Accessibility links

«Шапалақпен тартып жібердік». Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын атқылады


АҚШ базасына атылған зымыран. Иран телеарналары таратқан кадр. 8 қаңтар 2020 жыл.

Тегеран генерал Касем Сүлейманидің өлімінен кейін АҚШ-тың Ирактағы әскери күштерін баллистикалық зымыранмен атқылады. Иран телеарнасының хабарлауынша, Тегеран 8 қаңтар түнде АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларына 15 зымыран атқан. АҚШ тарабы Ирактағы кем дегенде екі базасының шабуылға ұшырағанын мәлімдеді.

Иранның шабуылынан зардап шеккендердің бар-жоғы белгісіз. Иран басылымдарының хабарлауынша, елдегі Ислам революциясы корпусы шабуылды өз мойнына алды.

Ислам революциясы корпусы бұл шабуылды генерал Касем Сүлейманидің өліміне жауап деп мәлімдеді. Ислам революциясы корпусына қарасты «Құдс күштерінің» қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде қаза тапқан.

Иран тарабы АҚШ әскерилері орналасқан Ирактағы Айн-Ассад базасына шабуыл сәтті болғанын хабарлады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылдан соң Twitter парақшасында «Бәрі жақсы!» деп жазды.

Кейін 8 қаңтар Алматы уақыты бойынша түнде, Вашингтон уақыты бойынша таңертең Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасап, Иранның шабуылынан «америкалықтар мен ирактықтар зардап шекпегенін», әскери база аздап зақымданғанын айтты. Бұған қоса, ол АҚШ Иранға санкцияларды күшейтетінін мәлімдеді.

Иран мемлекеттік телеарнасы шабуылдан «кем дегенде 80 америкалық террорист солдаттың мерт болғанын», базадағы тікұшақтар, дрондар және басқа да әскери құралдар қирағанын хабарлаған.

Бағдат тарабы 22 зымыран атылғанын, Ирак әскерилерінің аман екенін жеткізді. Ирак премьер-министрі Әдел Абдул Махдидің баспасөз қызметі Тегеран тарабы хабарласқанын мәлімдеді. Махдидің өкілінің сөзінше, Иран Ирактағы АҚШ әскерилері жүрген жерлерге ғана шабуыл жасайтынын ескерткен.

Иранның жоғарғы көсемі, аятолла Әли Хаменеи шабуылдан кейін жұрт алдына шығып, «АҚШ-ты шапалақпен тартып жібердік» деді.

Аятолла Әли Хаменеи жұрт алдында сөйлеп тұр. Тегеран, 8 қаңтар 2020 жыл.
Аятолла Әли Хаменеи жұрт алдында сөйлеп тұр. Тегеран, 8 қаңтар 2020 жыл.

Ал Иран қорғаныс министрі Амир Хатами мемлекеттік телеарна эфирінде Вашингтон қарымта қайтарса, Тегеранда қарап отырмайтынын айтты.

«Біз қысқа қашықтыққа ұшатын зымыранды аттық... Бұл Америкаға сабақ болады деп үміттенеміз» деді ол.

Хатами «Трамп АҚШ билігін террорлық билікке айналдырып жіберді» деп те айыптады.

Тегеранның шабуылынан кейін қазақстандық Air Astana, франциялық Air France, германиялық Lufthansa және америкалық ұшақтар Иран мен Ирак төбесінен ұшпайтынын мәлімдеді. Air Astana Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға және Абу-Дабиге ұшатын ұшақтарының Иран мен Иракты айналып өтетінін, соған байланысты ұшу уақыты ұзаратынын хабарлады.

8 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда жиын өткізіп, «Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге» тапсырма бергенін хабарлады. Тоқаев «Таяу Шығыстағы жағдай бейбіт, дипломатиялық жолмен реттелгені жөн» деп санайды.

Иран АҚШ әскерилеріне шабуылды генерал Сүлейманидің жерлеу рәсімінен кейін жасады. Иран әскерилері мен Иранды қолдайтын Ирактағы күштер «генералдың өліміне кек қайтаратынын» айтқан.

Оқи отырыңыз: АҚШ пен Иран арасындағы жанжал жайлы бар ақпарат

7 қаңтарда АҚШ-тың қорғаныс министрі Марк Эспер тілшілерге «Иран Сүлейманидің өлімінен кейін қалайда өш алуға тырысатынын» айтқан.

«Кез келген жағдайға дайынбыз. Олардың кез келген әрекетіне тиісінше жауап береміз» деді Эспер.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Билік көмекті қалай беретінін ойластырып алуы керек еді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00
XS
SM
MD
LG