Accessibility links

АҚШ-Түркия байланысы Ресей-Иран қарым-қатынасына жан бітірді


АҚШ пен Ресей туы. (Көрнекі сурет)
АҚШ пен Ресей туы. (Көрнекі сурет)

Stratfor барлау және талдау жасау ұйымы байырғы екі лагерь өкілі – АҚШ пен Ресей арадағы түйткілді мәселеде Иран мен Түркияны қарсы салмақ ретінде пайдаланып отырғанын жазады. Бұл тұрғыда Иран мен Түркияның да өз көздегендері бар.


АҚШ пен Түркия арасындағы стратегиялық байланыстың нығаюына қарсы Ресей мен Иран бірге қимылдай бастады. Өйткені Вашингтон мен Анкараның тым жақындап кетуін Ресей де, Иран да жөн көрмейді.

Бірақ Мәскеу мен Тегеран арасындағы қарым-қатынас қажеттіліктен туындаса да, бір-біріне деген сенімділік жоқ. «Сірә, екі ел ядролық саладағы ынтымақтастығы мен энергетикалық саладағы байланыстарын АҚШ-Түркия альянсына қарсы тетік ретінде дамытып жатқан сияқты» дейді ұйым қыркүйектің 14-і күні жариялаған сараптамасында.

РЕСЕЙ МЕН ИРАН: ОРТАҚ ЖАУ ОДАҚҚА БІРІКТІРЕ МЕ?

Көптеген кедергіден соң, Ресейде құрастырылған Бушер атом энергиясы станциясы қыркүйектің 12-сі күні Ресейдің энергетика министрі Сергей Шматко мен мемлекеттік атом энергиясы компаниясының басшысы Сергей Кириенко қатысқан салтанатты шарада ресми түрде ашылды. Сол күні Иранның атом энергиясы ұйымының басшысы Ферейдун Аббаси
Бушер атом станциясы. 30 қараша 2009 жыл.

Press TV телеарнасына Иран мен Ресейдің «Бушер зауытынан кейінгі болашақ жобаларға қатысты да ынтымақтастығын жалғастыра беретінін» айтты. Мұны кейінірек Ресей жағы да мақұлдады.

Қыркүйектің 12-сінде Ресей халықаралық қауымдастықтың Иранға қарсы енгізген санкцияларын орындаған сыңай танытып, бұған дейін жобаға қатысудан шет қалып қойғанына қарамастан, табиғи газ өндіретін «Газпром» компаниясы Иранның Азар кен орнынан мұнай өндіруге қатысуы мүмкін екендігін жеткізді.

12 қыркүйекке дейінгі Мәскеу-Тегеран арасы бұдан екі аптадан аз уақыт бұрынғы ахуалға мүлдем қарама-қайшы болғанын жазады Stratfor. Ол кезде Иран Ресейді S-300 стратегиялық әуе қорғанысы жүйесін жеткізіп беруден бас тартқаны үшін сотқа береміз деп қорқытып, Бушер жобасындағы кідірістер мен «Газпромның» Азар жобасына қатысуына тыйым салғанына шағымданған еді.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас бір-біріне деген өзара тәуелділікке құрылған. Иран Бушер зауытына сараптама жасату үшін, арнайы мамандар үшін Ресейге тәуелді болса, ал ресейлік «Газпром» Иранның мақұлдауынсыз Азар кенішінің дамуына өз бетінше техникалық сараптама жүргізе алмайды.

Ұйымның жазуынша, Ресей түбінде өзіне қауіп төндіретін Иранның қуаты артқанына аса мүдделі болмаса да, Тегеранмен байланысын Батысқа қарсы салмақ ретінде тұрақты пайдаланып келеді. Ал Иран Ресейді, сыртқы қауіпке қарсы күресте елеулі көмек бере алмаса да, өзінің жалғыз басты қамқоршысы санайды.

Еуропадағы қауіпсіздік мәселесінде Вашингтонмен келіссөздер жүргізуге дайындық барысында Ресей Иранды пайдаланды. АҚШ-Ресей келіссөзі кезіндегі басты мәселе – баллистикалық зымыранға қарсы қорғаныс тақырыбы болды. АҚШ мұны «Иран сияқты елдерден төнетін қауіпке қарсы құрылған» деп жариялағанымен, ол Ресейді тежеу стратегиясына
Ресейдің энергетика министрі Сергей Шматко (сол жақта) және Иран сыртқы істер министрі Али Акбар Салехи. Тегеран, 11 қыркүйек 2011 жыл.

бағытталған Орталық Еуропадағы қауіпсіздік міндеттемелерді кеңейтуге арналды.

Бірақ Тегеран әрқашан бірден ойынға араласып кете бермейді. Иран әдетте өзінің сыртқы қолдаушысын әлсірететіндей әрекеттерден сақтанып жүрсе де, соңғы апталарда Мәскеуге деген талабын анық білдіріп алды. Көршілеріне біраз беделі бар, әрі соңғы кездері АҚШ немесе Израильден онша қысым көрмеген Иран аймақта берік позиция ұстанатынын сездірді. «Тегеран өзін сыртқы қатерлерден қаншалықты қауіпсіз сезінген сайын, Ресейге деген сенімсіздігін де соншалықты ашық білдіре бастайды» деп жазады ұйым.

АҚШ ПЕН ТҮРКИЯ

Алайда Иранның да басын ауыртар түйткілдер бар екенін айтады Stratfor ұйымы. Бұған әсіресе Түркиямен қарым-қатынаста бәсекелестіктің өсуін айтуға болады. Иран өзінен төнетін қауіптің ұлғаюына қарсы бағытталған АҚШ-Түркия байланысына кедергі болуға тырысып жатыр. «Сирия мен Ирактағы оқиғалар Түркияны Иранға қарсы қойып қойды. Тегеран күрд жасақтарын Анкарамен ынтымақтастықты арттыруға ілік ретінде пайдананып жүрген сияқты болады. Бірақ Тегеран-Анкара байланыстарындағы түйткілдерді жасырып-жабу күн сайын қиындап келеді» деген ой айтады ұйым.

Stratfor-дың жазуынша, Ресей АҚШ-тың ракетаға қарсы қорғаныс стратегиясындағы Түркия роліне алаңдайды. Иран мен Ресейді мазалап отырған басты мәселе – АҚШ пен Түркияның өзара және Иран мен
Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған. Каир, 13 қыркүйек 2011 жыл.

Ресейге қарсы мүдделерінің бір жерден шығуы. Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған қыркүйектің 4-і күні Түркияның АҚШ жоспарлап отырған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің Х-диапазонды радарын орналастыруға міндеттеме алғанын мәлімдеді.

Түркия зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі көрші елдерге қарсы бағытталып отырмағанын айтса да, Иран президенті Махмуд Ахмединежад қыркүйектің 9-ы күні «Жаулардың» Иранға қарата зымыранға қарсы қалқандар құруына жол берді» деп Түркияға ескерту жасады.

МӘСКЕУ ҚАЛАЙ ДОҚ КӨРСЕТЕДІ?

Ресей де Түркиямен қарым-қатынасын сақтауға, АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін ары қарай кеңейтпеуге мүдделі – сондықтан Анкараның бұл мәлімдемесін қаперіне түйіп алды.

Қазір зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне қатысты Вашингтонмен келіссөз жүргізіп жатқан Ресей «Егер әңгімеміз жараспайтын болса, НАТО-дағы өкіліміз Дмитрий Рогозин АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне қатысты қауіпсіздік мәселесін талқылау үшін Иранға барады» деп кесіп айтты. Ресей бұл ескертуді Иранға S-300 стратегиялық қорғаныс жүйесін беруге сүйеніп айтқан болуы мүмкін деп болжайды ұйым. Бірақ әңгіме ол стратегиялық қорғаныс жүйесін расымен де Иранға жеткізу мәселесіне тірелгенде Ресей біраз ұстамдылық танытады. Мәскеу әзірше «Иран қаупін» жай ғана құрал етіп көрмек.

Ал Түркиямен арадағы түйткілді шаруаларын реттеп жатқан Иран өзінің «халықаралық деңгейдегі қорғаушылары бар екендігін» көрсеткісі келеді. Ал Ресей АҚШ-пен арасында зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне қатысты келіссөздерден нәтиже шықпайтындай болса, Иранның бір қажетке жарарын біледі.

«Иран мен Ресей әдетте жай ғана қолайлы қарым-қатынас жасайтын болса, АҚШ пен Түркия байланысынан қауіптенген соң бір-біріне іштері жыли бастайтын сияқты» деп түйіндейді ұйым сараптамасын.
XS
SM
MD
LG