Accessibility links

Ескі сүрлеумен өтіп жатқан жаңа сайлау


Баласы Николайды (оң жақта) ертіп Беларусь президенті сайлауына дауыс беруге келген елдің қазіргі президенті Александр Лукашенко (ортада) сайлау учаскесінде дауыс беру бюллетенін алып тұр. Минск, 11 қазан 2015 жыл.
Баласы Николайды (оң жақта) ертіп Беларусь президенті сайлауына дауыс беруге келген елдің қазіргі президенті Александр Лукашенко (ортада) сайлау учаскесінде дауыс беру бюллетенін алып тұр. Минск, 11 қазан 2015 жыл.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы бүгінгі президент сайлауын заңды деп тануға болатынын мәлімдеді. Сайлауға бойкот жариялаған оппозиция мен бақылаушылар жеңімпаздың кім болатыны күні бұрын белгілі дейді.

Қазанның 11-і, жексенбі күні Беларусь азаматтары ел тарихында осымен бесінші рет өтіп жатқан президент сайлауына дауыс берді. Елдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 8:00-де ашылған. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, бұл күні көптеген жерлерде көркемөнерпаздар ұжымдары концерт қойып, сайлау учаскелерінде өнеркәсіп және ауылшаруашылығы өнімдері саудасы ұйымдастырылған, кейбір сайлау учаскелерінде сыйлықтар таратылған.

Сайлау учаскесінде ұйымдастырылған тәтті тағамдар саудасы. Гродно қаласы, Беларусь, 11 қазан 2015 жыл.
Сайлау учаскесінде ұйымдастырылған тәтті тағамдар саудасы. Гродно қаласы, Беларусь, 11 қазан 2015 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, тізімдегі сайлаушылардың 65 пайызы дауыс беруге қатысқан.

Беларусь мемлекетінің сайлау туралы заңы бойынша, сайлаушылар тізіміне алынған азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау өткен болып саналады. Ел президенті болып сайлануы үшін кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болуы шарт.

Ресми мәлімет бойынша, елдегі сайлаушылар тізіміне 7 миллионға жуық адам енгізілген. Шетелдегі сайлаушылар саны – бес мыңнан астам.

Сонымен бірге, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 30 пайыздан астамы қазанның 11-іне дейін күнібұрын дауыс беріп тастаған.

Беларусь президенті сайлауына бұл жолы төрт кандидат – Либерал-демократиялық партия жетекшісі Сергей Гайдукевич, «Говори Правду» азаматтық қозғалысы белсендісі Татьяна Короткевич, қазіргі ел президент Александр Лукашенко және Беларусь патриоттар партиясының жетекшісі Николай Улахович түсіп жатыр.

Бүгінгі сайлаудың алдын ала қортындылары дүйсенбіге қараған түні жарияланады деген болжам бар.

Беларусь президенті сайлауына дауыс беру:

Беларусь президенті сайлауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

БОЙКОТ ЖӘНЕ ЕСКЕРТУ

Дауыс беру күні қарсаңында оппозиция өкілдері Минскіде өткізген «Еркін әділетті сайлау үшін» атты митингіде «билік бұл сайлауда тағы да Лукашенконы жеңімпаз жасайтынын» айтып, ел азаматтарын сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

Оппозицияның қарсылық шеруіне қатысушы «Лукашенко, сені Майдан күтіп тұр!» деген жазу ұстап тұр. Минск, 10 қазан 2015 жыл.
Оппозицияның қарсылық шеруіне қатысушы «Лукашенко, сені Майдан күтіп тұр!» деген жазу ұстап тұр. Минск, 10 қазан 2015 жыл.

Сайлау аяқталған соң оппозиция тағы да наразылық шеруіне шығуы мүмкін деген болжам бар.

Бірақ сайлау алдында байқалған еркіндіктің дәурені көпке ұзамайтынын жексенбі күні президент Лукашенко қоғамға ескерткендей болды. Жергілікті баспасөз оның: «Тіпті кеше олар біздің заңдарымызды бұзып, [көшеге] шыққанда ол жерде бір де бір милиционер болған жоқ. Мен сайлауға дейін ешкімге тиіспеңдер деп қатаң талап қойғам. Сайлау бүгін сағат 20:00-да бітеді. Заңмен өмір сүруді бастаңыздар деп ескертемін» деген сөзін келтірген.

БЕЛТА агенттігі Лукашенконың егер оппозиция «шектен шығып кетпесе, біз ешкімді ұстамаймыз, басқа елдердегідей «сазайын тартқызбаймыз» деп айтқанын хабарлаған.

Бұның алдында 2010 жылы өткен президент сайлауынан кейін милицияның арнайы жасағы (ОМОН) оппозицияның нарызылық шеруін қатаң басып-жаншып, оппозиция лидерлерін, соның ішінде президент сайлауына түскен кейбір кандидаттарды да түрмеге қамаған еді.

Сайлау учаскесіне ілінген Беларусь президенттігіне кандидаттар туралы деректермен танысып тұрған әскери қызметкер. Минск, 11 қазан 2015 жыл.
Сайлау учаскесіне ілінген Беларусь президенттігіне кандидаттар туралы деректермен танысып тұрған әскери қызметкер. Минск, 11 қазан 2015 жыл.

Биылғы президент сайлауына дауыс беру қарсаңында Еуропа одағындағы дереккөздер, егер бұл жолғы сайлауда саяси қуғын-сүргін болмаса, онда ЕО кейбір беларусь шенеуніктеріне, соның ішінде Лукашенкоға қарсы салынған санкцияларды тоқтатуға әзір екенін мәлімдеген.

Беларусь мемлекетінде бұған дейінгі сайлаулар әділетті өтпегені үшін Батыс елдері тарапынан Минскіге сын айтылып келген. Президент Лукашенко бұл жолғы сайлауда Батыс елдерінің ескертпелері ескерілді деп мәлімдеді жексенбі күні БАҚ өкілдеріне.

«Сіздерге шынымды айтайын, бұл жолғы сайлау қарсаңында Батыс айтқан барлық талап-тілектерді ескердік, барлығын солай жасадық» деді Лукашенко.​ Ол сонымен бірге «қазіргі Беларусь қоғамы әйел адамды президент етіп сайлауға әлі дайын еместігін» айтқан.

Александр Лукашенко 2015 жылғы президент сайлауы туралы:

Лукашенко сайлау туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:43 0:00

​«СЕНІМСІЗ АДАМ»

Бақылаушылар да осы жолғы президент сайлауы әдеттегідей Александр Лукашенконың жеңісімен аяқталады деген болжам айтып отыр.

Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығының иегері беларусь жазушысы Светлана Алексиевич президент Александр Лукашенконы «сенімсіз адам» деп атаған.

Жазушы Светлана Алексиевич баспасөз мәслихатында. Берлин, Германия, 10 қазан 2015 жыл.
Жазушы Светлана Алексиевич баспасөз мәслихатында. Берлин, Германия, 10 қазан 2015 жыл.

«Әрбір төрт жыл сайын билікке жаңадан келген еуропалық шенеуніктер Лукашенконың мәселесін шешіп тастаймыз деп ойлайды, олар оның сенімсіз адам екенін білмейді. Ол - совет адамы және ешқашан өзгермейді» деген Алексиевич қазанның 10-ы күні Берлинде өткен баспасөз мәслихатында.

Светлана Алексиевич бұл сайлаудан сайлаушылар еш тосын жайт болады деп күтпейтінін, «Еуропаның соңғы диктаторы» деген атауы жиі айтылатын Александр Лукашенко бұл жолы да жеңісін тойлайтынын айтқан. «Кезінде Сталин қалай дауыс бергені емес, дауысты қалай санау маңызды екенін айтқан» деп еске салады жазушы.

Александр Лукашенко Беларусь мемлекетін 1994 жылдан бері басқарып отыр. Ол бұған дейін төрт рет Беларусь президенті қызметіне сайланған.

XS
SM
MD
LG