Accessibility links

Мәскеулік қазақ драматург жаңашылдыққа шақырады


Ресейде тұратын қазақ жазушысы Олжас Жанайдаров. (Сурет Олжастың Facbook парақшасынан өзінің рұқсатымен алынды)

Бес жасынан бастап Мәскеуде тұратын прозаик әрі драматург Олжас Жанайдаров Ресей астанасындағы қазақстандық мигранттар тақырыбын шығармашылығына арқау еткен. Оның пьесалары тек Ресейде емес, қазақстандық театрларда да сахналанып жүр.

Олжас Жанайдаровтың әкесі Ерден Жанайдаров әскери қызметіне байланысты 1985 жылы Санкт-Петербург қаласына көшіп барған. Екі жылдан кейін Мәскеу қаласына қоныс аударған. 1991 жылы Совет Одағы ыдыраған соң Ресей азаматтығын қабылдаған. Орыс тілінде жазатын 38 жастағы драматургтың негізгі тақырыбы – қазақтар.

- «Қашықтан жақсы көрінеді» деп бекер айтылмаған. Мен сырттан бақылау арқылы тәуелсіз және бейтарап бола аламын, қоғамдық стеротип пен қысымнан боспын. Егер сіз өте әділ баға берсеңіз, жағдайды сыни түрде бағалап, проблемалар мен кемшіліктерді көре аласыз. Нағыз әдебиет шындықты әрдайым сыни түрде түсінеді. Қазақстанды қашықтан бақылау қиын емес. Бүгінде интернет, ортақ медиа кеңістік бар. Қазақстандықтар жайлы жаңалықтардан, Facebook, форумдардан оқи аламыз. Қазақстанға барған кезде ол жақта не болып жатқанын біліп отырамын, - дейді ол.

"Жұт" пьесасының авторы Олжас Жанайдаров пен режиссер Рубен Андриасян қойылымнан кейінгі талқылау жиынында. 15 қазан 2015 жыл.
"Жұт" пьесасының авторы Олжас Жанайдаров пен режиссер Рубен Андриасян қойылымнан кейінгі талқылау жиынында. 15 қазан 2015 жыл.

Олжас Жанайдаровтың шығармашылығымен жақсы таныс сыншылардың бірі – қазақстандық театртанушы Анар Еркебай.

- Олжас Жанайдаровты Ресей халқы «жаңа драманың» өкілі ретінде жақсы таниды. Оның пьесалары жаңа түрдегі, бүгінгі әлеуметтік өзекті тақырыптарды көтереді. Мәселен, «Беруши» («Бір. Екі. Үш»), «Магазин» пьесаларында Олжас қазіргі заманның өзекті тақырыптарының бірі – миграция мәселесін көтереді. Жақсы тұрмыс іздеп, ең бастысы тиын-тебен жинау мақсатымен шетелде (бұл пьесаларда – Мәскеуде) жүрген отандастарымыз – осы шығармалардың басты кейіпкері, - дейді ол.

Драматург «Беруши» және «Магазин» деп аталатын пьесаларында миграция туралы сөз қозғаса, «Жұт» деп аталатын драмасында 1930 жылдардағы аштықты шығармаға өзек етеді. Олжас әлемдік аудиторияға арнап жазатынын, бірақ көп шығармасындағы кейіпкерлердің қазақтар екенін, өйткені өзін қазақстандық аудитория қызықтыратынын айтады.

Қолы тиген уақытта Қазақстанға келіп шеберлік сабақтарын өткізіп кететін Олжас Жанайдаровтан: «Ресейлік театр мен қазақстандық театрдың айырмашылығы не?» деп сұрадық.

- Қазақстандағы театрлардың жағдайымен таныспын. Бұған дейін айтқанымдай, қазақстандық тетардың тарихы тамырын аса тереңге жаймаған. Сондықтан бәрі – әлі де алда. Қалыптасқан жағдайды жақсартудың бір амалы – қазіргі заманғы драматургияны дамыту. Бұл менің жаныма жақын. Өзім де осы бағытта жұмыс жасап, тырысып жүрмін. Былтыр Алматыда серіктестерімізбен драматургиялық зертхана ұйымдастырдық. Осы жылы мен осы нәрсені дамытқым келеді. Драматургия - қазақстандық театрлардағы ең басты мәселелердің бірі. Жарқын пьесалар жоқ, драматургиялық қоғамдастық жоқ, театрларда негізінен ескі драмалар қойылады. Ескірген тіл, маңызсыз идеялар. Бұл жағдайды өзгертуіміз керек, - дейді ол.

"Жұт" қойылымынан көрініс.
"Жұт" қойылымынан көрініс.

Драматург ресейлік аудитория театрда тәжірбие жасауға дайын, себебі бұрын қолданған тәсіл деп ойлайды. Оның пікірінше, қазақстандық аудитория әлі консервативті, бірақ 10-20 жыл өткен соң ресейлік аудиториямен теңесуі мүмкін. Театртанушы Анар Еркебай қазақстандық аудиторияның бір бөлігі үшін драматург Олжас Жанайдаровтың шығармаларын қабылдау не себепті қиын тиюі мүмкін екенін былай түсіндіреді:

- Олжас кейіпкерлерінің қиын өмірі мен бейшара жағдайын ғана көрсетпей, ең алдымен олардың рухани құлдырауын алға шығарады. Адамдарды зорлау, өлтіру, құлдықта ұстау сынды бүгінгі өмірдің шынайы келбетін суреттейді. Драматургиясының ерекшелігі де осында – өмірді бұрмалаусыз шынайы бейнелейді. «Бізде мұндай келеңсіз нәрселер жоқ, біздің менталитетімізге жат» деп айтатындар да баршылық шығар. Дегенмен де күнделікті өмір мен теледидар мен әлеуметтік желілерден түсіп отыратын жаңалықтар, көшедегі оқиғалар кері пікірді дәлелдеп отыр. «Магазин» пьесасының басына автор «болған оқиғаларға негізделген» деген жазудың өзі жан түршігерлік оқиғалар дәл қасымызда, иек астында, күнделікті жүріп жататынын көрсетіп отыр, - дейді театртанушы.

Олжас Жанайдаров.
Олжас Жанайдаров.

Драматург Олжас Жанайдаровтың «Двое в кафе», «Беруши», «Жұт», «Душа подушки», «Танцы плюс» сияқты туындылары халықаралық байқауларда жүлдегер болған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG