5 ақпанда ядролық қаруды қысқарту жөніндегі АҚШ-Ресей келісімінің мерзімі аяқталады. Бұл келісім қолдануға даяр, күзетке қойылатын стратегиялық ядролық қару-жарақ санын шектеп келген. Келісім жаңартылмаса, Мәскеу мен Вашингтон жарты ғасырдан астам уақыт ішінде алғаш рет атом қаруын тежеуге міндетті болмай қалайын деп тұр.
Мәскеу 2023 жылы Ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімді (орыс тілінде – СНВ-3, ағылшын тілінде – New START) "тоқтата тұратынын" мәлімдеген. Оған АҚШ-тың Украинаға әскери қолдау көрсетуін ілік еткен. Вашингтон да осыған ұқсас қадам жасап, формалды түрде келісімнен бас тартпаса да, оның шарттарын орындауды доғарды.
Былтыр қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин келісімнің негізгі талаптарын – соның ішінде қолдануға даяр атом бомбасын 1550 оқтұмсықпен шектеу шартын – тағы бір жылға ұзартуды ұсынды. АҚШ президенті Дональд Трамп Кремльдің бұл ашық ұсынысын жылы қабылдап, журналистерге "жақсы идея сияқты" деп жауап берген. Алайда Мәскеудің келісімді ресми түрде ұзарту жөніндегі кейінгі қадамдарына Вашингтон әзірге үн қатпай отыр. АҚШ Мемлекеттік департаменті ядролық келісімнің мәртебесіне қатысты пікір білдіруден бас тартып, Азаттық сұрақтарын Ақ үйге бағыттады.
БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі зерттеулер институтының (UNIDIR) аға зерттеушісі Павел Подвиг Азаттыққа берген сұхбатында келісімнің негізгі шарттарын соңғы сәтте ұзарту белгілері байқалмайтынын айтты. Оның пікірінше, ядролық қаруланудың күшею ықтималдығы артып отыр.
– Меніңше, бұдан кейін АҚШ қолдануға даяр оқтұмсықтар санын арттыруға көшеді, – дейді Подвиг.
Зерттеушінің айтуынша, мұны қысқа мерзімде орындаудың оңай жолы – Minuteman III сияқты зымырандарға қосымша оқтұмсық орнату.
АҚШ-тың солтүстігіндегі Ұлы жазықта қазір 400 Minuteman III құрлықаралық баллистикалық зымыраны орнатылған. СНВ-3 шарты бойынша, әрбір зымыранда бір оқтұмсық болуға тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл зымырандарға үш оқтұмсық сыяды. Бұл оқтұмсықтар ұшу бағытының кейінгі фазасында бөлініп, түрлі нысанды көздей алады.
Яғни, америкалық құрлықаралық баллистикалық зымырандардағы оқтұмсықтар санын үш есе көбейту салыстырмалы түрде оңай болмақ.
– Білуімше, мұны жылдам жүзеге асыруға болады, – дейді Подвиг.
Ресей де дәл осылай қолда бар қаруына қосымша оқтұмсық орнатып, СНВ-3 келісімі жаңартылмаса, арсеналын шамамен 60 пайызға арттыра алады.
АҚШ-тың ядролық арсеналды шектеуде құлықсыз болуының бір себебі – үшінші ядролық державаның пайда болуы. 2010 жылы СНВ-3 келісіміне қол қойғанда бұл ел еленбеген.
– Ядролық қару саласындағы ең үлкен өзгеріс – АҚШ пен Ресейдің әлемдік ядролық арсеналдағы үстемдігін бұзатын Қытайдың пайда болуы, – дейді Қауіп-қатерді азайту жөніндегі бірлескен бағдарламада (Cooperative Threat Reduction) аға менеджер болған Уильям Мун.
Ресейдің ядролық нысандарын тексеруге тікелей қатысқан Мунның айтуынша, "Қытайдың нақты ниеттері туралы толық түсінік болмайынша, АҚШ та, Ресей де ядролық арсеналдарын және оны жаңғырту жоспарларын шектеуге құлықсыз болады".
Пентагонның 2022 жылғы есебінде 2035 жылға қарай Қытайдың ядролық оқтұмсықтар саны 1500-ге жуықтауы мүмкін деп жазылған.
Подвигтің айтуынша, жуық арада АҚШ бір емес екі ядролық державамен бетпе-бет келуі ықтимал.
– Енді америкалықтар: "Қараңдар, Қытайда 300 шахта бар, яғни оларда 300 зымыран болмақ, ал бізде оның бәрін нысанаға алатын оқтұмсық жетпейді" деп жатыр. Сөйтіп: "біз қолдануға даяр оқтұмсық санын арттырып, сол шахталардың бәрін көздейміз" деген жоспар шығады, – дейді ол.
Подвигтің сөзіне қарағанда, мұның салдарынан Қырғи қабақ соғысы кезіндегідей қарулану басталуы мүмкін. Қытай да қарап қалмай, "бізге көбірек шахта қажет болар" деуі ықтимал.
Осы себепті ядролық қаруды бақылауды жақтаушылар жаңа келісім жасауға үндеп отыр.
Arms Control Association ұйымының атқарушы директоры Дэрил Кимбалл Азаттыққа берген сұхбатында: "Мәселе мынада – ядролық қарудың көбеюі ешкімді де қауіпсіз етпейді. АҚШ-та Қытайды, Ресейді және кез келген басқа ядролық қаруы бар мемлекетті тежеуге жеткілікті, жойқын әрі іс жүзінде қол сұғылмайтын ядролық күш бар" деді.
Кимбаллдың сөзінше, Ресей мен АҚШ-тың ядролық қуатын арттыру "ядролық үрейге негізделген өзара тепе-теңдікті одан әрі тұрақсыздандырады; қазірдің өзінде қымбат әрі мерзімінен кешігіп жатқан АҚШ ядролық жаңғырту бағдарламасына қосымша салмақ түсіреді; әрі Қытайды ядролық арсеналын одан әрі жедел ұлғайтуға итермелейді".
– Адамзат өркениеті ядролық қарудың өзіне және ядролық қаруы бар мемлекеттер мен олардың одақтастары арасындағы қауіпті, өзара байланысқан тежеу стратегияларына әлі де тәуелді күйде қалып отыр, – дейді ол.