Accessibility links

Орталық Азиядағы тәуелсіз БАҚ-қа қысым: Сайтты жабу "қызыл сызықтан" өткендерді жазалау ма?


Қырғызстандағы тәуелсіз БАҚ-ты қолдау митингісі. Бішкек, 14 қазан 2022 жыл.
Қырғызстандағы тәуелсіз БАҚ-ты қолдау митингісі. Бішкек, 14 қазан 2022 жыл.

Орталық Азия елдерінде элита мен билік және олардың отбасының жемқорлығы – осы аймақтағы тәуелсіз баспасөз құралдары үшін ең қатерлі тақырыптардың бірі болып келді. Бірақ бұдан басқа да шектеулер бар.

Жазда Өзбекстанның Қарақалпақстан автономды республикасындағы қанды оқиға кезінде Gazeta.uz сайты мемлекет цензурасына тап болды. Жиырмадан астам адам қаза тапқан жағдай туралы мақалалардың орнын бірнеше сағаттан соң «материал өшірілді» деген сөйлем алмастырды.

Оқырмандардың сынынан соң мақалалар қайта шықты. Осы аптада Gazeta.uz жариялаған Human Rights Watch ұйымының күш құрылымдарының наразылық кезіндегі әрекеті туралы баяндамасы сайттан өшірілген жоқ.

Бірақ бұл оқиға Орталық Азия елдеріндегі тәуелсіз баспасөз құралдарына төнген қауіпті көрсетті. Аймақтағы бұл жағдайды оқиғалар ашық айтылмайтын Түркіменстаннан бастап тәуелсіз басылымдар қудалауға ұшыраған Қырғызстаннан да көруге болады.

ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАҒАН ҚЫРҒЫЗ БАСПАСӨЗІ

2021 жылы Қырғызстан баспасөз еркіндігі рейтингінде 180 елдің ішінде 72-орын алған. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы бұл елде «тұрақсыз экономика мен шенеуніктердің жемқорлығына қарамастан, салыстырмалы түрде Орталық Азия бойынша сөз және баспасөз еркіндігі бар» деп сипаттаған.

Бірақ келесі жылғы рейтингте оның осы деңгейде қалуы екіталай.

Биліктің тәуелсіз журналистикаға деген кезекті қысымы қаңтарда басталды. Ол кезде арнайы жасақ журналист Болат Теміровтың кеңсесіне басып кіріп, оны есірткі сатты деген айыппен қамауға алды.

Кейін оған құжаттарды қолдан жасап, мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өтті деген тағы екі айып тақты.

Теміров бұған ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиевтың туыстары туралы зерттеуі себеп болды дейді.

Қыркүйекте Теміровке қатысты жартылай ақтау үкімі шықты, бірақ прокурорлар оған келіскен жоқ.

Өткен айда баспасөз бостандығына шабуыл күшейді. Билік Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің банктегі есепшотын жауып, сайтты бұғаттауды бұйырды.

Билік бұл шешімді қыркүйекте жүздеген адамның өліміне алып келген қырғыз-тәжік шекарасындағы шиеленіс турлы бейнематериал үшін қабылдағанын, онда алауыздық тудыратын жалған ақпарат бар екенін, редакция оқиғаны тек тәжік тарапының мүддесі тұрғысынан ақпараттандырғанын айтты.

Қырғызстан билігі видеоны өшіруді талап етті, бірақ Азаттық одан бас тартты.

Биліктің әрекетінен соң Азаттықты қолдау мақсатында тәуелсіз сайттар 26 қазан күні ақпарат жариялаудан бас тартып, күні бойы мемлекеттің баспасөз хабарламаларын елеген жоқ.

Науқан «Жаңалық жоқ. Баспасөзге қысым бар» деген ұранмен өтті.

Қарай отырыңыз: "Жаңалық шықпайды". Қырғыз сайттары Азаттыққа араша түсті (28 қазан 2022 жыл).

"Жаңалық шықпайды". Қырғыз сайттары Азаттыққа араша түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Осы айдың басында Азаттық ғимаратының алдында ондаған адам жиналып, оны және Kloop, Kaktus Media сайттарын жабуды сұрады.

Олардың бірі талаптары орындалмаса, кеңсеге бензин шашатынын айтып сес көрсетті.

"ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ"

Қырғызстандағы жағдай қоғам мен биліктің назарындағы тақырыптарды көтерудің қауіпті бола алатынын көрсетеді. Ал журналистерге «алауыздық тудырды» деген күмәнді айып тағуға итермелейтін діни және ұлтаралық мәселелер, ЛГБТ құқықтары мәселелері бұрыннан «қызыл сызықта» тұр.

Биліктегілер мен олардың отбасының жемқорлығы туралы айту да биліктің реакциясын туғызады.

Мысалы, Азаттықтың Қазақ қызметі Тоқаевтың «астыртын бизнесі» туралы мақала жариялаған соң, сайт дұрыс ашылмай қалды. Онда швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуі жөнінде айтылады. Зерттеушілер Тоқаев пен туыстарының арасындағы хаттарды қолға түсіріп, оның «астыртын бизнесі болған» деген қорытындыға келген. Сонымен қатар зерттеушілер Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы Ұлттар сарайын жөндеуге бөлінген қаражатқа құдағиының тұс кілемін алғанын анықтаған.

Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Женевадағы Ұлт сарайында отыр. Арғы жағында Тоқаевтың құдасы, суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.
Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Женевадағы Ұлт сарайында отыр. Арғы жағында Тоқаевтың құдасы, суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.

Қазақстанда бұл зерттеуді көбіне билікке жақын адамдар басқаратын баспасөз құралдары елеген жоқ. Ал Public Eye сайтын Қазақстаннан арнайы бағдарламасыз кіру мүмкін болмай қалды.

Өзбекстанда кейінгі ондаған жылда баспасөз еркіндігі айтарлықтай жақсарған еді. Бірақ 25 жыл бойы елді басқарған Ислам Каримов мұндай еркіндіктің деңгейін түсіріп қойған.

Шавкат Мирзияев кезінде тәуелсіз баспасөз құралдары жанданғандай болды. Бірақ Қарақалпақстандағы оқиға мұның уақытша сипат алғанын көрсеткендей болды.

Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик көп жыл бойы ел ішінде ашылмайды.

Тәжікстанда жағдай басқа: онда тәуелсіз журналистер мен блогерлерді қамауға алу қалыпты іс саналады.

Сарапшылар Тәжікстандағы кейінгі қуғын-сүргінді биліктің Таулы Бадахшан облысында болған жағдайды бақылау ниетімен байланыстырады.

Билік оқиға кезінде 29 адамның қаза тапқанын айтты. Душанбе ол кезде қозғалыс лидерлерін не түрмеге қарап, не жаралап, оларды бұзақы немесе террорист деп атады.

Тәжікстандағы тәуелсіз баспасөз құралдарының бірі – Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди бейбіт наразылықтан басталған оқиға кезінде 34 адамның қаза тапқанын растады.

«Азия плюс» деген тағы бір тәуелсіз баспасөз құралы шиеленістің алғашқы күндері оқиға туралы оқырмандар қалағандай ақпарат бере алмайтынын айтты.

Билік басылымның ұстанымы біржақты екенін, ұлттың тұрақтылығына қауіп төндіретінін айтып, кемшілік жойылмаса, оны жабатынын айтты деп мәлімдеді «Азия плюс».

XS
SM
MD
LG