Accessibility links

ЮНЕСКО: Ауғанстанда 2,4 миллионға жуық қыз бала орта білімнен қол үзген

Қыздарға арналған бастауыш мектептерді қайта ашуды талап етіп Кабулдағы білім министрлігі алдына жиналған адамдар. Ауғанстан, 26 наурыз, 2022 жыл.
Қыздарға арналған бастауыш мектептерді қайта ашуды талап етіп Кабулдағы білім министрлігі алдына жиналған адамдар. Ауғанстан, 26 наурыз, 2022 жыл.

Ауғанстанда 2026 жылға қарай 2,4 миллионға жуық қыз бала орта білім алуға қол жеткізе алмай отыр. Мұндай деректі ЮНЕСКО ұйымы Ауғанстанда "Талибан" билікке оралғаннан кейін қыздар мен әйелдердің білім алуына шектеу қойғанына бес жыл толуына арналған баяндамасында келтірген.

2021 жылы Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы қайтадан билікке келгеннен кейін қыз балаларға бастауыш мектептен кейін оқуын жалғастыруға тыйым салған. Ал 2022 жылдан бастап әйелдер мен қыздар университетте білім алу құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, олар жұмысқа тұруға және қоғамдық өмірге араласуға талпынған кезде қатаң шектеулерге кезігеді.

ЮНЕСКО дерегі бойынша, бұл тыйымдар Ауғанстанда кейінгі жиырма жылда білім беру саласында қол жеткізілген елеулі жетістіктерді жоққа шығарды.

2001 жылы Ауғанстандағы бастауыш мектептерде қыз балалар өте аз болса, 2021 жылға қарай, яғни "Талибан" екінші рет билікке келгенге дейін, елде бір миллионға жуық қыз бала орта мектепте білім алып жүрген.

Баяндамада "Талибан" енгізген шектеулерге қарамастан, ЮНЕСКО елде балама білім беру бастамаларына қолдау танытып келе жатқаны айтылған. Ұйым сауатсыздықты жою, кәсіптік даярлық және қауымдар деңгейінде психологиялық қолдау көрсету бағдарламаларын іске асыруға тырысып жатыр.

2021 жылдан бері бұл бағдарламаларға 69 мыңнан астам адам қатысқан, олардың 73 пайызы – әйел. Алайда ұйым мұндай бастамалар толыққанды мектеп пен жоғары білімнің орнын баса алмайтынын атап өтті.

ЮНЕСКО халықаралық қауымдастықты ауған қыздары мен әйелдерінің білім алу құқығын қалпына келтіруге үнемі шақырады және қолданыстағы шектеулер жағдайында да білімге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын іздеумен келеді.

Қазіргі Ауғанстан – әлемде қыздар мен әйелдерге орта және жоғары білім алуға ресми түрде тыйым салған жалғыз мемлекет. ЮНЕСКО бұл шектеулер білім алу құқығы сияқты адамның негізгі құқықтарын бұзып қана қоймай, елдің ұзақ мерзімді дамуына да елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG