Accessibility links

"Верстка": Ресейде соғыстан оралғандар мыңнан астам адамды өлтірген немесе жаралаған


Ресей қарулы күштері қызметкерлер (көрнекі сурет)
Ресей қарулы күштері қызметкерлер (көрнекі сурет)

Ресейде Украинадағы соғыстан оралған әскери қызметкерлер мыңнан астам адамды өлтірген немесе мертіктірген. Сотқа дейін жеткен әр 10 істің тоғызында айыпталушының соғысқа қатысқаны оның кінәсін жеңілдететін жайт ретінде қарастырылған. Мұндай дерек "Верстка" мен Die Welt басылымдары жариялаған бірлескен зерттеуде айтылады.

Зерттеу Ресей әскери қызметкерлерінің демалыс кезінде, майданда жараланып, уақытша елге оралғанда, армиямен келісімшарт мерзімі аяқталған соң немесе әскери қызметтен босатылғаннан кейін бейбіт өмірге оралған кезде болған оқиғаларды қамтиды.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағалы бері майданнан оралған әскери қызметкерлердің іс-әрекетінен 551 адам қаза тапқан: олардың ішінде 274 адам – кісі қолынан өлген; 163 – соққыға жығылып немесе жол-көлік оқиғасы кезінде алған жарақат салдарынан көз жұмған. Осындай қылмыстарды жасағандардың 142-сі – түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жерінен соғысқа алынған және бұрын соған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар.

Зерттеушілер талдаған 700 сот қаулысының 90% айыпталушының соғысқа қатысқанын оның кінәсін жеңілдететін жайт ретінде қарастырған. Әдетте, кісі өлтіру мен өлімге апарып соққан ұрып-соғу қылмыстарын адамдар әртүрлі жанжал кезінде, мас күйінде жасаған. Көбіне әскери қызметкерлердің іс-әрекетінен туыстары мен жақындары жапа шеккен.

  • 2022 жылы "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Ресейдегі қамау мекемелерінде сот кескен жазасын өтеп жатқандарды Украинаға қарсы соғысқа жаппай тартуды бастаған еді. Соғысқа баруға келіскендерге алты ай майданда болғаннан кейін рақымшылық алу мүмкіндігін ұсынған.
  • 2023 жылы сотталғандарды соғысқа тартуды Ресей қорғаныс министрлігі өзіне алғанымен, оның шарттары өзгерді: келісімшартқа қол қойған адам ауыр жараланған жағдайда ғана майданнан үйіне орала алады. Мобилизация бойынша әскерге алынғандар мен келісімшарт бойынша әскерде жүргендердің басым көпшілігі де дәл сондай шартпен қызмет атқарады.
  • Кейбір ресейлік әскери бөлімдерде "қысқа мерзімді" келісімшарт бойынша әскерге алынғандар бар, оған сәйкес, олар алты ай қызмет еткеннен кейін әскери қызметтен кетуге құқылы. Әдетте мұндай бөлімдерде шенеуніктер мен депутаттар қызмет атқарады.
XS
SM
MD
LG