Accessibility links

Мирзияевтың күйеу баласы – ММА басшысы. Президент отбасының ықпалы күшейіп келеді


Отабек Умаров - Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кіші қызы Шахноза Мирзияеваның күйеуі.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің кіші қызы Шахноза Мирзияеваның күйеуі Отабек Умаров елдегі ММА (ережесі жекпе-жек) федерациясының басшысы болды. Бұдан бөлек, Умаров – президенттік жеке қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары. Ол Өзбекстан триатлон спорты федерациясын да басқарады. Президенттің күйеу баласы жоғары лауазымды шетелдік меймандар қатысатын шараларда бейресми елші қызметін де атқарады.

Қарашаның 10-ы күні Instagram желісіндегі постында Умаров ел астанасы Ташкенттегі залда спортшылармен бірге түскен суретін жариялап, жаңа қызметке кіріскенін жазды.

Ол «президент Мирзияев барлық салада, соның ішінде спортта бәсекені арттыру үшін нақты тапсырма берді» деді.

Голливуд фильмдердің жұлдызы болған, қазір Ресей азаматтығын алған актер Стивен Сигал Умаровты құттықтап, твит жариялады. Жазбасын "Congrats brother!" (Құттықтаймын, бауырым!) деп аяқтады.

Ережесіз жекпе-жек өмірге қауіпті болса да, Өзбекстанда бұл спортқа деген қызығушылық артып келеді. ММА Ресейдің Кавказ аймағында және Орталық Азияда өте танымал. Бұл спортпен айналасындардың барлығы америкалық Ultimate Fighting Championship (UFC) жарыстарына қатысуды армандайды. UFC – ережесіз жекпе-жектен әлемдегі ең беделді жарыс.

Дағыстандық Хабиб Нурмагомедов - UFC бойынша әлем чемпионы. Ол бұл жарыста әлі жеңіліп көрмеген. Постсоветтік елдерде осы спортпен айналысатындар Хабибті үлгі тұтады. Бірақ ММА спортында жүргендердің жолы үнемі бола бермейді.

Қазан айында ММА спортымен айналысатын өзбекстандық 27 жастағы спортшы Бекзод Нурматов Шешенстандағы жарыста есінен танып, жан тәсілім етті.

БИЛІК ҺӘМ ЫҚПАЛ

Үкіметтегі және дипломатиядағы қызметтерден бөлек, 1991 жылдан бері Өзбекстанның басшылары медиа саласынан бастап, өнер мен әлеуметтік бағдарламаларға дейінгі түрлі салалардағы ресми де бейресми қызметтерге туыстарын тағайындау арқылы елдегі байлық пен ықпалды уысында ұстап келген.

Лондонда орналасқан Knight Frank «жылжымайтын мүлік компаниясы 2011 жылғы зерттеуінде Лондонда қымбат үй-жай сатып алу жағынан өзбектер әлемде екінші орында келеді» деген тұжырым жасаған. Ол кезде елді марқұм Ислам Каримов басқарып отырған еді.

2016 жылы Каримов өмірден озған соң жұрттың көбі Мирзияев жылдар бойы жалғасқан адам құқықтарын бұзуға тоқтау салып, елдегі жағдайды дұрыстайды деп үміттенді. Бірақ оның да ескі сүрлеуге түскенін дәлелдейтін айғақтар көбейіп келеді.

Transparency International ұйымының 2018 жылғы жемқорлық индексінде 180 елдің ішінде 158-орында тұр.

Мирзияевтің кіші қызы, Умаровтың әйелі Шахноза білім министрлігінде жоғары лауазымды қызмет атқарады, ол – балаларға арналған әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру мен басқаруды бақылайтын тұлғалардың бірі.

Шахноза Умарова (сол жақта).
Шахноза Умарова (сол жақта).

Мирзияевтің үлкен қызы Саида – Өзбекстан ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі директорының орынбасары. Бақылаушылардың айтуынша, ол – елдің медиа, баспасөз және қоғаммен байланыс саласын уысында ұстап отырған ықпалды адам. Оның күйеуі Ойбек Турсунов президент әкімшілігінде қызмет етеді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен оның отбасы.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен оның отбасы.

Турсуновтың әкесі – Батыр КГБ-ның бұрынғы офицері, қазір аса ықпалды Ұлттық гвардия төрағасының орынбасары.

Сұңғақ бойлы, ірі денелі Умаров Instagram парақшасына президентті жіті бақылап тұрған фотоларын немесе Дубайдың тақ мұрагер ханзадасын қабылдау кезіндегі суреттерін жиі салып отырады.

Сонымен бірге ол отбасының суреттерін, ережесіз жекпе-жек қауымдастығы туралы посттарды да жиі жариялайды.

АСТА-ТӨК БАЙЛЫҚТЫ ПАШ ЕТУ

Өзбекстан триатлон федерациясының наурыздағы кезектен тыс жиналысында Умаров осы ұйымның басшысы қызметіне бір ауыздан сайланған.

Сол кездесуде Өзбекстан олимпиада комитетінің төрағасы Умид Ахмаджонов «триатлонда соңғы кездері мардымды нәтиже болмай кеткенін» айтып, Умаровтан «спортшыларды заманға сай материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуді» сұрады.

Шавкат Мирзияев президент болғалы шенеуніктер мен халықты ысыраптан тиюға тырысып жүр. Мәселен, елде шығыны ондаған мың доллар болатын аста-төк той ұйымдастыруға тыйым салынды.

Өзбекстанның ресми мәліметі бойынша, 2018 жылы елдегі орташа жалақы 1,6 миллион сом (170 доллар) болған.

Аста-төк тойға тыйым салатын заң қабылдардан бірер ай бұрын Умаров Instagram парақшасында Tesla көлігімен 200 км/сағат жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан видеосын салып мақтанды. Желі қолданушыларының сынынан соң ол 1,8 миллион сом (шамамен 200 доллар) айыппұл төлегенін айтып ақталды.

Жақында болған тағы бір оқиға Умаровтың елдегі саяси ықпалының қаншалық күшті екенін аңғартты. Қазан айында бір фермердің мақта жинап жатқан әйелдерге ұрысқан видеосы тарап кеткен. Жәбір көрген әйелдер Умаровтан араша сұраған. Көп ұзамай фермердің кешірім сұраған видеосы тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG