Accessibility links

Еуро-турнирде алыпсатарлардың саудасы қызды


Билет тексеріп жатқан стадион қызметкері. Варшава, 16 маусым 2012 жыл
Билет тексеріп жатқан стадион қызметкері. Варшава, 16 маусым 2012 жыл

Еуропа чемпионатында 50 жанкүйер Украина мен Швеция ойынына кіре алмай қалды. Олардың қолындағы билеттер «жалған» болып шыққан.

Еуропа чемпионатын ұйымдастыру комитеті биылғы Еуро-турнир кезінде жалған билеттердің сатылғанын анықтады. Киев қаласындағы Украина мен Швеция ойыны кезінде 50 жанкүйер ойынға кіре алмай қалған. Олардың қолындағы билеттері жалған болып шыққан. Фанаттар бұл билетті стадион маңындағы сатушылардан алыпты.

Еуро-турнир кезінде алыпсатарлардың да саудасы қызып тұр. Кассадан жарыс басталмай жатып, топтап билет сатып алғандар қазір бағаны екі есе көтерген.
Сергей есімді украиналық жігіт – тәжірибелі алыпсатар. Киевте өтетін ірі шаралардың билеттерін алдын-ала сатып алып, кейін қымбатқа өткізеді. Ол биылғы Еуропа чемпионаты алдында да біраз пайда табуды жоспарлапты.

Сергей топтық кезең билеттерін 87 долларға сатып алған. Қазір 175 долларға бағалап отыр. Ал ширек финал билеттерін 187 долларға алып, енді 500 долларға саудаламақ.

- Қолымдағы билеттер жалған емес. Билеттерді ресми тіркелген кассалардан сатып алдым. Қазір билет іздегендерге екі есе бағамен өткізем, - деді алыпсатар.

Киевтік Алена есімді студент қыз Украина-Швеция матчына бірнеше минут қалғанда билет алғанын айтады. Украинаның жеңгенін көру бақыты бұйырғанымен қоймай билеттің өзін анағұрлым арзанға алғанына разы. 700 гривеннің орнына 400 төлеген.
Англия-Украина матчын көріп отырған жанкүйерлер. Донецк, 19 маусым 2012 жыл
Англия-Украина матчын көріп отырған жанкүйерлер. Донецк, 19 маусым 2012 жыл

- Расында да жолым болды. Тура сол орындарды интернеттен қарағанда адамдар 900 гривенге сатып жатқан. Оның өзі үшінші категория. Екінші категория 1000 гривень болып тұрған. Алдағы матчтарға да билет осылайша екі жолмен сатыла береді деп ойлаймын, - деді ол.

Еуропа чемпионатын ұйымдастыру комитетінің Украинадағы директоры Маркиян Лубкивский: «Жанкүйерлер билеттерді ресми кассалардан сатып алуы тиіс. Себебі жалған билеттер мен алыпсатарлар көбейіп кетті» деп ескерту жасады.

Ал Украинаның Донецк қаласында екі жалған билет табылған. Бұл туралы Украина ішкі істер министрлігінің өкілі Юрий Седнев мәлімдеді.

«Жалған» билеттерді фанаттар көшедегі саудалаушылардан алған. Бұдан бөлек, Донецк қаласында полицейлер билетті қымбат бағаға сатып жүрген кейбір алыпсатарларды қолға түсірді.

- Донецк қаласында билет сатқан бір алыпсатар ұсталды. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл төледі, - деді Седнев.
XS
SM
MD
LG