Accessibility links

Путин мен Си Цзиньпиннің кездесуінен кейін Ресей-Қытай қатынасы қалай өзгереді?


Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин (сол жақта) Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиынында. Өзбекстан, Самарқан. 15 қыркүйек 2022 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин (сол жақта) Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиынында. Өзбекстан, Самарқан. 15 қыркүйек 2022 жыл.

Мәскеу Украинаға басып кіргелі Ресей мен Қытай басшысы бірінші рет Өзбекстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездесті. Қос мемлекет арасындағы «шексіз әріптестік» әлі де өз күшінде ме?

Батыспен қырғи-қабақ қатынас орнаған тұста Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Украинада соғыс басталғалы алғаш рет кездесіп, қос мемлекеттің жақсы қарым-қатынаста екенін көрсетті.

Қос авторитар басшы Самарқанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездесіп, жеті айдан бері Украинаға қарсы соғыс жүргізіп, майданда жеңіліс тауып жатқан Мәскеу мен Пекин арасындағы әріптестік деңгейі жоғары екенін білдірді. Қытай Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдемелеріне сақ болуға тырысып, Кремльді астыртын қолдап келген.

Путин Қытай басшысымен кездесуде "Мәскеудің Украинаға қарсы соғыс бастауы Қытайға ұнамаған болуы мүмкін" деп, Си мырзаның алаңдаушылығын түсінетінін айтты. Ресей президенті Қытай басшысын соғыс мәселесіндегі "тепе-теңдікті бұзбаған позициясы" үшін мақтады.

"Қытайдағы достарымыздың Украина дағдарысына қатысты бәрін таразылап, тепе-теңдікті бұзбауға тырысқан позициясын бағалаймыз. Сіздердің алаңдаушылықтарыңызды түсінеміз. Бүгінгі кездесу барысында өз позициямызды түсіндіруге тырысамыз” деді Путин.

Президенттер арасындағы талқылау кезінде Си Цзиньпин Путинді "ескі досым" деп атады. Ал Путин Пекиннің Тайваньға қатысты позициясын және "Біртұтас Қытай" саясатын қолдады. Қытай Си мен Путин кездесуінің стенограммасын жариялаған жоқ. Бірақ Кремльдің ақпаратына қарағанда, Си келіссөз барысында Украина немесе НАТО тақырыбын мүлде қозғамаған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта) Самарқан әуежайында Си Цзиньпинді қарсы алыа тұр. 14 қыркүйек 2022 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта) Самарқан әуежайында Си Цзиньпинді қарсы алыа тұр. 14 қыркүйек 2022 жыл.

Путин мен Си Цзиньпин ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірерден бірнеше күн бұрын Пекинде кездесіп, қос мемлекет арасындағы әріптестіктің шегі жоқ деген бірлескен мәлімдеме жасаған. Содан бері авторитар басшылар енді көрісіп отыр.

Пікірін әртүрлі формада жеткізгенімен, қос басшы да АҚШ-тың әрекеттерін құптамайтынын білдірді. Путин АҚШ бастаған біржақты әлемдік тәртіпті сынап, Пекин мен Мәскеу бұған қарсы тұруы керегін еске салды.

Кремль жариялаған ақпаратқа сәйкес, Си Путиннің ұсынысына "Біз ресейлік әріптестерімізбен бірге жауапты әлемдік державаның үлгісін көрсетуге, құбылмалы әлемнің траекториясын тұрақтылық пен дамуға қарай бұруда жетекші рөл атқаруға дайынбыз" деп жауап берген.

Бұл кездесу Ресей-Қытай байланыстары тереңдей түскенін көрсеткенімен, Украинадағы соғыс, ғаламдық экономикалық қиындықтар, Еуразиядағы геосаяси ландшафттың өзгеруі жағдайды қиындатуы мүмкін.

СИМВОЛИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ

2001 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан кіреді. 2017 жылы ұйымға Үндістан мен Пәкістан қосылған. Саммитте мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланады.

Си Цзиньпин келесі айда өтетін Қытай Коммунистік партиясы съезінің қарсаңында шетелдегі ықпалын көрсетіп қалуға тырысып жатыр. Съезде Си мырза Қытай басшысы қызметіне үшінші рет тағайындалуы мүмкін.

Самарқандағы Регистан алаңын күзетіп тұрған сақшы. Қалада ШЫҰ саммиті өтіп жатыр.
Самарқандағы Регистан алаңын күзетіп тұрған сақшы. Қалада ШЫҰ саммиті өтіп жатыр.

"Бұл кездесуден әр тарап әртүрлі себеп іздегенімен, түптеп келгенде, мағынасы бір. Путин батыс елдеріне әлемнен оқшау қалмағанын, Азияда достары барын көрсеткісі келеді. Си Цзиньпинге шетелде ықпалы жоғары, құрметті тұлға екенін дәлелдеу маңызды" дейді Лондондағы патша институтының ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

Пекин Украинада соғыс басталғалы Кремльдің әрекетін ашық сынамай, Мәскеуге көмек қолын созып келген. Қытайдың мұнай компаниялары Ресейден энергетикалық ресурстар мен шикізат түрлерін жеңілдікпен сатып алған. Қыркүйектің басында Қиыр Шығыста Ресей мен Қытай бірлескен әскери жаттығу өткізді.

Пекин мен Мәскеу Шанхай ынтымақтастық ұйымын Батыс елдері басқаратын институттарға қарсы күш көріп, бірлесіп қазіргі әлемдік тәртіпке балама ұсынғысы келеді. Қытай тамызда АҚШ-тағы өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға баруына осылай жауап берген болуы да мүмкін.

The Wall Street Journal Си Цзиньпиннің ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы шетелдік сапарына Путинмен кездесуді қосуы Пелосидің Тайваньға сапарына жауап болуы мүмкін деп жазды.

"Ресей мен Қытай басшысы Батыстың ықпалынсыз жаңа әлемдік тәртіп орнатқысы келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы көп тұрғыдан алғанда әлсіз ұйым, бірақ бұл олардың батыстың тәртібіне балама жол ұсыну үшін өзара және басқа ұйымдармен қалай әріптестік орната алатынын көрсетеді" дейді Пантуччи.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Қытай басшысы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Қытай басшысы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қыркүйек 2022 жыл.

Пекин осыған дейін кез келген мәселеде "өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын" дипломатиялық жолды таңдайтынын көрсетіп, Ресеймен терең байланыстарына қарамастан, бұл әріптестіктің де шегі барын білдірген.

Мәселен, Қытай Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты салынған санкцияларды бұзған жоқ. Қытайдың кей компаниялары батыс нарығын уысынан шығарып алмау үшін Мәскеумен байланысын үзді.

Самарқанда өткен кездесуде Қытай бұл саясатынан бас тартатынын айтқан жоқ.

"ӨГІЗДІ ДЕ ӨЛТІРМЕЙ, АРБАНЫ ДА СЫНДЫРМАУ" САЯСАТЫ

Самарқандағы шарада Путин мен Си Цзиньпин басты назарда болды. Бұл Қытай үшін әріптес мемлекет басшысымен жай ғана жүзбе-жүз кездесу емес. Си Цзиньпиннің осы аптада Орталық Азияға жасаған турнесі және Ресей президентімен өткен дипломатиялық кездесуі Қытайдың ұзақмерзімді сыртқы саясатынан хабар береді.

Си мырза ресейлік әріптесімен қарым-қатынасын нығайтқанымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне бару арқылы Еуразиядағы дипломатиясын қиындатып алуы мүмкін.

Қытай көп жылдан бері Орталық Азия елдеріне қаржы құйып келеді. Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында өңір мемлекеттерімен байланысын нығайту үшін сауда және инвестициялық келісімдерге қол қойған.

Украинадағы соғысқа байланысты Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан ыңғайсыз жағдайда қалып, Мәскеудің қысымын көбірек сезе бастады.

Пекин осы қауіптерді ескеруге тырысты. 14 қыркүйекте Қытай басшысы сапарын Қазақстаннан бастап, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Си “Қытай Қазақстанға тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғауға қолдау көрсетеді” деп мәлімдеді.

Ресей, Қытай және Моңғолия әскері "Шығыс" әскери жаттығуына қатысып жатыр. Қыркүйек 2018 жыл.
Ресей, Қытай және Моңғолия әскері "Шығыс" әскери жаттығуына қатысып жатыр. Қыркүйек 2018 жыл.

"Бір жағынан, Қытай Ресейге дипломатиялық қолдау көрсетіп, Вашингтонға қарсы күш қалыптастыру үшін Мәскеумен одақ құрады. Екінші жағынан, батыстың қаһарына қалмау үшін санкцияларды сақтауға тырысады. Пекин Украинадағы соғысқа қатысты алаңдап отырған Орталық Азия мемлекеттері мен "ғаламдық оңтүстіктегі" серіктестерін сабырға шақыру үшін "бейбітшілік, "тұрақтылық" туралы жаттанды сөздерін қолданады" дейді Бейбітшілік үшін Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум.

ҰЗАҚМЕРЗІМДІ ӘРІПТЕСТІК

Шанхай ынтымақтастық ұйымы не экономикалық, не әскери одаққа жатпайды. Бұл ұйым басында Қытай мен Ресей Еуразияға ортақ билік жүргізіп, көршілерімен қарым-қатынасын жақсартуы үшін форум түрінде құрылған.

Бірақ Украинадағы соғыс бұл балансты бұзды. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін экономикасы әлсіреп, көршілерімен қарым-қатынасы нашарлап, ықпалы азайды. Мәскеу саяси және экономикалық тұрғыдан Пекинге тәуелді бола бастады.

Путин Самарқандағы кездесу барысында қытайлық әріптесін Украинадағы соғысқа қатысты позициясы үшін мақтап, АҚШ-тың Тайваньдағы провокациясын сынап, Пекиннің “Бір Қытай” саясатын қолдайтынын айтты.

Сарапшылар көп жылдан бері Ресей мен Қытайдың қарым-қатынасында Мәскеу кіші серіктеске айналады дегенді айтып келеді.

"Күштер тепе-теңдігі өзгергеніне еш күмән жоқ. Бұрын Си Цзиньпин мен Путиннің қарым-қатынасы тең дәрежеде жүретін. Бұл тенденция біраздан бері жалғасып келеді, мұны соңғы кездесу де дәлелдеді” дейді Пантуччи.

XS
SM
MD
LG