Accessibility links

Қазақстандық байлардың дәулеті бұрынғыдан да арта түсті


Көрнекі сурет.

Forbes журналы жыл сайын жариялайтын дүние жүзіндегі дәулетті адамдар тізіміне жаңадан қосылған байлардың басым көпшілігі - технология мен өнеркәсіп саласынан. Қазақстандық ең бай бес адамның ішінде Владимир Ким алда тұр.

Дүние жүзінде 2 153 миллиардер бар, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 54 адамға азайған. Барлық миллиардердің 46 пайызының, яғни 994-інің байлығы өспей, кеми түскен. Америкалық Forbes (''Форбс") журналы наурыздың 4-інде жариялаған дәулетті адамдар рейтингінде бұл құбылысты рекордтық құлдырау деп сипаттайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЕСТІК

Бірақ бақуатты бизнесменнің біразы үшін жағдайсыз болған жылы, керісінше, ісі ілгері басқандар да бар. Солардың бірі - қазақстандық Владимир Ким.

Владимир Ким.
Владимир Ким.

Былтырғы есепте дәулеті 3,1 миллиард АҚШ доллары деп көрсетілген "Қазақмыс" минерал өндіру компаниясы жетекшісінің биылғы капиталы 4,5 миллиардқа жеткен. Forbes 2014 жылы "Қазақмыстың" Kazakhmys Corp. және KAZ Minerals plc. болып бөлінгенін, Кимнің осы екеуінде де үлесі бар екенін, 2013 жылы KAZ Minerals төрағасы қызметінен кеткенімен басқару кеңесінде атқарушы емес директор болып қалғанын жазады. Сонымен былтыр 766-орында тұрған Владимир Ким биыл 424-орынға шыққан.

2019 жылғы тізімде байлығы еселенген және бір қазақстандық - Болат Өтемұратов. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы әрі көмекшісі Өтемұратов биыл 3,4 миллиард долларға тең дәулетімен 645-орынға көтерілген. Былтыр 2,6 миллиард долларымен 924-орында тұрған еді. Журнал Өтемұратовтың жуырда ForteBank-тің 88 пайыз үлесі үшін 400 миллион доллар инвестиция салып, жылжымайтын мүлік бизнесіне араласқанын атап өткен.

Тимур Құлыбаев (сол жақтан екінші).
Тимур Құлыбаев (сол жақтан екінші).

​Қазақстан президентінің күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаев пен әйелі Динара Құлыбаева әрқайсысы 3,1 миллиард доллар капиталымен 715-орыннан көрініпті. Былтырғымен салыстырғанда 14 сатыға жоғарыласа да, екеуінің де байлығы 100 миллионға кеміген. Forbes-тің жазуынша, ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың негізгі байлық көзі - Қазақстанның Халық банкіндегі қомақты үлестері.

Ең дәулетті адамдар тізімінде жоғарылаған және бір қазақстандық бизнесмен - Алиджан Ибрагимов. Былтыр 2,3 миллиард доллар капиталымен 1070-орында тұрған, Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металл өндіретін Eurasian Resources Group корпорациясының ірі үлескері биыл дәулеті сол күйі қалса да, 1008-орынға шыққан.

МИЛЛИАРДЕРЛЕР АЗАЙҒАН ЖЫЛ

Жалпы дүние бойынша алғанда байлығы миллиардтан асқан 2153 адамның тұтас дәулеті 8,7 триллион долларға жетіп жығылды. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 400 миллиард кем.

2018 жылы тізімге кірген байлардың 11 пайызының, яғни 247-сінің дәулеті миллиардқа жетпей қалып, биылғы санатқа ілінбеген. Forbes бұны 2009 жылғы қаржы дағдарысынан бері болмаған уақиға деп санайды. Мұндай кему Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінде, әсіресе Қытайда қатты байқалған. Былтырғымен салыстырғанда Қытайдың миллиардерлер саны 49-ға азайған.

Джефф Безос.
Джефф Безос.

Экономикалық қолайсыздыққа қарамастан бизнесте тасы өрге домалап, биылғы тізімге енген жаңа есімдер де жетерлік. 195 жаңа миллиардердің ең байы - 39 жастағы қытайлық Колин Хуан. Pinduoduo интернет сауда платформасын құрушы 13,5 миллиард доллар дәулетімен 94-орынға бір-ақ шықты. Биылғы "жаңа байлардың" 34 пайызы - технология, 26 пайызы - өнеркәсіп саласында табыс тапқан.

АҚШ жыл сайынғы дәстүрінен айнымай миллиардерлер саны ең көп ел болып қалды. Екі мыңнан астам ең бақуатты бизнесменнің 647-сі - осы елдің азаматы. Тізім басында Amazon интернет сауда компаниясының басшысы Джефф Безос пен Microsoft компаниясының иесі Билл Гейтс тұр. 2019 жылы миллиардер әйел кәсіпкерлердің саны рекордтық көрсеткіш - 243-ке жетті. Биыл дәулетін өз күшімен тапқан (мирасқор емес) ең жас миллиардер болып танылған адам да - жас әйел, 21 жастағы тележұлдыз, модель һәм іскер Кайли Дженнер.

Кайли Дженнер.
Кайли Дженнер.

Forbes 1987 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын жариялап келе жатқан миллиардерлер тізімі ұзарып барады. 2010 жылдан бері капиталы миллиардтан асатын кәсіпкерлер саны екі есе өскен. Бақуатты бизнесмендер тізіміне дамушы және постсоветтік елдерден енгендердің кейбірі жемқорлық дауына ұшырап жатады. Оларды жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар мен белсенділер саяси режиммен жең ішінен жалғасып, тиімді келісім-шарт алу арқылы заңсыз жолмен байыды деп сынайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG