Accessibility links

Семейде 80-ге жуық автобус жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты


Semey Bus компаниясының жұмысшылары наразылық кезінде қол жинап тұр. Семей, ШҚО. 10 тамыз 2020 жыл.
Semey Bus компаниясының жұмысшылары наразылық кезінде қол жинап тұр. Семей, ШҚО. 10 тамыз 2020 жыл.

10 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын Semey Bus компаниясының ондаған қызметкері автопарк қақпасының алдына жиналды. Жүргізушілердің айтуынша, келісім-шарт бойынша әрқайсысы күніне 10 мың теңгеден алуы тиіс болған, бірақ бұл айда оларға небәрі 4-5 мың теңгеден төленген.

– Жүргізушілер күніне 10 мың теңгеден алуы тиіс, олар кондукторларды да алып тастады, сол үшін қосымша күніне 2,5 мың теңгеден төлеуге уәде берген. Бірақ уәделерін орындамады, керісінше күндік жалақыны 4,5 мыңға дейін қысқартып тастады, – деді бұрынғы кондуктор Наталья Борисевич. Ол қазір Semey Bus компаниясымен соттасып жүр.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда олар осыған дейін басшылыққа шағымданған кезде "кімге ұнамайды, жұмыстан кете берсеңіздер болады" деген жауап алған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері тез жетті.

Акция басталғаннан кейін шамамен екі сағат уақыт өткен соң қалалық әкімдіктің көлік бөлімінің жетекшісі Серікқали Жұманов келді. Ол қызметкерлерді сабырға шақырып, 3 тамыздан бастап автопарктің жұмысын бақылайтын тексеру комиссияның жұмысқа кірісетінін айтты.

Семей әкімдігі өкілдерімен сөйлесіп тұрған наразы жүргізушілер. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.
Семей әкімдігі өкілдерімен сөйлесіп тұрған наразы жүргізушілер. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

"Бес жұмысшыны таңдайық та сөйлесейік" деді бөлім бастығы. Ал көпшілік бәрінің арыз-шағымы барын айтып, әкімдік өкілінің ұсынысымен келіспеді.

Жүргізушілер акция кезінде жалақымен қатар, медициналық сақтандыру, зейнетақы жарнасының жоқтығына, айыппұл жиі төлейтініне шағымданды.

"Тіпті ми қайнатқан ыстықта да жабық бәтеңке киіңдер дейді. Сол үшін жүргізушілерді жазалайды" деді наразылардың бірі.

Автопарк үлесінің 49 пайызы Семей әкімдігіне тиесілі. Жүргізушілер әкім Ермак Сәлімовтің келуін талап етті. Ал әкім келгенмен наразылармен кездесуден бас тартты. Ол парк аумағынан өтіп, ереуілге қосылмай оңаша тұрған адамдармен сөйлесті.

Наразы жүргізушілер.
Наразы жүргізушілер.

Сәлден соң полиция қызметкерлері адамдарды екі жаққа ысырып, қақпадан бірнеше автобустың өтуіне мүмкіндік жасады. Наразы жүргізушілер мәселелері шешілмейінше жұмысқа шықпайтынын айтты.

Автопарк жұмысшылары кәсіподақ құрғанын хабарлап, қол жинай бастады. Соңғы мәлімет бойынша, оған 78 адам қол қойған.

Semey Bus компаниясының қызметкерлері жұмыс берушінің әрекетіне шағымданып, бұған дейін де наразылық акциясына шыққан. 14 шілдеде жалақының он күнге кешіктірілуіне наразы болған. Олар сонымен бірге жартысы Семей әкімдігіне тиесілі компаниясын тұтас тексеруді де талап еткен. Билік кәсіпорынға қаржылық тексеру жүргізуге уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG