Accessibility links

Рунидің голы командасын бірінші орынға шығарды


Англия - Украина матчына төрелік еткен венгриялық Виктор Кассай. Донецк, 19 маусым 2012 жыл
Англия - Украина матчына төрелік еткен венгриялық Виктор Кассай. Донецк, 19 маусым 2012 жыл

Еуропа чемпионаты қожайындарының бірі Украина құрамасы ширек финалға шыға алмады. Олег Блохин командасы шешуші ойында Англиядан ұтылып қалды. Кездесу тағдырын Уэйн Руни салған гол шешті.

Ойынның бірінші таймында гол соғылған жоқ. Ал екінші тайм басталған сәтте Англия құрамасы есеп ашты. Стивен Джеррард оң қапталдан айып алаңына пас берген. Бұл допқа украиналық қорғаушылардың ешқайсы тосқауыл бола алған жоқ. Қақпашының алдына соғылып жоғары серпілген допқа басын тосқан Уэйн Руни биылғы біріншіліктегі алғашқы голын салды.

УКРАИНАНЫҢ "ГОЛЫ"

61-минутта ағылшын қорғанысы қателік жіберді. Украина ойыншысы Марко Девич ағылшындардың айып алаңына емін-еркін енді де, допты қақпашы Джо Хардтан асырып жіберді. Джон Терри қақпа сызығын сәл қиып өткендей көрінген допты кері тепті.

Азаттықтың сарапшысы Ермұхамед Мәулен бұл сәтте гол соғылды деп есептейді.

- Көрсетілім кезіндегі қайталауда анық көрінді – доп қақпа сызығын кесіп өткен. Бірақ төреші допты есептемеді. Бір жағынан арбитрдің шешімі дұрыс шығар. Себебі украиналықтар таза гол соғу керек еді. «Күмәнді гол» ешқандай командаға абырой әкелмесі анық. Тіпті бұл голды төреші есепке алып, нәтиже теңескеннің өзінде Украина ширек финалға шыға алмас еді, - деді шолушы.

Ал Украина құрамасының бас бапкері матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында төрешінің жұмысына ренішін білдірді.

- Төреші таза голды есептемеді. Қақпа жанында тұрған бесінші арбитрдың да қайда қарап тұрғанын түсінбедім. Ал айып алаңында Руни қолмен ойнады. Бұл жайтты да төреші ескерген жоқ. Төреші Англия құрамасына жақтасты демеймін. Бірақ бұл ойында өз міндетін дұрыс атқармады, - деді Олег Блохин.

«РУНИ - ОЙЫННЫҢ БАС ҚАҺАРМАНЫ»

Футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев бүгінгі матчта Украина футболшыларының ойынын жоғары бағалады.

- Украина құрамасы алаңда бар күштерін жұмсады. Англия құрамасымен терезесі тең ойын көрсетіп, жеңіске жету үшін жігер танытты. Украиналықтар әдемі жеңілді. Голландия, Ирландия, Польша құрамаларымен салыстырғанда Украина осы біріншілікте ерекше көзге түсті. Хорватия мен Украина – биылғы біріншіліктегі көрермен көзайымына айналған командалар.

Ал Ермұхамед Мәулен бүгінгі ойынның бас қаһарманы ретінде Уэйн Руниді атады.
Украиналық және ұлыбританиялық полицейлер жанкүйерлермен бірге суретке түсіп тұр. Киев, 19 маусым 2012 жыл
Украиналық және ұлыбританиялық полицейлер жанкүйерлермен бірге суретке түсіп тұр. Киев, 19 маусым 2012 жыл

- Уэйн Рунидің алаңды, допты сағынғаны көрініп тұрды. Жалпы, Руни дәл қазір Англия құрамасының «жүрегі» екені анық көрінді. Ол алаңға шығып еді, Англияның ойыны ерекше мәнге ие болды. Франция мен Швецияға қарсы ойнаған Англия мен бүгінгі ағылшындарды салыстыруға келмейді. Украина үшін бүгінгі матчтың маңыздылығын айтпаса да түсінікті. Жарыс қожайындарының тегеуірінді қарсылығына қарамастан, Англия футболшылары бұл ойында салқынқандылық танытып, жеңіске жетті, - деді ол.

Футбол шолушысы Англияның ширек финалдағы мүмкіндігін де таразылады.

- Ағылшындар ширек финалда Италиямен ойнайды. Бұл кездесуде – ағылшындар фаворит. Әр кездесу сайын Англияның ойыны жанданып келеді. Топтық кезеңдегі алғашқы ойында Францияның толассыз шабуылына төтеп беріп, тең түсті. Швециядан ұтылып жатып, жеңіп кетті. Демек, Рой Ходжсон командасы кез-келген жағдайдан шыға алатындығын дәлелдеді. Англияның жартылай финалға шығуы мүмкін, - деді ол.

«УКРАИНА ҚОШЕМЕТКЕ ЛАЙЫҚ КОМАНДА»

Спорт комментаторы Рауан Оқас «Украина құрамасы ширек финалға шыға алмаса да биылғы турнирдың қаһарманы» дейді.

- Еуропа чемпионатын өткізіп отырған екі команда да биыл ширек финалға шыға алмай қалды. 2008 жылғы Еуропа чемпионатын ұйымдастырған Швейцария мен Австрия да топтық кезеңнен кейін жарысты аяқтаған. Бұл жайт қазір Еуропа чемпионатында «дәстүрге» айналып барады. Енді ойынға келсек, Украина құрамасына ешкім кінә артпас. Себебі команда соңғы минутқа дейін айқасты. Бұл құрама қошеметке лайық. Дәл қазір Украинаның футболы жоғары деңгейде дамып келеді. ТМД елдерінің ішінде бұл елдің футболы көш ілгері. Украина құрамасы ойын мәнерін жоғалтпаса, Бразилиядағы әлем чемпионатына қиналмай жолдама алады, - деді шолушы.

Ал Мейірбек Нүрекеев Украина құрамасына Андрей Шевченконы алмастырар ізбасар керек деген ойда.

- Биылғы біріншіліктен кейін Андрей Шевченко құрамадан кетер. Қазір Украинаға оның орнын басар ойыншы керек. Менің ойымша, Олег Гусев, Денис Гармаш және Марко Девич - оның орнын басуға лайық басты кандидаттар, - деді фанат.

Украина құрамасының бас бапкері Олег Блохин журналистерге берген сұхбатында:

- Команда ойыны ұнады. Жігіттердің ойынына ризамын. Футболшыларды сынаудың қажеті жоқ. Егер Украинаның ойыны ұнамаса, бас бапкерді сынаңыздар, - деді.

Ал Рой Ходжсон баспасөз мәслихатында:

- Украина бұл ойында бар күшін салды. Бірақ біздің жолымыз болды. Бастысы - жеңілген жоқпыз. Джо Хард, Джон Терри және қорғаушылар жақсы ойнады. Топтан шықтық, енді Италиямен ойынға тыңғылықты дайындалу керек. Италия командасы жайлы қандай да пікір айтуға әлі ерте, - деп қысқа қайырды.
XS
SM
MD
LG