Accessibility links

Халықаралық ұйым Еуропа мұсылмандарын қорғауға шақырды


Бельгиялық мұсылман әйелдер жұмысқа тұру құқықтарының бұзылғанына қатысты наразылық акциясына шықты. Генк, 12 наурыз 2011 жыл
Бельгиялық мұсылман әйелдер жұмысқа тұру құқықтарының бұзылғанына қатысты наразылық акциясына шықты. Генк, 12 наурыз 2011 жыл

Amnesty International ұйымы Еуропа елдерінің үкіметтерін мұсылмандар туралы қоғамда орныққан қате түсінік пен таптаурын кертартпа көзқарасты жоюға үндеді. Азаттық радиосына сұхбат берген франциялық қазақ баласының аты мұсылман болғаны үшін қызметке тұруы қиындағанын айтады.

Адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымның сәуірдің 24-і күні жарық көрген зерттеуі бойынша кейбір еуропалық мұсылмандар білім алу мен жұмысқа тұру мәселесінде шеттетіледі.

Amnesty International («Амнести интернэшнл») ұйымының «Еуропадағы мұсылмандарды кемсіту: таңдау мен жаңсақ пікір» деп аталған зерттеуінде Бельгия, Франция, Нидерланд, Испания мен Швейцариядағы мұсылмандар жағдайына назар аударылған. Онда еуропалық мұсылман қауымның діни сенім-нанымына қатысты шеттетілуі мен олардың басынан кешкен қиындықтары баяндалған.

ФРАНЦИЯЛЫҚ ҚАЗАҚТЫҢ ПІКІРІ

Парижде ондаған жыл тұрып жатқан этникалық қазақ Абдулсамет Алтайдың айтуынша, соңғы кезде Францияның жергілікті әкімдері елдегі 6 миллион мұсылманға қарсы шектеуді күшейтіп отыр.

Абдулсамет Алтай Франция заңдары бойынша, қыз балалардың мектепке орамал тағып баруына тыйым салынып, діни мерекелер кезінде мешіттер жанында топталып жиналуға шек қойылғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, 250-дей отбасын құрайтын франциялық қазақтар жұма намазына түрік мешітіне барады.

Бұл елге Түркиядан көшіп барған 250 отбасына жуық қазақтардың көбі дін ұстанғанымен, полиция тарапынан әзірге еш қудалау көрмеген.
Абдулсамет Алтай, Франция қазағы.
Абдулсамет Алтай, Франция қазағы.

Дегенмен Абдулсамет Алтай өз қызы орамал тақпаса да, есімі мұсылманша болғандықтан, ресми орынға жұмысқа кіре алмай жүргенін айтады.

- Қызым Франция азаматы, осында оқып-білім алған. Аты Мелике, мұсылманша болған соң үкіметке жұмысқа алмай жатыр. Бұл жақта біріншіден, атына қарайды, - деді ол.

Франция полициясы наурыз айында Тулуза қаласында «Әл-Қаидамен» байланысы бар деп сипатталған алжирлік Мохаммед Мераның шабуылынан кейін мұсылман елдерінен шыққан исламшылдардың ізіне түсе бастады.

Мерамен болған атыс кезінде үш үкімет сарбазы, үш еврей баласы мен раввині қаза тапқан болатын. Содан бері франциялық полиция әсіре исламшыл деген күдік бойынша бірнеше азаматты қамауға алды.

ДИСКРИМИНАЦИЯ БЕЛГІЛЕРІ

Amnesty International бірқатар еуропалық елдерде мұсылмандарды шеттетуге жол бермейтін заңдар жетіспейді дейді. Ұйым еуропалық үкіметтерді мұсылмандарға қатысты қалыптасқан кертартпа пікір мен таптаурын ұстанымды өзгертуге көбірек күш салып, мұсылман жастарды білім алу мен жұмысқа тұру кезінде кемсітпеуге шақырды.

Ұйымның дискриминация бойынша сарапшысы Марко Перолини:

«Мұсылман әйелдер жұмысқа қабылданбай, қыздары орамал тағып, дәстүрлі киім кигеніне байланысты сабақтарына кіре алмай жүр. Ер адамдар мұсылмандық шарты бойынша сақал жібергені үшін жұмыстан босатылады» деген.
Женева мешітінде намаз оқып жатқан мұсылмандар. 29 қараша 2009 жыл
Женева мешітінде намаз оқып жатқан мұсылмандар. 29 қараша 2009 жыл

Перолинидің пікірінше, еуропалық елдердің партиялары мен қоғамдық өкілдері осындай мәселелерді шешудің орнына, мұсылмандардың сайлаудағы дауысын ғана пайдаланып келеді.

Amnesty International зерттеуінде пікірі мысал ретінде келтірілген швейцариялық мұсылман әйел:

«Мені көшеде адамдар ғайбат сөздер айтып шақырады. Бір ер кісі орамалымды шешуді сұрап айқайлады. Мен Швейцарияда өстім, бұл менің елім деп сенемін. Басқа азаматтардың маған осылай тиісуге қандай құқығы бар екенін түсінбеймін» деген.

ҰСЫНЫС

Amnesty International ұйымы «мұсылмандар құқығын шектеп отырған» еуропалық елдерге бірқатар ұсыныс жасаған. Онда үкімет орындары жекеменшік компаниялардың жұмысқа алу кезінде мұсылмандарды шеттетуге жол бермеуі керек деп ескертілген.

Құжатта Еуропалық комиссия жұмысқа алушылардың дискриминацияға қарсы халықаралық міндеттемелерді орындауына кепіл болуы тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар ұйымның есебінде, оқушылар өз еркіндіктерін пайдаланып, бастарына орамал тағуға хақылы екендігі жазылған.
Ұлыбританиялық мұсылмандар жұма намазына жиналып жатыр. Бирмингэм, 2 ақпан 2007 жыл
Ұлыбританиялық мұсылмандар жұма намазына жиналып жатыр. Бирмингэм, 2 ақпан 2007 жыл

Адам құқығын қорғау ұйымының дискриминация бойынша сарапшысы Марко Перолини діни немесе мәдени нышандары бар киім кию – жеке бас еркіндігінің бір бөлігі, ал діни наным-сенім бостандығын барлық діндар адамдар теңдей иеленуі тиіс деп санайды.

Құжатта Швейцария мешіт мұнарасына тыйым салу арқылы исламға қарсы көңіл-күй қалыптастырып, бұл ел адам құқын сыйлау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындамай отыр деген мәлімет бар. Сонымен қатар Испанияның Каталония аймағында мешіт салуға рұқсат берілмей, мінәжат ету орындарының аздығынан мұсылмандар далада тұрып, намаз оқуға мәжбүр болып жатқаны туралы жазылған.

Перолинидің пікірінше, еуропалық үкіметтердің діни еркіндікті шектеп, дискриминацияға қарсы заңдарды күшейтпеуі себепті мұсылмандардың құқықтары бұзылып жатыр.
XS
SM
MD
LG