Accessibility links

Абхазия басшысын оппозиция референдумге көндірді


Грузияның сепаратистік Абхазия аймағының басшысы Рауль Хаджимба. Сочи, Ресей, 24 қараша 2014 жыл.
Грузияның сепаратистік Абхазия аймағының басшысы Рауль Хаджимба. Сочи, Ресей, 24 қараша 2014 жыл.

Грузияның сепаратистік Абхазия аймағының де-факто президенті Рауль Хаджимба, оппозиция қысымынан соң, шілденің 10-ы күні мерзімінен бұрын президент сайлауы жөнінде референдум өткізуге жарлық шығарды.

Бұдан екі жыл бұрын өткен Абхазия президентінің кезектен тыс сайлауын конституцияға қайшы деп атаған оппозиция осы кезге дейін Рауль Хаджимбаны жаңа сайлау тағайындауға көндіре алмай келген. 1 маусымда қоғам өкілдерімен кездескен Хаджимба «референдумды саяси күрестің құралы ретінде пайдалану мемлекетке кесірін тигізеді» деп қарсылық білдіргенімен, «қоғамды ұйыстырып, тұрақтылықты сақтау мақсатында» оппозицияның талабын орындауға мәжбүр болғанын мәлімдеген.

ОППОЗИЦИЯ ТАЛАБЫ

Абхазияда 2014 жылдың көктемінде басталған наразылықтың соңы президент Александр Анквабтың биліктен кетуімен аяқталған соң, сол жылы тамызда кезектен тыс сайлау нәтижесінде сепаратистік аймақ басшылығына Рауль Хаджимба келген еді.

Бірақ жағдай онымен тыншымай, Абхазияның негізгі саяси күштері, соның ішінде 1992-1993 жылдардағы Грузиямен болған соғысқа қатысқандардың «Амцахара» одағы өткен жылдың басынан бері Хаджимбаның саясатына қарсылық білдіріп келеді.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Абхазия басшысы Рауль Хаджимба. Сочи, 24 қараша 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Абхазия басшысы Рауль Хаджимба. Сочи, 24 қараша 2014 жыл.

Оппозиция президентті "сайлау қарсаңында берген уәделерін орындамады, дүрдараз қоғамды ұйытып, біртұтас үкімет құра алмады, конституциялық және құқықтық реформалар жүргізбеді, Ресейден келетін жәрдем қаржыны (2016 жылы 113 миллион АҚШ доллары бөлінген) экономиканы дамытуға жұмсамады, 70 пайызға жуықтаған жұмыссыздық деңгейін төмендете алмады" деп айыптаған. (Ресей 2008 жылдың тамыз айында Абхазияны тәуелсіз мемлекет деп мойындаған, оның бұл шешімін әлемде тек бірнеше мемлекет қана қолдаған).

Бір қызығы, 2014 жылдың мамырында Анквабтың биліктен кетуін талап етіп, Абхазия ұлттық бірлігі форумына жиналған Рауль Хаджимба бастаған оппозициялық коалиция да президентке дәл осы талаптарды қойған еді.

САЙЛАУ ОРНЫНА КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕС ҰСЫНУ

«Амцахара» одағы Хаджимба үкіметіндегі жемқорлық пен біліксіздікті көрсетіп, 2015 жылдың мамыр және қазан айларында екі бірдей қарар қабылдаған. Соңғы конгреске қатысқан делегаттар президенттің отставкаға кетуін талап еткен.

Абхазия басшысы Рауль Хаджимба (сол жақта) жиын өткізіп отыр. Сухуми, 4 сәуір 2016 жыл.
Абхазия басшысы Рауль Хаджимба (сол жақта) жиын өткізіп отыр. Сухуми, 4 сәуір 2016 жыл.

Бұған жауап ретінде Хаджимба елдегі барлық саяси партиялардың қатысуымен саяси консультативтік кеңес құрды. «Бұл кеңестің саясатқа ықпал ететін қауқары жоқ» деген «Амцахара» оның жұмысына қатысудан бас тартты. 2015 жылдың шілдесінде оппозициялық күштер блогына біріккен басқа саяси партиялар, соның ішінде сайлауда Хаджимбадан кейінгі екінші орын алған Аслан Бжания басқаратын АПРА әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеу қоры да кеңеске бармай қойды.

Бұлардан бөлек, өздерінше әрекет ететін 46 адамнан тұратын бастамашы топ 2016 жылдың наурыз айында «Хаджимбаны орнынан алатын жалғыз конституциялық жол – мерзімінен бұрын сайлау өткізу» деп, осы ұсынысты қолдайтындардан қол жинауға кірісті.

Әуелгіде Хаджимба «референум ештеңені өзгерте алмайды» деп, бастамашылардың әрекетіне кекесінмен қараған. Екі айдың ішінде қажет шамадан екі есе көп қол жиналған соң президент «референдумды өткізу қисынсыз, әрі ол елді дамытуға жәрдемдеспейді, дегенмен оның нәтижесіне бағынуға міндеттімін» деп жуасып қалды.

«ЕЛ БІРЛІГІНЕ СЫНА ҚАҒУШЫЛАР»

1 маусымда сөйлеген сөзінде Хаджимба оппозицияның сыни пікірін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Қаңтардағы парламентке жолдауын қайталаған ол өзі билікке келгелі Абхазияның қандай жетістікке жеткенін тізіп шықты. Ең бастысы – Ресейден келетін қаржылай көмектің азайғанына қарамастан, бюджет түсімі 18,8 пайызға артқан, ал экономика 7,8 пайызға өскен.

Абхазия басшысы бюджет, банк қызметі, сот және жергілікті басқару салаларындағы реформаларға тоқталып, баспасөздің бұл жұмыстарды жан-жақты талқылап жатқанын хабарлады. Оппозицияның «орындалмайтын ауыр талап» қойып отырғанын, ал өзі «билікке келген күннен елде консенсус пен сыйластықты қалыптастыруға» күш салып жатқанын айтты.

Президент болып сайланған Рауль Хаджимба инаугурациясы кезінде Абхазия туын көтеріп ұстап тұр. Сухуми, 25 қыркүйек 2014 жыл.
Президент болып сайланған Рауль Хаджимба инаугурациясы кезінде Абхазия туын көтеріп ұстап тұр. Сухуми, 25 қыркүйек 2014 жыл.

«Абхазиядағы жағдай тұрақты болса да, оппозиция президентті қалайда орнынан кетіреміз деп ел бірлігіне сына қағып жатыр» деді Хаджимба.

Бұған қоса оппозиция «жағдай тым ушығып кетті», «Хаджимба мен оның төңірегіндегілер ел басқаруға қауқарсыз» дегеннен басқа ерте сайлау өткізудің қажеттігін растайтын уәж келтіре алмады деді Абхазияның де-факто басшысы. «Өздері билікке келсе қандай шара қолданатындарын да ашық айтқан жоқ», - деп сынады Хаджимба.

Оның айтуынша, оппозиция қоғамды бос еліктіріп, елде болып жатқан «оң өзгерістерге» кедергі келтіріп, қазіргі басшылыққа күйе жағуды ғана ойлайды.

Референдум өткізу туралы бастама Абхазия конституциясына қайшы келеді деген Хаджимба бастамашылардың қол жинағанда елге қысым көрсетіп, заңды көп бұзғанын еске салды. «Бұл референдум біздің мемлекеттігімізге қатер төндіреді» десе де, президент елде тұрақтылықты сақтау үшін бұл ұсынысты қабылдауға мәжбүр болғанын айтты.

«Халықтың таңдауын орындаудан қорықпаймын» дей келе Абхазия басшысы «біз бастаған әлеуметтік-экономикалық реформаларды, мемлекеттің іргесін нығайту шараларын халықтың қолдайтынына сенемін» деп үміт білдірді.

БИЛІК КЕЛІСІМІ ЖАЙЛЫ БОЛЖАМДАР

Хаджимбаның өз қызметі өкілетін мерзімінен бұрын тоқтататын, сонымен бірге заңға да томпақ референдумды өткізуге неге келіскеніне қатысты бірнеше болжам айтылып отыр. Бір болжам бойынша, Хаджимба Орталық сайлау комиссиясын референдум нәтижесін өз ыңғайына бұруға көндіруге сеніп отырған болуы мүмкін.

Тағы болжамға сәйкес, президент «оппозицияны тек азғантай ғана наразы топ қолдайды, ал жалпы халық менің жағымда» деген тұжырым жасаған болуы ықтимал. Биыл наурызда Хаджимба мешіт салатын орын бөлемін деп мұсылмандардың ықыласына бөленген, сонымен бірге ол 30 мыңдай армян қауымдастығымен де жақсы қарым-қатынас орнатқан.

Абхазиядағы наразылық жиыны. 21 наурыз 2016 жыл.
Абхазиядағы наразылық жиыны. 21 наурыз 2016 жыл.

Үшінші болжам: екі оппозициялық ұйым – «Әділетті Абхазия» және «Әділдік пен даму жолындағы Абхазияның халық майданы» партияларының «өзіміз бірігіп біртұтас үкімет құрамыз» дегені Абхазияның қазіргі билігі үшін референдум бастамасына қарағанда әлдеқайда қауіптірек. Мамырдың 12-15-і аралығында осы екі партия ұйымдастырған шағын сауалнама нәтижесіне сенсек, халықтың 61,9 пайызы қазіргі үкіметтің жұмысына «нашар» деген баға берген. Сұралғандардың 79,7 пайызы «үкімет жұмыс стилін өзгертуі тиіс» деп санаса, 66,7 пайызы барлық партиялардың өкілдері қатысқан «ұлттық үкіметтің» құрылуын жақтаған.

2014 жылғы сайлаудың қарсаңында Хаджимба мен онымен бәсекелес тағы үш кандидат осындай ұлттық үкімет құрамыз деп уәде берген. 1 маусымда сөйлеген сөзінде президент өзімен бірге уәде бергендердің екеуі – ішкі істер министрі Леонид Дзапшба мен қорғаныс министрі Мираб Кишмара үкімет құрамында екенін еске салып, сол арқылы бұл уәдесін орындағанын айтты.

Лиз Фуллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG