Accessibility links

Лондон-2012 ашылуы күрделі де ерекше спектакль болып шықты


Лондон-2012 олимпиадасы салтанатты түрде ашылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:54 0:00

Лондон-2012 олимпиадасы салтанатты түрде ашылды

Лондон қаласында ХХХ жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Шараны тамашалаған қазақстандық мамандар ұлыбританиялық шоу қойылым режиссерлерінің өнеріне баға берді.

Олимпиаданың ашылу салтанатына кіріспе видеоклип Темза өзенін қуалап отырып бүкіл елдің тыныс-тіршілігін көрсететін, ең соңында олимпиада ордасы - Лондонға келіп кіретін көрініспен басталды.

Шілденің 27-сі (Қазақстанда 28-іне қараған түн) кешкі сағат тоғызда ресми салтанатты жақында ғана «Тур де Франс» көпкүндігін жеңіп алған ұлыбританиялық велоспорт шебері Брэдли Уиггинс бастады. Ол стадионда ілінген үлкен қоңырауды соғып, олимпиада салтанатының басталу белгісін берді. Одан әрі балалар хоры Ұлыбританияның төрт аймағына тән әуенді орындап тұрды. Ал осы сәтте стадион беті тұтастай аграрлық дәуірдегі көк желекке оранған мамыражай ағылшын ауылына айналып кетті.

Бұдан кейін цилиндр қалпақты бір топ "билік өкілдері" Ұлыбританиядағы индустриализациялық революцияны бастап кетті. Стадионда түтінін будақтатқан биік зауыт мұржалары бой көтеріп, металлургтер мен шахтерлер киімін киген топ көрінді. Алаңда диқандар мен қарапайым жұмысшылардың да еңбегі көрсетілді. Болат балқытуды бейнелейтін "зауыттан" шыққан бес олимпиада шығыршығы аспанға көтеріліп, жер бетіне нұр төкті.
Лондон олимпиадасының ашылу салтанатындағы отшашу. 27 шілде 2012 жыл.
Лондон олимпиадасының ашылу салтанатындағы отшашу. 27 шілде 2012 жыл.

Ағылшындар бірінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарын еске алуды да ұмытқан жоқ.

Бұдан кейін, Елизавета патшайым "Джеймс Бондпен" (Дэниел Крэйг) бірге Букингэм сарайынан тікұшақпен стадионға "жетті". Стадион үстінен Елизавета рөліндегі каскадер парашютпен түсті. Осы сәтте патшайымның өзі стадиондағы құрметті қонақтар арасына келіп жайғасты. Одан кейін стадион төрінде Ұлыбритания туы көтеріліп, тағы бір балалар хоры елдің әнұранын шырқады.

"ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕШҚАШАН БҰЛАЙ БЕЙНЕЛЕНГЕН ЕМЕС"

Бұл рәсімнен соң ағылшын мәдениетіне кезек келді. «Гарри Поттер» кітабының авторы Джоан Роулинг жұртшылыққа ертегі оқып берді. Ағылшын фольклоры мен қазіргі әдебиетіндегі зұлымдықты бейнелейтін жағымсыз кейіпкерлерді жағымды кейіпкерлер жеңіп, әділет салтанат құрды. Бұл тұсқа келгенде стадионда Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде (NHS) істейтін шын медбикелер мен дәрігерлер бір сәт бишіге айналып, алып аурухана төсектеріндегі балалармен бірге шаттық биін биледі. Ұлыбританияның әр көшесінде кездесетін қызыл кірпішті екі қабатты жұпыны үй тұрғындарын бейнелейтін әйгілі телесериал кейіпкерлері танымал әнші-бишілермен бірге соңғы ғасырда елдің мәдени өмірінде болған өзгерістерді бейнелеп өтті. "Битлз", "Пистолс", "Шугабейб", "Дюран-Дюран", "Куинн" сынды ағылшын әншілерінің әнінен поппури орындалды. Әуеннен кейін стадион ішінде тыныштық орындап, осы күнге жете алмаған адамзат баласын еске алды.
Ашылу салтанатының бір көрінісі
Ашылу салтанатының бір көрінісі

Лондон симфониялық оркестрі орындаған Chariots of Fire шығармасына "Мистер Бин" деген атпен танылған ұлыбританиялық әйгілі комик Роуэн Аткинсон қосылып, біраз жұрттың езуіне күлкі үйрілтті.

Осы тұста футболшы Дэвид Бекхэм Темза өзенін катермен бойлай жүзіп отырып, стадионға олимпиада алауын жеткізді.

80 мың адам сыятын олимпиадаға арнап салынған стадионды салып шыққан қарапайым құрылысшылар тайлы-тұяғымен ортаға шақырылып, спектакльдің бір бөлігіне айналды.

Шоудың кез-келген бөлігінде елде тұратын барлық этникалық топ өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да барынша белсенді қатыстырылғаны көзге түсті.

BBC бұл қойылымға баға беріп отырып, "Ұлыбритания бұрын-соңды ешқашан мұндай сипатта бейнеленген емес" деп жазды. Қазақстандық көрермендер үшін ашылу салтанатындағы кейбір сәттер түсініксіз болып қалуы мүмкін. Өйткені режиссер бұл спектакльді тек сыртқы әлем үшін емес, ең әуелі жергілікті жұрт үшін ұйымдастырғаны анық көрініп тұрды. Ұлыбритания мақтан тұтатын көне мәдениеті, индустриализация, әлемдегі үздік, тегін әлеуметтік қорғау жүйесі, қазіргі либералдық құндылықтары және бүкіләлемдік интернет жүйесін (WWW) ойлап табушы сияқты жетістіктері халық күнделікті көріп-тыңдап жүрген телесериалдар мен радиохабарлар арқылы бейнеленді.
Ашылу салтанатының көрінісі
Ашылу салтанатының көрінісі

Еске алу аяқталған соң олимпиадаға қатысушы елдердің шеруі басталды.

Шеру аяқталысымен аспаннан жеті мың жапырақ жауды. Жапырақ астында ағылшындық Arctic Monkeys әнімен қанатты велосипедшілер стадионды айналып шықты.

Ендігі кезек Халықаралық олимпиада комитетінің Жак Роггенің құттықтау сөзіне келді. Құттықтау сөзден кейін стадионға олимпиада туын боксшы Мохаммед Әли мен эфиопиялық желаяқ Хайл Гебреселасси бастаған топ алып кірді. Ал ескек есуден бес дүркін әлем чемпионы ұлыбританиялық Стив Редгрейв Дэвид Бекхэмнен қабылдап алған олимпиада алауын алаңда тұрған жеті жас спортшыға әкеліп берді. Жас спортшылар биылғы ХХХ олимпиада ойындарының алауын жақты. Төрт жыл күткен олимпиада ойындары басталды!

Олимпиаданың ашылу салтанатының режиссері – Дэнни Бойл.

«ПЕКИН МЕН ЛОНДОН САЛТАНАТТАРЫН САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ»

Ойындардың ашылу салтанатын тамашалаған қазақстандық мамандар ірі шараға өз бағаларын берді.

Шоу бағытындағы шаралардың продюсері Дәурен Жұмағалиев «ашылу салтанаты ерекше өтті» дейді.
Қазақстан олимпиадалық құрамасы Лондондағы ашылу салтанатында
Қазақстан олимпиадалық құрамасы Лондондағы ашылу салтанатында

- Пекин олимпиадасы мен Лондон олимпиадасының ашылу салтанатын салыстыруға келмейді. Екеуі екі бөлек мәдениет. Қытай елі шығыс мәдениетін паш етсе, Ұлыбритания батыс мәдениетін көрсетті. Пекин олимпиадасында синхронды көріністер көп болды. Яғни, 2008 адамның бір уақытта барабан ойнауы, мыңдаған бишілердің бірдей билеуі ашылу салтанатының көркін ашты. Бұл қытайлық режиссерлардың шеберлігі. Ал ағылшындардың қойылымында логика көп. Барлығы ойластырған. Әр қойылымқа терең үңілу керек, - деп санайды маман.

Продюсер ашылу салтанатының іш пыстырарлық көріністерден басталғанын айтады.

- Естеріңізде болса, Пекиндегі ашылу салтанаты өте қарқынды басталған еді. 2008 барабаншының қойылымы есімізде. Ал Лондонның ашылуы бірден көрерменді баурап алып кете алған жоқ. Ұзаққа созылып кетті. Көрермендер көпке дейін шараның ішіне кіре алмай отырды. Дегенмен, шығармашылық жағынан мықты. Ал қытайларда бұқаралық, көп адамдық сахналары керемет шықты. Демек, екі олимпиаданың ашылуын салыстыруға мүлдем келмейді.
Ашылу салтанатының бір көрінісі.
Ашылу салтанатының бір көрінісі.

Ал спорт шолушысы Төлеген Жұмабек «олимпиада ойындарының ашылуы жыл сайын жаңа технологиялармен өткізе салу дағдыға айналып бара жатқанын айтады

- Байқасақ, әр олимпиаданың ашылу салтанатына жұмсалатын ақша азайып барады. Бұл жолы ағылшындар лазерлік шоуларды көп ұйымдастырды. Яғни, көбі компьютерлік бағдарламалармен көмкерілді. Әрине, бұған аз ақша жұмсалады,-дейді спорт журналисі.

Лондондағы олимпиада ойындарының ашылу салтанатына 42 миллион доллар жұмсалыпты. Бұл Пекин олимпиадасымен салыстырғанда екі есе аз. Қытайдағы ойындардың ашылуына 80 миллион доллар кеткен еді.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын теледидар арқылы төрт миллиард адам тамашалады. Ал стадионда 80 мың адам көрді.
XS
SM
MD
LG