілген.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, Джемаль, Расторгуев және Радченко өздері сөйлескен шенеуніктер мен жергілікті тұрғындардың "бұл аса қауіпті" деген ескертуіне қарамастан Сибю қаласынан шілденің 30-ы күні сағат 19-дар шамасында, қараңғы түсіп кеткен кезде шығып кеткен. Расталмаған деректерге қарағанда, олар сапарды техникалық және тұрмыстық керек-жарақпен қамдаумен айналысқан Мартин есімді жергілікті "фиксер" – көмекші әрі кеңесшімен жолығуға аттанған. ЗБО басшысы Андрей Коняхиннің сөзінше, жарты жолдан кейін ресейлік журналдистер әзірше белгісіз себеппен әуелгі маршруттан кілт ауытқыған.

"Олар жолда кездескен бір тексеру бекетінен өткеннен кейін күтпеген жерден жоспарланған маршруттан 20 километрге бұрылып, шығысқа қарай бет алған", - дейді ол.

"Селека" тобы қатарындағы қару асынған жасөспірім.
"Селека" тобы қатарындағы қару асынған жасөспірім.

Джемаль, Расторгуев және Радченко ОАР-на шілденің 28-і күні барған. Бұл елде үшеуінің де журналистік аккредитациясы болмаған, олар жайлы Ресей елшілігі де ештеңе білмеген, елге туристік визамен барған. Андрей Коняхиннің сөзінше, үшеуі соңғы рет онымен байланысқа жексенбі күні шыққан. Олар әуелі Банги қаласының оңтүстігіне қарай орналасқан Беренго қонысындағы жартылай қараусыз қалған сарай – ресейлік жалдамалардың негізгі базаларының бірі орналасқан деп болжанатын Оңтүстік Африка елінің бұрынғы диктаторы Жан-Бедель Бокассаның резиденциясына кіруге тырысқан. Бірақ белгісіз біреу ол жерге үшеуін кіргізбеген.

Мына картада Беренго поместьесі, марқұмдар жүріп өткен я болмаса жүруді жоспарлаған негізгі жолдар мен Ресейдің әскери нысандары орналасқан деп болжанатын елдімекендер қызыл нүктемен белгіленген:

ЗБО басшысының орынбасары Анастасия Горшкованың "Дождь" сайтына айтуынша, сосын кеңесші Мартинге жолығу үшін Джемаль, Расторгуев пен Радченко Бамбари қаласына аттанған. Олардың жанында шабуыл кезінде тірі қалған әрі Мартин ұсынған көлік жүргізушісі болған. Сонымен бірге әлгі жүргізушінің сенімді адам екендігін БҰҰ жергілікті миссиясының қызметкерлері де растаған-мыс деген ақпарат тараған, бірақ тамыздың 1-і күні БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығы жетекшісі Владимир Кузнецов БҰҰ-ның ОАР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі миссиясының (MINUSCA) баспасөз хатшысына сілтеме жасап, олардың "ресейлік журналистердің түсірілім тобына жүргізушіні де, автокөлікті де бермегені" туралы мәлімдеген.

ЗБО дерегінше, мұның алдында Бангиде жергілікті полиция қызметкерлері аппаратураны заңсыз пайдаланғаны үшін олардан пара бопсалаған. Ресейлік журналистер шамамен 120 доллар төлеген, ал көлік жүргізушісінің сол сәттегі қылығы оларға оғаш көрінген, ЗБО басшысы Андрей Коняхин "жүргізушінің полициямен әу бастан ым-жымы болғанға ұқсайды" дейді.

Ресми үкіметтің, "Селека" қозғалысының және өзге топтардың бақылауындағы аймақтар белгіленген Орталық Африка республикасының картасы:

Бұған қоса, тірі қалған жүргізуші Бангидан 400 километр жердегі Бамбаридегі Мартинмен кездесетін орынға жеткенше бір жарым тәулік кетуі мүмкін деп ескерткені белгілі болды. Ол "жол нашар, бұған қоса, жауын-шашын маусымы басталып, жолды мүлде езіп жіберді, жол-жөнекей түрлі блокпостар мен ақша бопсалайтын қарақшылар бар" деп түсіндірген. Бірақ Орталық Африкада жұмыс істеген кей мамандар, халықаралық ұйым қызметкерлерінің мәлімдеуінше, дәл осы жол ең ұтымды әрі қауіпсіз жолдардың бірі саналады. Бұл жайлы ағылшын тіліндегі мына твиттерде айтылған:

Сонымен, Джемаль, Расторгуев пен Радченко не себепті ОАР-дың солтүстік-батысына аттанған және үшеуінің жоспары қандай болған? Conflict Intelligence Team (CIT) тәуелсіз зерттеу тобының болжамынша, үшеуі ресейлік жалдамалылардың үкіметке қарсы топтармен байланысын зерттемек болған. Азаттықтың Орыс қызметі әңгімелескен СІТ сарапшысы Кирилл Михайловтың айтуынша, бұл байланыстар Орталық Африка республикасының орталық үкіметін қолдайтынын мәлімдейтін Ресейдің ресми позициясына қайшы:

– Қолымыздағы ақпарат ашық дереккөздер негізінде жиналған болжамдар екенін ескерткім келеді. Бірақ бізге бұл олардың не үшін астананың солтүстігіне барғандарын түсіндіретін ең орынды болжам болып көрінеді. Ресейлік "ЧВК Вагнер" ұйымының жұрт білетін базасы ОАР астанасы Бангиден оңтүстік-батысқа қарай орналасқанын, ал олардың дәл солтүстікке қарай бет алғанын ескерсек, олардың дәл бұл маршрутпен кету себебін ресейлік жалдамалылар мен бұрын үкіметке қарсы әрекет еткен мұсылман коалициясы болған "Селека" қозғалысына кірген топтар арасындағы ынтымақтастық туралы ақпаратпен түсіндіруге болады.

Иә, бұл "ЧВК Вагнер" мұндай әрекеттері Ресей сыртқы істер министрлігінің ОАР-дағы ресейлік әскерилер миссиясының мақсаты, яғни Мәскеудің бар ойы – ОАР-дың орталық үкіметін қолдап, оның бүкіл елдегі бақылауын қалпына келтіру деген ресми мәлімдемелеріне қайшы дегенді білдіреді. Бірақ бұл мәлімдемелер пайдалы қазбаларды өндіруден түскен пайданы бөліске салу туралы қарулы бүлікші топтармен жасалған гипотетикалық келісімдермен онша қабыспайды.

– Ал марқұмдар бармақ болған әлгі шағын екі елдімекен – Кага-Бандоро мен Бамбари туралы не айтуға болады, қазір ол жақта не болып жатыр? Сіздің де, олардың да назарына неліктен дәл осы екі елдімекен ілікті, әлде ресейлік жалдамалылармен әлдебір байланысы бар ма?

– ОАР баспасөзінде мерт болған журналистер дәл осы екі елдімекенге бармақ болған деп көрсетілген. Елдімекеннің екеуі де бұрынғы "Селека" қозғалысы мүшелерінің бақылауындағы территорияда орналасқан. Кага-Бандорода болған жуырдағы оқиғаны еске салсақ болады. Ол кезде жергілікті халық ресейлік тіркеу нөмірі бар жеңіл моторлы "Сессна" ұшағын қоршап алған болатын. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ол ресейлік әскери сарапшыларды тасымалдаған. ОАР үкіметі өкілдерінің сөзінше, әлгі сарапшылар үкіметке қарсы жергілікті топтардың жауынгерлерімен саяси жағдайды реттеу туралы келіссөз жүргізген. Бірақ бұл болжам күдік тудырады, өйткені түрлі сарапшылар, Орталық Африка БАҚ-тары және өзгелер пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты келісімдер туралы жазып жатыр.

ОАР-дағы үкіметке қарсы топтардың бірінің содырлары:

Бұл әбден қисынды, өйткені "ЧВК Вагнер" ұйымының дәл осындай әрекетін Сирияда да байқағанбыз. Олар Сирияның шығысындағы кен орындарын радикалды исламшылдардан тазартуға қатысу үшін кейде тіпті Мәскеуді аттап өтіп, Дамаскімен тікелей келісім жүргізген. Бұл үшін "ЧВК Вагнерді" бақылайтын Евгений Пригожин пайданың әлдебір бөлігін алып отырған. Бұл жерде де сондай экономикалық мүдде бар. Ал бұл экономикалық мүдденің Ресей жариялаған мақсаттарға қайшы екені өзге мәселе.

Ресейлік әскерилердің көмегімен дайындықтан өткен Орталық Африка республикасы үкімет армиясының батальоны.
Ресейлік әскерилердің көмегімен дайындықтан өткен Орталық Африка республикасы үкімет армиясының батальоны.

– Джемаль, Расторгуев және Радченконы не себепті өлтірген деген сұраққа қатысты әлі де бірнеше болжамыңыз бар. Олардың бірі үшеуі ағаттық жасап сапарды "ЧВК Вагнер" базасы орналасқан Бокассаның бұрынғы сарайынан бастап, бірден көзге түсіп қалды да, соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталды дегенге саяды. Бірақ өзге, яғни журналистік қызметке байланысты емес болжамдар да бар ма?

– ОАР билігі мен түрлі дереккөздер қастандық журналистік қызметке байланысты емес, бұл бар болғаны қарақшылық шабуыл ғана деп бой бермейді. Негізі, мұндай болжамды да жоққа шығаруға болмайды, өйткені Орталық Африка республикасында қарақшылық пен рэкет жүйеге айналып кеткен проблема. БҰҰ-ның біз келтірген баяндамасында бұл құбылыс ел экономикасын тұншықтырып бара жатқаны айтылған. Кейбіреулер шабуылды ресейлік "ЧВК Вагнер" келісім жасасқан "Селека" тобымен байланыстырады. "Селека" жуырда елдің бұл бөлігінде "этникалық тазарту" жүргізіп, өзге де айуандықтар жасаған. Әлбетте, жергілікті билік үшін "Селеканы" айыптай салу Сирия я болмаса Ирак билігі үшін ДАИШ-ты айыптау сияқты нәрсе. Бұлай етсе, жұрттың бәрі сенеді! Бұл "Селека" болмауы да мүмкін, бірақ ол жақта жұрттың бәрі дәл осы топтан кез-келген сұмпайылық күтеді. Ал бұрынғы "Селеканың" бақылауындағы территорияда алмаз қоры мол үлкен кеніштер орналасқан, - дейді Кирилл Михайлов.

Халықаралық Transparency International ұйымының ресейлік бөлімшесінің бас директорының орынбасары Илья Шуманов өз телеграмм-каналында 2017 жылы ресейлік бизнесмендер ОАР-да Lobaye Invest компаниясын құрғанын ескертіп, бұл компанияның "ЧВК Вагнермен" байланысы бар деп көрсетеді.

Орталық Африкадағы Corbeau News Centrafrique басылымының жазуынша, жуырда ОАР астанасынан солтүстікке қарай орналасқан әрі Джемаль, Расторгуев пен Радченко үшеуі мерт болған Сибю қаласына апаратын жолдағы Дамар қаласында ресейліктердің жергілікті тұрғынды өлтіріп тастауына қарымта ретінде тобыр әлдебір ресейлік әскери қызметшіні өлтірген. Шілденің 31-і күні Дамарда ресейлік әскерилерді елден кетіруді талап еткен жұрт көшеге шығып, тәртіпсіздіктер басталған. Полициямен атыс пен қақтығыс салдарынан тағы бірнеше қала тұрғыны қаза тауып, көп адам зардап шеккен. Бұл оқиғаларға қатысты өзге жайттар белгісіз, ал Бангидегі Ресей елшілігі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.

ОАР-дың Дамар қаласында (ЧВК Вагнер" ұйымынан деп болжанатын) ресейлік жалдамалылардың жергілікті тұрғындармен тәжікелесуі:

Михаил Ходорковский Орхан Джемаль, Кирилл Радченко және Александр Расторгуевтің қазасына қатысты мынадай мәлімдеме жасады:

"Бұл топ менің жобам – "Ресейлік жалдамалылар" зерттеуімен айналысатын "Зерттеулерді басқару орталығымен" (бас редакторы – Андрей Коняхин) бірлесіп жұмыс істеген. Олар құр материал жинап қана қоймай, оны өз қолдарымен "ұстап" көргісі келетін батыл жігіттер болатын. Үшеуі тұтқынға түскен болар, шығарып алуға болады ғой деп ақырына дейін үміттендім. Олардың рухы мәңгі жасайды. Жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамын. Кінәлілерді табуға күш саламын".

Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Джемаль, Расторгуев пен Радченконы "ЧВК Вагнер" ОАР-да айналысатын істерді зерттеуге тырысқаны үшін өлтірген деген болжамды "сандырақ" деп атаған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG