Accessibility links

Yandex-тегі ақаудан кейін құрылтайда азаматтардың жеке деректеріне қатысты мәселе қозғалды

Yandex қызметімен тамақ тасып жүрген тұрғын. Көрнекі сурет.
Yandex қызметімен тамақ тасып жүрген тұрғын. Көрнекі сурет.

Yandex-тегі ақаудан кейін құрылтайда азаматтардың жеке деректерінің басқа елге берілу-берілмеу заңдылығын тексеруді талап етті.

“Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді” деді депутат Ләззат Жылқыбаева 14 қазанда құрылтай отырысында.

11 қазанда украин дрондарының Yandex-тің дата орталықтарына шабуылынан кейін Ресейде, Беларусь, Сербия және Орталық Азияның бірқатар мемлекетінде Yandex-тің кейбір қызметінде ақау пайда болды. "Yandex Go Қазақстан" өкілдері есептеу процестерінің бір бөлігі шетелде атқарылатындықтан басқа мемлекеттегі инфрақұрылымның бұзылуы Қазақстандағы сервистің жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін деп түсіндірді.

2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның цифрлық даму министрлігі "Яндекс" компаниясы yandex.kz серверлерін ел аумағына көшіруді аяқтағанын хабарлаған еді. Сол кездегі министр Бағдат Мусин қолданушылардың дербес деректері Қазақстанда өңделеді деп мәлімдеген. Алайда қазіргі кездегі оқиғалардан кейін министрлік дербес деректерді ел ішінде сақтау платформа толық дербес (автономды) жұмыс істейді дегенді білдірмейтінін, ал такси мен жеткізу қызметінің жекелеген құрамдас бөліктері әлі де шетелде орналасқан деп нақтылаған.

Қазақстандықтар жиі қолданатын қызметтердің бірі "Яндекс Такси" Қазақстанға 10 жыл бұрын, 2016 жылы кірді. Әуелде тек Алматыда жұмыс істеген компания қазір елдің 25 қаласында қызмет көрсетеді. Қазір елдегі такси қызметі нарығының шамамен 90 пайызы "Яндекстің" үлесінде. Бұл туралы былтыр елдің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі айтқан. Компания дерегіне сәйкес, былтыр "Яндекс Таксиді" 8,5 миллионға жуық адам пайдаланған. Ал 2024 жылы платформа арқылы 845 мыңнан қолданушы такси мен курьер ретінде тапсырыс орындаған.

Жылқыбаева 14 қазан күнгі депутаттық сауалында азаматтардың жеке деректерінің ашық жариялануы мәселесін де қозғап, қауіпсіздік туралы айтқан.

"Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал, Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін" деді депутат.

Ол 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеруді, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру қажеттігін айтты. Бұған қоса, "осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет" деді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG