Accessibility links

КҚК құбырымен мұнай тасымалдау шектелді. Енді не болмақ?


Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі (Ресей) теңіз терминалы.
Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі (Ресей) теңіз терминалы.

Қазақстан мұнайының 80 пайызын Ресей арқылы Батысқа шығаратын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай тасымалдайтын қондырғылары істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқалы бір аптадан асты. Сарапшылар мұнай экспортының саябырлауы ұзаққа созылса, теңге тағы құлдырап, жұмыссыздық етек жаяды деп болжайды.

Қазақстан энергетика министрлігі мәліметіне сәйкес, ел мұнайының қайнар көзі саналатын үш кеніш – Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақтан 2022 жылы 87,5 миллион тонна мұнай өндіріліп, 69 миллион тонна экспортталады деп жоспарланған (бұл былтырғыға қарағанда 2 миллион тоннаға артық). Оның 2/3 бөлігі Қазақстанның батысы мен Ресейдің Новороссийскідегі теңіз портының арасын жалғайтын ұзындығы 1500 километрден астам Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыры арқылы айдалады. Теңіз – Новороссийск болып жалғасатын бұл құбыр бастауын Атырау облысы Теңіз кенішіндегі мұнай айдайтын станциядан алады. Мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы осындай станциялар арқылы Қара теңізге жеткізіліп, ары қарай танкермен теңіз порттары арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Алайда Қазақстан мұнайының басым бөлігі экспортталатын КҚК құбырының істен шығуы және оның екі айсыз іске қосылмау ықтималдығы жайлы Ресейдің ресми ақпаратынан соң экономикасы мұнайға байланған Қазақстан тығырыққа тірелгендей болды.

Қашаған мұнай кенішіндегі "Болашақ" мұнай өңдеу зауыты. Атырау облысы, 30 маусым 2013 жыл.
Қашаған мұнай кенішіндегі "Болашақ" мұнай өңдеу зауыты. Атырау облысы, 30 маусым 2013 жыл.

НЕ БОЛДЫ?

20 наурызда Қара теңізде алапат дауыл болып, Ресейдің Новороссийск портындағы КҚК терминалдарының айлақтық құрылғылары істен шықты. Ресей ақпарат құралдары сол күні аймақта бұрын-соңды болмаған дауыл тұрғанын, оның күші бес балға дейін жеткенін жазды. 20 пайыз үлесі Қазақстан компанияларына, 30 пайызы Ресейге, қалған бөлігі LUKARKO, Shell, Exxon, Chevron, Mobil сияқты мұнай компанияларына қарайтын консорциум басшылығы ауа райының қолайсыздығына байланысты сүңгуірлер жіберіп, бұзылмай қалған бір құрылғының өзін тексеру мүмкін болмай тұрғанын хабарлады. Құбыр арқылы мұнай жөнелту бірден шектелді.

Бұл Украинаға соғыс ашқаны үшін жарты әлемнің санкциясына ілігіп, өз мұнайын толық сата алмай қалған Ресейдің Қазақстаннан мұнай өндіретін шетел компанияларына қарсы диверсиясы болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Каспий құбыр консорциумы бас директоры Николай Горбань 24 наурызда Азаттыққа жасаған мәлімдемесінде айлақтан мұнай тасымалдайтын қондырғының екеуінің істен шыққанын растап, үшінші қондырғыны да сүңгуірлер тексеруден өткізгенше пайдалана алмайтынын айтқан. Компания басшысы оларды жөндеу үшін кемінде екі ай уақыт керек деді, бірақ ең қиыны – шетелдік компаниялардың Ресейге салған санкциясы салдарынан қажет жабдықтарды ала алмай отырғанын мойындады.

Николай Горбанның айтуынша, тіпті желтоқсан айында алдын ала төлем жасалғанына қарамастан, консорциум қондырғыларын жөндеуге қажет жабдықты жіберетін еуропалық зауыттар қарым-қатынас жасаудан бас тартатынын ашық жазған хат жолдап, жабдықтарды жібермейтінін айтқан.

МИНИСТРДІҢ ОПТИМИЗМІ

Ал Қазақстанның ресми органдары бұл оқиға мұнай экспортына көп әсер етпейді, бұзылған құрылғы да консорциум басшылары айтқан мерзімнен тез жөнделеді деп болжайды.

Қазақстан энергетика министрінің ақпаратынша, консорциумның істен шыққан бір құбыры жұмыс істей бастаған.

– Әзірге мұнай резервуарларға жинала береді. Кеше ғана консорциумнан бір қондырғы жұмыс істей бастады деген хабар алдық. Жалпы КҚК екі қондырғымен жұмыс істейтін, ал үшіншісі жай резерв үшін тұр еді. Сондықтан әзірге осы бір қондырғымен жұмыс істей береміз, ал мұнайдың қалған бөлігін балама бағыттармен жөнелтеміз. Оның айтарлықтай әсері болмайды, үш аптада, ары кетсе бір айда консорциум толық іске қосылады, – деді Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов 25 наурызда өткен брифингте.

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі мұнай резервуарлары.
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі мұнай резервуарлары.

Ақшолақовтың сөзінше, қондырғылар мен порт КҚК меншігі болғандықтан, қазақстандық бақылаушыларды жібере алмайды.

Энергетика министрінің бір қондырғының жұмыс істей бастағаны туралы ақпарын КҚК арада бірнеше күн өткен соң растады. "28 наурызда Каспий құбыр консорциумының айлақтан мұнай тасымалдайтын қондырғыларының бірі (ВПУ-1) іске жарамды екені анықталып, мұнай тасымалдай бастады, – деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі. – Ал қалған екі қондырғы (ВПУ -2 мен ВПУ-3) әзірге пайдалануға келмейді. Құбырларға мұнай төменгі режимде қабылданады".

Бірақ консорциум "төменгі режимнің" көлемін нақтылмады. Қазір Қазақстан мұнайының қанша бөлігі КҚК арқылы экспортталып жатқаны белгісіз.

"РЕСЕЙЛІКТЕР СӨЗІН ҚАЙТАЛАП ҚАНА ОТЫРМЫЗ"

Министр Ақшолақов құрылғылардың дауыл кесірінен бұзылғанына сенеді әрі оны өз бетімізбен барып тексеруге мүмкіндігіміз де жоқ деп санайды.

– Он жыл бойы қатты дауылға төзіп келіп, бір күні істен шығуы мүмкін. Тозу да бар. Адам да жыл өткен сайын қартаятыны тәрізді, жабдықтар да тозған болар. Қазір бұл туралы айту қиын. Порт басқа елдің юрисдикциясында болғандықтан, ол жерге өз бақылаушыларым мен техникалық мамандарымды жібере алмаймын, – деді Болат Ақшолақов.

Ал диверсия туралы болжамды алдымен Батыс мамандары айта бастады. Британдық Financial Times сөйлескен сарапшылар бұзылған құрылғыларды тексеруге консорциумда үлесі бар америкалық Chevron, Exxon сияқты мұнай алпауыттары өкілдерінің жіберілмегеніне күдікпен қарайды әрі оны қашан қайта іске қосуды Ресейдің өзі ғана шешеді деген болжам айтады.

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі теңіз терминалындағы мұнай қабылдайтын пункті.
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі теңіз терминалындағы мұнай қабылдайтын пункті.

Ресей Украинаға басып кірген соң АҚШ басқа санкциялардан бөлек, Мәскеу мұнайын сатып алуға толық шек қойған. Кей сарапшылардың айтуынша, Кремль америкалық мұнай алпауыттарының өз жері арқылы мұнай тасымалдауына осылай тосқауыл қоймақ болған.

Қазақстандық мұнай сервис компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов консорциум қожайындарының бірі ретінде Қазақстан үкіметі де апатты тексеретін комиссия құрып, ол жаққа өз мамандарын жіберуі керек деп санайды.

– Қазақстан КҚК не үшін тоқтағанын және қандай талаптар қойылып отырғанын біледі. Бірақ оны халыққа айтпай отыр. Бізде "анаған сөйлеме, мынаған сөйлеме" деген саясаттан басқа түк жоқ. Менің министрден естігім келгені: "КҚК жұмысына жауапты вице-министрді жібердім, басқа акционерлермен хабарласып, комиссия құрдық, жұмыс істеп жатыр, қорытындыны ол келген соң айтамыз" деуі керек еді. Сондықтан бұл мәселенің шешімі Новороссийскіде, порттың басында айтылуы керек. Ал ақаудың болғанын анықтауға қабілетті мамандарымыз бар, сөйте тұра ресейліктер сөзін қайталап қана отырмыз, – дейді ол.

Рашид Жақсылықов ақауды жөндеу екі айға созылатындай күрделі жұмыс емес және оған шетелдік жеткізушілердің жабдық беруден бас тартуы да себеп бола алмайды деп санайды.

– Ресей санкциядан соң мұнайын сата алмай жатыр. Мұнай баррелінің нарықтағы бағасы 120 доллар болса, оны 30 долларға сатып жатыр. Сондықтан жылына 53 миллион тоннаға дейін Қазақстан мұнайы өтетін құбырды тоқтатып, жасанды дефицит жасап отырған болуы мүмкін. Бұл жерде экономикалық пайдадан бөлек, саяси мақсат та жоқ емес. Себебі, [Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтар – ред.] "ЛХР" мен "ДХР-ды" мойындамадық, қолдау көрсетпедік, [БҰҰ бас ассамблеясында] Ресей оккупациясын қолдаған төртеудің қатарына қосылмадық. Осы уақытқа дейін "екі елдің арасындағы достықтың мәңгілік екені туралы" ертегі айтылып келді. Бірақ Қазақстан экономикасының негізгі күші неде екенін Еуропа елдеріне қарағанда Ресей жақсы біледі. КҚК – жеке инвестор емес, ол – оператор ғана, сондықтан жабдық жеткізу – оның басқа құрылтайшыларымен арада оңай шешілетін шаруа, – дейді Рашид Жақсылықов.

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ЗАРДАП ШЕГУІ МҮМКІН?

Қазақстандық және шетелдік сарапшылар КҚК-мен мұнай жөнелтудің баяулауы министр Ақшолақов айтқандай елеусіз өте шығатын оқиға емес деп болжайды. Мұның барлығы КҚК-дағы ақаудың қашан жөнделетініне байланысты. Ал консорциум өкілдері әзірге бар кінәні санкцияға жапқаннан басқа ештеңе айтпай отыр. Құбыр Қазақстанның энергетика министрі айтқандай "әрі кетсе бір ай" ғана бос тұра ма? Жөндеу жұмысы ұзап кетсе не болмақ?

Мұнай сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов елдің ірі кеніштерінде мұнай өндіру шектелетінін айтады, ал бұл экономикаға бірден салмақ түсірмек.

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы мұнай айдайтын станция.
Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы мұнай айдайтын станция.

– Бірден екі қондырғының істен шығуы өте үлкен мәселе тудырады. Шешімін таппаса, ол Қазақстан экономикасына үлкен әсер етеді. Өйткені қазір Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ жобалары мұнай өндірісін кемінде 6-7 есеге дейін шектеуге мәжбүр болады. Демек экспортқа мұнай аз кетіп, салық та аз түседі. Ұлттық қор мен республикалық бюджетке шамамен 200-250 миллиард теңге кем түсуі мүмкін, – дейді ол.

Рашид Жақсылықовтың да болжамы осындай. Оның айтуынша, бюджетінің 40 пайызы мен экспорт кірісінің 60 пайызы мұнай-газ табысынан құралған Қазақстан үшін мұнайдың сыртқа шықпай қалуы – ауыр соққы.

– Мемлекет емхана салу, жол салу, ауыз су жүргізу, газ тарту тәрізді өз азаматтарының алдындағы аса маңызды әлеуметтік жауапкершілігін орындай алмайды. Теңге құнсызданып, бюджеттің жартысы кіріссіз қалса, одан жалақы алып отырған мұғалім, дәрігер, шенеуніктер не істейді? Мұнай сатылмаған соң доллар да жоқ. Бұл теңгенің әлсіреуіне әкеледі, – дейді ол.

Сарапшы мұнай өндірісінің тоқтауы жұмыссыздықты да өршітеді деп болжайды.

– Қазақстанда 72 мың мұнайшы, 120 мыңның үстінде мұнаймен байланысты қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адам бар. Үш оператор мұнай өндіруді тоқтатса, оларға қызмет көрсететін тағы 40 мың адам жұмыссыз қалады деген сөз, – дейді Рашид Жақсылықов.

БАЛАМА ЖОЛ БАР МА?

Сонымен, мұнай тасымалдайтын "балама бағыттар" қайсы? Олар санкциялар құрсауына түскен Ресейді айналып өтуге мүмкіндік бере ме? Сарапшылар ел үшін стратегиялық маңызы бар мұнай экспортын бір елге байлап қоюдың дұрыс емесін айтады және қымбат болса да балама жолдарды жылдам іске асыру қажет деп санайды.

Көбінің мойындайтын тұсы: экспортты әртараптандыру – жөпелдемеде жүзеге асатын шаруа емес, ол ұзақ жоспарды талап етеді әрі ол бұрын қолға алынуы тиіс болған.

Үміт күттірер бір жоба – Баку - Тбилиси - Жейхан құбырына қосылу. Кей сарапшылар бұл бағыт Қазақстанға тым қымбатқа түсерін, оның құны 4-5 миллиард долларға баратынын айтады. Рашид Жақсылықов қымбат та болса осы бағытқа бет бұру қажет дейді.

– Баку - Тблиси - Жейхан бағыты қымбат дегенмен келісе алмаймын. Таңдаудың да құны бар. Бізге уақытша қымбатшылықпен күрескен дұрыс па, әлде тәуелсіздік үшін күрескен дұрыс па? 53 миллион тонна мұнайды КҚК арқылы, ал 12 миллион тоннаны Самара арқылы жөнелтіп жатырмыз, болашағымыз Ресейде деп ойлаймыз ғой. Экономикалық тұрақтылық болмаса, тәуелсіздіктің құны көк тиын болады. Ұлттық мүдде ақшамен өлшенбейді, – дейді Рашид Жақсылықов.

Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Баку бағытына мұнай тартамыз дегенше КҚК да жөнделіп бітіп қалар дейді. "Мұнай Баку портынан Баку - Тбилиси - Жейхан құбырына жетуі үшін бір кездері салынып, көп уақыт қажетсіз жатқан қысқа құбырды қалпына келтіру керек, оны іске қосуға кемінде жарты жыл керек. Мұнша ұзақ күтетін уақытымыз жоқ" деді министр.

Қазақстан мұнайы бұдан бөлек Өзен - Атырау - Самара құбырымен Ресейге және Атасу - Алашанькоу құбырымен Қытайға жөнелтіледі. Қытай құбырымен қазір жылына 11 миллион тонна мұнай тасымалданады, оның 10 миллионы Ресейге тиесілі. Сарапшылар бұл бағыттардың мүмкіндігі шектеулі деп санайды.

Каспий құбыр консорциумына Ресей (31%), Қазақстан (20.75%), Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), LUKARCO B.V. (12,5%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5%), BG Overseas Holding Limited (2%), Eni International N.A. N.V. (2%) бен Oryx Caspian Pipeline LLC (1,75%) иелік етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG